Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 14:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

«Аңсаған сәби» ана бақытына бөледі

12.03.2024

636 0

Сәби сүю бақыты – анаға Тәңірден берілген сыйдың ең кереметі. Ана бақытын сезіну жүректі нұрға бөлеп, айнала мейірімге толады. Кейіпкеріміз Ақару Әбдумәлікқызы бес жыл дегенде ана бақытына бөленді. Оған дейін ол денсаулығымен күресті, алдына «қалай болғанда да ана атанамын» деген мақсат қойды. Бірақ жігерлі жан мақсатына жетті. Бүгінде Нұрпейіс пен Ақарудың Аңсар есімді ұлы бар. Содан бері ұлына қараған қос жұптың әр таңы шүкіршілікпен атып, әр кеші Аллаға алғыс айтумен өтуде. Көптен күткен сәбиі дүниеге келген кезде кейіпкерім менімен өз қуанышын бөлісе отырып, «тәте, қазір көптеген отбасылар сәби сүйе алмай қиналып жүр. Мен олардың жанын жақсы түсінемін. Себебі басымнан өтті. Бірақ қазір Алланың қалауымен ұлды болдым. Үмітімді үзбедім. Отбасындағы баға жетпес осы бақытқа қалай қол жеткізгенімді газет арқылы айтқым келеді» деген еді. Біз қарсы болмадық. Өйткені Ақарудың арманын аңсап жүрген нәзік жандар қаншама?!

«Сиқыршы дәрігер» деген кім?

Жақында Ақарудың өзі қайта хабарласты. Оған себеп – қалаға кейіпкеріміздің дәрігері Алмаз Ибрагимов келген екен. Сол сәтті пайдаланып, бір топ қызылордалық аналар дәрігермен кездесіп, алғыстарын жеткізді. Осы қуаныштың куәсі ретінде Ақару бізді де шақырды.

Дәрігермен кездесу «Экомед» орталығының біздің аймақтағы филиалында өтті. Сенесіз бе? Астанадан арнайы келген Алмаз Құрманәліұлын күткен нәзік жандар өте көп болды. «Экомед Астана» орталығының медициналық директоры, репродуктологы, Алмаз Құрманәліұлы осы салада қызмет атқарып келе жатқанына жиырма жылға жуықтап қалған. Емделушілері оны «сиқыршы дәрігер» атап кеткен. Содан да болар, сиқыршы маманға сырқатының сырын айтуға келгендер қарасы көбейіп, бәрі дәрігер кеңесін алғысы келді. Бір жағы кеңес алу тегін жүрді.

Кезекке тұрғандардың жанарында бір үміт оты барын сездік. Бірі «дәрігер не айтар екен?» деп алаңдаса, енді бірі «мендегі үміт отын өшірмесе екен» деген арман тұрды. Сол сәтте ішке «Ибрагимовтің балалары» атанып кеткен сүп-сүйкімді ұлқыздарын, бір қолында гүл мен тәттілерін ұстаған аналар кіріп келді. Қолы алтын, жүрегі жұмсақ, жүзі нұрға толы дәрігерге қаралып, барлық емін бастан-аяқ алып, соңын сәби бақытына жеткізген маман болғандықтан, еліміз бойынша Ибрагимовтің балалары көп.

Аналар ішке кіргендегі кезді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді… Кішкентай бүлдіршіндер тәй-тәйлап келгенде кезекте түрғандар «бізге де жұғысты болсыншы» деген тілегін айтып, тіпті арасында балақайлардың басынан сипап жатқандары да кездесті. Ал аналары мәз. Олар еш қарсы болмады. Өйткені үмітпен күткендердің жанын жақсы түсінеді. Балақайлар болса жатырқап, жылап, ешкімге жолар емес. Бұл да бір қызықты сәт болды.

Содан мықты маман иесі отырған кабинетке кірдік. Дәрігер бізді жайдары жүзімен қарсы алып, ақ батасын да берді. Ал емделушілерінің денсаулығын сұрап, ашық-жарқын әңгімесін айтты. Қарбаластың арасында тілші ретінде бізден де тілдесуге уақыт тапты.

