Бүгінде интернеттегі бейнематериалдардың басым бөлігі – смартфон арқылы түсірілген. TikTok-тағы қысқа роликтерден бастап YouTube влогтарына дейін, тіпті шетелдік атақты әртістердің музыкалық клиптері де енді кәсіби камерасыз, қалтадағы құрылғымен түсіріледі. Смартфон – тек байланыс құралы емес, шынайы шығармашылық студияға айналды. Алайда мұның бәрі сырттай қарағанда оңай көрінгенімен, шын мәнінде мобилография өз ережесі, техникасы мен даму тарихы бар күрделі құбылыс. Сонда бұл сала қалай пайда болды? Жастар смартфон арқылы сурет пен видео түсіруге неге құмартуда? Мобилографиядан шынымен табыс табуға бола ма? Осы орайда мобилография саласын зерттеп көрдік.
Телефонмен түсіру жаңа мәдениет пе?
Мобилография – негізінен смартфон камерасымен түсірілген бейне өнері және технологиясы. Бұл бағыт әлеуметтік желілер (Instagram, TikTok және т.б.) дәуірінде кең таралды. Біреулер үшін мобилография – өмірдің қызықты сәттерін түсіру тәсілі, басқалары үшін – мамандық. Алғашқы түрлі түсті камералы ұялы телефонды 1999 жылы Жапониядағы «Kyocera» компаниясы шығарды. Сол уақыттан бастап камерасы бар телефондар жыл сайын жаңарып, сапасы артты. Мысалы, 2010 жылы смартфон камералары кәдімгі цифрлық фотоаппараттар нарығын ығыстырып, олардың сатылымын едәуір төмендеткен. Соңғы онжылдықта смартфон камералары айтарлықтай дамып, әрбір жаңа үлгі алдыңғысынан жоғары сапалы сурет түсіруге мүмкіндік береді. «Imageretouchinglab» сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, әлем бойынша 2023 жылы смартфондар арқылы түсіретін фото жалпы көлемнің 92%-ын құрады, яғни орта есеппен әрбір адам күніне 22 рет фото мен бейне түсіреді. Бұл дерек мобилографияның көпшілік арасында қаншалықты кең қолданылып жатқанын дәлелдейді. Қазақстанда да смартфондар саны көп. «datareportal.com» сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, 2024 жылы елде 26,24 млн мобильді байланыс тіркелген (133,1%). Мобилография саласы қарқынды дамуда. Танымал мобилограф Қыран Талапбек өзінің алғашқы фото мен видеоларын мектеп кезінен iPhone 5S-пен түсірген, ал кейін мобилографияны кәсіби бағытта дамытып келгенін айтады. Бұл деректер смартфон камераларының бүгінгі күні біздің күнделікті өмірімізде негізгі құралға айналғанын көрсетеді. Қазір ол мыңдаған оқырманы бар мобилография курстарын жүргізіп, жастарды шабыттандырып жүр.
Осындай бір мысалдан-ақ смартфон – тек байланыс құралы емес, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын әмбебап құрал екенін түсінуге болады. Қарапайым қалта телефонының камерасы адамның шығармашылық әлеуетін оятып, табыс көзіне айналды. Ең бастысы ниет, ынта және үздіксіз даму. Мобилографияның көмегімен бүгінде кез келген жас өзінің талантын көрсетіп, әлемге танылып, шығармашылық жолын бастай алады. Фото немесе бейнеролик түсіруді үйрену үшін студия қажет емес – қолыңда смартфон болса, жетіп жатыр. Күнделікті өмірдің қарапайым сәттерінен керемет сюжет жасап, оны әлеуметтік желі арқылы мыңдаған адамға жеткізуге болады. Бұл – бүгінгі ұрпаққа тән еркіндік пен мүмкіндік.
Смартфон – табыс көзі
Мобилография көптеген адамға шығармашылық ғана емес, табыс табуға мүмкіндік береді. Мысал ретінде Қыран Талапбектің мобилография академиясында білім алған студенттер өз тәжірибелерімен бөліседі. Академия статистикасы бойынша кейбір студенттер айына 800000-1200000 теңге көлемінде табыс табатынын көрсеткен. Мысалы, бір студент айына 1200000 теңгеге дейін табыс тапса, басқасы 800000 теңге тапқан.
Тіпті смартфонға түсірілген фото арқылы да табыс табуға болады. «Mobile Photography Awards» (MPA) байқауы 2011 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді және смартфонға түсірілген фотоларға қомақты жүлде берген. Яғни, өнер ретінде смартфонмен түсірілген фотолар танылып, оларға қаржылай баға беріле бастады. Бұдан бөлек, нарықтық зерттеулерге сүйенсек, мобилографиямен айналысатын бизнес жылына орташа $1,16 млн көлемінде табыс әкелетін кәсіп. Бұл көлем жалпы фото бизнес нарығының $10,9 млрд екенін ескерсек, мобилографияның іскерлік тұрғыдан үлкен мүмкіндіктерге ие екеніне дәлел. Сонымен қатар АҚШ-та түсіріліммен айналысатындардың орташа жылдық жалақысы шамамен $34 мың долларды құрайды. Жоғары сұранысты ескерсек, мобилография мен фотодан жақсы табыс табуға жол ашық. Мобилография арқылы кәсібін бастағандар үшін табыс табудың бірнеше арналары бар: әлеуметтік желілердегі фотоблогтар, коммерциялық тапсырыстар, фотобайқаулар мен конкурстар. Қазақстандық және шетелдік тәжірибелер мобилографияны табыс көзі ретінде толық жүзеге асыруға болатынын көрсетіп отыр.
Смартфон камерасының барлық мүмкіндігін пайдаланып, өз креативтіліктерін одан әрі дамыту әр адамның өз қолында. Мобилография – бүгінгі күннің шынайы бейне өнері. Ол технологияның және жастар шығармашылығының тоғысында пайда болып, қоғамдық өмірге елеулі ықпал етіп келеді. Смартфон камерасымен түсірілген бейне бүгін мәдениеттің, коммуникацияның және бизнестің ажырамас бөлігіне айналды. Суретке түсіру арқылы ой айту, видео арқылы әсер ету бұрын тек үлкен студиялар мен кәсіпқой мамандардың қолынан келетін іс болса, бүгінде бұл мүмкіндіктің бәрі кез келген адамның алақанында десек артық айтқандық емес. Ал сіз қалтаңыздағы смартфонды тек байланыс үшін ғана қолданасыз ба, әлде өміріңізді өзгертетін құралға айналдырғыңыз келе ме? Таңдау –еркіңізде.
С.Темірболат
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!