Елімізде әрбір алтыншы жұп сәби сүюді армандайды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша қазір 15 мың ерлі-зайыпты бедеулік диагнозымен есепте тұр. «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылғалы бері 20 мың әйел жасанды ұрықтандыру қызметін алған. Бұл МӘМС аясында қаржыландырылады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында ЭКҰ-ға кімдер қатыса алады және оған жолдаманы қалай алады, қайда өтуге болады деген сынды сұрақтарға жауап берді.

Байқошқарованың бағасы

 «Экомед» клиникасының басшысы, биология ғылымдарының кандидаты Салтанат Байқошқарова да жоғары бағасын берген еді.

– Астанадағы филиалда жұмыс істеу үшін мамандарды таңдай жүріп, жастарды тестілеуден өткіздім. Соның ішінен болашағы бар дәрігерді, «Болашақ» түлегін таңдадым. Сонау шалғай ауылдан қанат қаққан қазақ баласы өзінің білімімен және ұмтылысымен осы бағдарлама бойынша Мәскеудің Сеченов атындағы академиясын бітіріп, сонда біршама жұмыс істеп, бізде қызмет етуге бел буды. Онымен біздің жұмыстың ерекшеліктері – андрология, репродуктология жайлы сөйлескенімде, оның терең біліміне және көбірек білсем деген құштарлығына таңғалдым. Оның қашан да кітапты қолынан тастамай жүргенін көрдім. Сондықтан да ол жігітті бізде жұмыс істеуге лайық деп таптым. Оған өкінген жоқпын. Ол өте сауатты және сергек дәрігер болып шықты, емделушілеріміз де риза. Ол – Алмаз Ибрагимов!» – деп баға берген екен бір әңгімесінде.

Міне, содан бері «Экомедтің» елордадағы филиалын Алмаз Құрманәліұлы басқарып келеді. Өкініштісі сол, осындай емдеу мекемелерінің көмегіне жүгінушілер қатары жыл санап өсіп барады. Бұл дегеніңіз, «бір тұяққа зар боп» жүрген жандардың көптігін білдірсе керек. Бәлкім, ел дамыған сайын ауру түрлері де көбейе түсе ме?! Бұл орайда бедеулік дерті де көштен қалысар емес. Соған қа¬рағанда, өркениетпен бірге жаңарып, жасарып отыратын сырқат деп ойлап қаламыз. Себептеріне тоқталсақ, бұл сырқат көбінесе жыныстық жолмен берілетін жұқпалы аурулар мен гормоналдық бұзылыстардан, кей жағдайда жүре пайда болатын бедеулік те кездесіп жатады. Мәселен, әйелдердің жатыр түтікшесінің бітелуі, ал ер адамдардың ұрық шығару жолдарының жабылып қалуы және басқа да себептер бар.

Бірталай жылдық тарихы бар экстракорпоральді ұрықтандыру – өздігінен бала көтеруге денсаулығы жарамайтын, бірақ сәби сүйгісі келетін жанның үлкен үміті. Десек те ол – өте күрделі процесс. Бағасы қымбат екені өз алдына, қиындықтары да баршылық.

Бақытқа бастар бағдарлама

Мемлекет басшысының қолдауымен 2021 жылы «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске асыру нәтижесінде мыңдаған әйел ана атанып, бірталай бала дүниеге келді. Қазақстанда соңғы екі жылда экстракорпоралды ұрықтану арқылы 10 мыңнан астам сәби өмір есігін ашты.

 – Биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында елімізде ЭКҰ жасатуға 7 мың квота берілді. Осы 7 мыңнан орташа есеппен үш мыңнан астам бала дүниеге келеді деп болжап отырмыз. Мәселен, 2021 жылы 3100 бала дүниеге келсе, бұл көрсеткіш одан кейінгі жылы 3400 балаға жетті. Ал былтырғы көрсеткіш әлі белгісіз.

Әрине, бұл бағдарлама біздің салаға үлкен серпіліс берді. Өйткені бұған дейін жұрт квотаны күтіп отыратын. Ол квотаның саны да шектеулі болды. Жыл артқан сайын ол көбейіп, ең көп дегені мыңға жеткені. Ал сәби сүйе алмай жүргендер арасында мұқтаждық деген жоғары. Қаншама адам келіп, кезек алып жүр. Негізі Сыр еліне келгендегі мақсатымыз – осы бағдарлама бойынша үмітті болып жүрген жандарға тегін кеңес беру. Бағдарлама талабына сай адамдарға мән жайын түсіндіру. Білесіз бе? Біз неге әр облыстарды аралап, тегін қабылдау өткізіп келеміз? Кез келген жағдайда адамға бірінші қадам жасау өте қиын. Көбі ойланып, айналасымен ақылдасып, уақытты өткізіп, денсаулығын нашарлатып алады. Бірден тәуекелге барып, шешім қабылдауы қиын болады. Сол себептен біз әр өңірді аралап, жүзбе-жүз кездесуді өзіміз бастадық. Қай облысты алып қарасақ та келушілердің де, кезекке тұрушылардың да санында шек жоқ.

Жалпы бұл бағдарламаның берері мол. Жасыратыны жоқ, кейбірінің емделуге жағдайы келе бермейді. Ал уақыт өте береді. Соңында тек өкініш қалады. «Аңсаған сәби» бағдарламасы барысында тегін квотаға қол жеткізе алады. Осының арқасында қаншама отбасы сақталып қалады деп айтар едім. Өйткені сәби болмаса отбасының берекесі қашады, соңы ажырасуға апарады.

Сонымен қатар бағдарлама әрімен қарай да жалғаса бермек. Айта кетейік, осыдан бір-жыл бұрын эко арқылы сәбилі болғандардың арасында қосымша эмбриондарын сақтап қойғандары да баршылық. Олар араға бірнеше жыл салып келсе де, сақталған эмбрионды пайдалана алады. Демек, тағы да ата-ана болуға мүмкіндік бар деген сөз, – деп әңгімесін үзуге тура келді. Өйткені әңгіме арасында құттықтап келушілер де көптеп келді. Ата-анасымен бірге ере келген балақайларды құшақтаған дәрігер «міне, біздің еңбектің – жеңісі, атаанасының – жемісі» деп сұхбатымызды әрмен қарай жалғай түстік.

– Әйелдің бәрі бірден жүкті бола салмайды. Табиғи жолмен екіқабат болғанның өзінде баланың өмірге келуі оңай емес. Ал жасанды жолмен тіпті қиын. Мұны көпшілік түсіне бермейді. Әр әйелдің организмі әртүрлі. Бірі жасалған ем-шаралардан кейін ұрықты салғанда жүкті болып жатса, екінші бірінде ұрық жатырға бекімеуі мүмкін.

Еуропа елдерінде 2018 жылдың қорытындысын енді шығарып жатыр, ал біз тек статистика, көрсеткіш қууды білеміз. ЭКҰ-дан кейін 100 пайыз балалы боласың деген кепілдікті ешкім бере алмайды. Табиғат бермегенге біз қалай 100 пайыз кепілдік береміз? Дегенмен қазір бұрынғыдай емес, технология өзгерді, ұрықтандырудың әдіс-тәсілі де басқаша, – деді дәрігер.

Орталыққа келетін сырқаттардың дені 35-40 жастағы ерлі-зайыптылар екенін, олардың бірқатары халықтық немесе дәстүрлі емес медицинаға сабылып жүріп, түбінде осында тоқтайтындықтарын, көбінде аналық жатыр түтігінің зақымдануы немесе бітеліп қалуы, эндометриоз, овуляция болмауы, түбінде жасына қарай бедеулік, сондай-ақ тұқым қуалау жолымен берілген генетикалық сырқаттар болып шығатынын қынжыла айтып берді. Кейбірінің ойынша, «Экомедті» ең соңғы мүмкіндік деп санайтындар аз емес. Бұл – өте қате пікір. Керісінше, бұл – нәтиежелі әрі сенімді тәсіл.

– Озық тәсіл болғандықтан өте қымбат. Біздің медициналық құрал-сайман, керек-жарақтарымыздың дені шетелден сатылып алынады. Дәрі-дәрмектеріміз де сондай бағада. Ал оған екінің бірінің келуге әлеуметтік жағдайы көтере бермейді. Атап айтсақ, орталықтарды Қазақстанның барлық аймақтарынан ашуды көздеп отырмыз. Осылайша, барлық облыстарды біртіндеп қамтысақ, көмекке мұқтаж жандарға ақыл-кеңес беріп, бала туу көрсеткішін арттырған болар едік. Қысқасы, алда атқарар жоспарлар көп, – деді репродуктолог дәрігер.

Квотаны кімдерге береді, қалай алады?

 Жыл сайын мемлекеттен арнайы квота бөлінуде. Квота иеленгісі келетін әйелдер жергілікті денсаулық сақтау басқармасына тіркеледі. Бұдан соң арнайы комиссия мүшелері шешім шығарады. Себебі ана атану қабілеті төмен нәзік жандар үшін мемлекет қаржысы босқа жұмсалмауы тиіс. Негізінен жасы егде тартқандар мен аталық, аналық ұрығы жоқ адамдарға квота берілмейді. Қазақстанда бұл сала жақсы дамып келеді. Алайда эмбриолог, репродуктолог мамандары тапшы.

Жасанды ұрықтандыруды бірінші болып қолға алғаннан кейін бастапқыда біраз қиындықтарды бастан өткергендері рас. Сондықтан да аталған орталық Америка, Германия, Жапония, Израиль сияқты елдерден арнайы мамандар шақырып, тәжірибе алмасып отырады. Өздері де жылына бірнеше мәрте біліктілігін жетілдіріп келуді үрдіске айналдырған.

– Жалпы біз жасанды ұрықтандыру мәселесіне қатысты әлемдік тәжірибенің барлығын үйрендік және оны жүзеге асырудамыз. Бізге өз отандастарымызбен қатар, Ресей, Германия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты басқа да мемлекеттерден емделушілер көптеп келіп жатады. Неге десеңіз, ол жақта емдеу ақысы қымбат тұрады. Қазіргі таңда мамандарымыз ұрық сақтаудың түрлі жолдарын меңгеріп, үлкен жетістіктерге қол жеткізуде. Негізгі мақсатымыз – денеден тыс ұрықтандыру әдісін баршаға қолжетімді ету. Мұндай ем-шара көп жағдайда дәрі-дәрмектің көмегімен жасалады. Біз келешекте дәрілік заттарды азайтып, жасанды ұрықтандыруды табиғи жолмен жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз, – деді Алмаз Ибрагимов.

Сонымен, МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан жылына бір рет тегін өтуге болады. Ем сәтсіз аяқталған жағдайда қайтадан кезекке тұра алады. Қандай жағдайда квота берілмеуі мүмкін деген сұраққа келсек, дәрігерлер әйелді медициналық тексеруден өткізгеннен кейін бірнеше мәселені ескереді. Олар жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез келген локализация онкологиясы сынды жағдайларда пациентке экстракорпоральды ұрықтандыру жүргізілмейді.

«Құтыдағы баланың» болашағы

Жасыратыны жоқ, қоғам басында эко-ның не екенін түсінбеді. Тіпті арасында «эко жолымен дүниеге келген баланың ертеңгі күні ұрығы болмайды екен» деген пікірлер естіп жүрміз. Біз де әңгіме арасында дәрігерге осы сұрақты қойдық.

– Осы сұрақты мен де естідім. Бірақ олай емес. Енді қараңыз, табиғи жолмен бала көтеруге қауқарсыз жандарға көмектесу үшін ғалымдар өткен ғасырдың қырқыншы жылдарынан бастап жатырдан тыс, яғни жасанды жолмен ұрықтандыру әдісін сынап көре бастады. Алғашқы сынақтар кеміргіштерге жүргізілді. Ғалымдар аналық жасушаның ұрықтану уақытын, оның жатырға дейінгі өмір сүру ұзақтығын, сақтау әдісін ұзақ зерттеді.

Одан кейін Кембридж университетінің зерттеушісі, белгілі дәрігер-гинеколог Роберт Эдвардс адам ұрығын зертханалық жағдайда өсіру мәселесін қолға алды. Аналық және аталық жасушаны жатырдан тыс ұрықтандырып, пайда болған эмбрионды жатырға салу әдістерін игеру үшін ғалымдарға 10 жылдай еңбек етуге тура келді. Әрине, басында қоғам бұл әдісті қабылдай қоймады. Діни көзқарас тұрғысынан да талай сынға іліккеніне қарамастан зерттеушілер 1975 жылы денеден тыс ұрықтандыру әдісін адамға қолданып көрді. Алайда алғашқы талпыныс сәтсіз аяқталды.

Араға екі жыл салып, Роберт Эдвардс пен эмбриолог Патрик Степто тағы бір тәуекелге барды. Осылайша, 1978 жылдың жазында әлемдегі ең алғашқы «құтыдағы сәби» Луиза Браун дүниеге келіп, тоғыз жыл бойы бала сүйе алмаған британдық Джон мен Лесли Браундардың отбасына үлкен қуаныш сыйлады. Браундар бір баламен шектелген жоқ, төрт жылдан кейін тағы да ЭКҰ әдісіне жүгініп, екінші сәби – Наталиді дүниеге әкелді. Профессор Эдвардс болса, адамзатқа пайдалы істің негізін қалағаны үшін «Нобель» сыйлығымен марапатталды. Бұл мысалдарды айтқан себебім, бүгінде осылардың ұрпақтары жалғасуда. Сондықтан алаңдаудың қажеті жоқ. Тек ескере кететін жайт, егер ата-анасында тұқымқуалаушылық дерт болса, ол кезде балаға әсер етуі мүмкін. Бір жағынан мемлекетке де бұл бағдарлама тиімді болмаса, қаншама қаражат жұмсалмас еді, – деп жауап берді Алмаз дәрігер.

Ақарудың айтары бар

Кейіпкеріміз Ақару алдымен ем барысында ұлы дүниеге келгенше бақылауда ұстаған дәрігері Алмаз Ибрагимовке алғысы шексіз екендігін жеткізді.

– Бес жыл ішінде талай дәрігердің есігін қағып, бармаған жерім қалмады. Бірінші жолы болмады. Сол кезде қатты қиналдым. Сағым сынды, үмітімді үзгендей болдым. Бірақ өмір жалғаса берді.

Сондай сәтте ата-анамыз, жолдасым үлкен қолдау көрсетті. Есімді жинап, қайта бел будым. Сол жылдары «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша квота алу мүмкіндігі туды. Осы жолы бағдарламаны пайдаланып, шешім қабылдадық. Ішімнен «соңына дейін барамын, нәтиже шығарамын» деген сенім тұрды. Өзімді әбден дайындадым. Осы сеніммен алға қадам бастым.

Квотаны алу оңай емес. Қаншама анализ тапсыру, бірталай жерге тексерілу секілді бірнеше кезеңнен өтесің. Соларға барып жүріп, өзімнің де медициналық сауатым ашыла бастады. Арнайы оқымасам да тәжірибе жинайды екенсің. Квота алу кезінде облыстық денсаулық сақтау басқармасындағы гинекология бөліміндегі Мира Айтжанқызын ерекше атап өткім келеді. Өйткені квота алу барысында өзінің шапшаңдығымен, жауаптылығымен бәрін реттеп берді, маған жол сілтеді, бағыт берді. Себебі кез келген істі бастарда неден бастау керегін ешкім жетік білмейді, – деді Ақару алғысын білдіріп.

 Әйел сынып кетпеуі керек

Бұл – кейіпкеріміздің сөзі. Мақала басында айтып өткендей, біраз сынақтан өткен Ақарудың өзі де сынды, сүрінді, жылады, жаны жай таппады. Бірақ соңында одан мықты адам, бақытты әйел, сұлу ана шықты.

– Экоға барар кезде барлық әйел өзін жан-жақты дайындауы керек. Әсіресе психологиялық жағынан мықты дайындалу қажет. Себебі кейде сәтсіз аяқталып жатады. Сол сәтте сағы сынып кетуі мүмкін. Кейде адам өзін таппай қалуы да ықтимал. Ол – өте ауыр сезім. Оны ешкімнің басына бермесін.

Адам алдына нақты мақсат қоюы қажет. Содан кейін денсаулық, дұрыс тамақтану, дәрумендерді уақытылы пайдалану. Міне, осыған мән беру керек. Жалпы кез келген әйел өз денсаулығына ден қоюы тиіс. Өйткені тексерілу кезінде соның бәрі шығады. Әйелдің денсаулығы мықты болса, одан туған бала да сау болады. Біз осыны ойлауымыз қажет.

Сосын нәзік жандардың аты айтып тұрғандай, жандары да гүл секілді. Әр сөзді көңілге алғыш, сезімтал келеді. Ана бола алмай жүрген әйелдерге қатысты әңгімелер айтылады. Айтыла берсін, оған мән берудің, көңілге алудың қажеті жоқ. Білемін, оңай емес. Бірақ айтқан сөзден бұрын адам өзін ойлауы керек. Менің басымнан осының бәрі өтті. Сондықтан түсінемін, сезінемін. Сол себептен де айтарым, әрбір әйел заты сынбауы керек, – деді кейіпкеріміз.

Отағасының денсаулығы маңызды

Негізі көп жағдайда ортада бала болмаса, әйелден көріп жататыны жасырын емес. Алайда сәбидің дүниеге келуіне ананың ғана емес, әкенің де денсаулығы маңызды.

– Ер азаматтың да денсаулығы мықты болуы керек. Кейбірі «еш жерім ауырмайды, бәрі жақсы» деп дәрігерге қаралмайды. Бірақ қанша жерден денсаулық дұрыс болғанымен медициналық тексерілуден өтуі шарт. Өйткені эко жасатар алдында ер адамның ұрығы алынады. Ал ұрық мықты болуы үшін денсаулық жақсы болуы керек. Оларды уролог тексереді. Сондықтан бала ортақ болған соң ерлер қауымы да қысылмай, денсаулығына салғырт қарамай, бірге емделіп, бірге балалы болудың жолын іздесе, бірге мақсат қойса, бәрі орындалады, – деді Ақару.

Қуаныштың көз жасы

Әңгіме барасында кейіпкеріміз арасында көзіне жас алды. Ол – қуаныштың көз жасы. Аналық бақытты сезінген сәттегі жас еді…

– Біріншісі сәтсіз аяқталып, екіншісіне зор үмітпен кірісіп, соңы бала бақытына қол жеткізген сәттегі кез өте керемет.

 Сенесіз бе, жүкті кезімде узи аппаратына түскенде баланың жүрегін алғаш тыңдаған сәт әлі есімде. Сол кезде мен ағылтегіл жылағанмын. Екінші қымбат сәт, эко жасатып, босанар кезде баланы ота жасау арқылы алды. Іштен шыққан сәбиді кеудеме қойғандағы, оның маңдайынан иіскегендегі тәтті сәттер көз алдымда. Ол кезде де бір жылап алдым. Әрине, ол – бақыттың дәмін татқан кездегі қуаныштан жылағаным еді.

Тағы бір ерекшелік, перзентханада жатқанда өз балаңды мың баланың ішінен бірден тауып, іңгәлаған даусынан да таниды екенсің. Ана құдіреті деген осы. Құрсағымнан шыққан баланы алғаш емізген кезді де ұмыту мүмкін емес. Ол да ана үшін керемет сезім. Сосын түс секілді болып кетер деп ұйықтамауға тырыстым. Содан жанымда жатқан сәбиіме қарап, «шынымен, ана болдым ба?» деп біресе күліп, біресе жылап, таңды атыратынмын. Осы кезде сол қылығыма күлкім келеді, – деген кейіпкеріміз әңгіме арасында күліп алды.

Дәрігерлеріме алғысым шексіз

 – Қазір квота жақсы беріліп жатыр. Сол үшін де осындай мүмкіндік берілгеніне мен өте қатты қуаныштымын. Өйткені көптеген әйел адамның тілегі орындалады, аналық бақытты сезінеді.

Ем алу кезінде өзім Салтанат Байқошқароваға да жолыққан болатынмын. Ол кісіге де айтар алғысым шексіз. Оған қоса өзімнің дәрігерім Назгүл Сапарбекқызына рахмет айтамын. Жалпы Қызылорда, Ақтөбе, Астана қалаларында емделдім. Маған үлес қосқан әрбір ақ халатты жанның еңбегі зор. Негізі әрбір дәрігер адамға мотивацияны жоғары деңгейде беруі керек. Өйткені емделіп жүрген жанға жағымды сөз жақсы әсер етеді.

Сонымен қатар дәрігер Алмаз Құрманәліұлының да еңбегін ерекше бағалаймын. Ол әрбір емделушіні өзінің бақылауында ұстайды. Мұның өзі оның жауапкершілігі зор екендігін айқындайды. Өте білікті маман деп айтар едім. Жалпы Астанадағы мамандардың біліктілігі ұнады.

Соңғы кезде эко арқылы бақытқа жетіп жатқан отбасылар қатары артып келеді. Сондықтан қоғам бұл жолды дұрыс қабылдауы қажет. Ерлі-зайыптылар уақытты өткізіп алмай, дер кезінде тәуекелге баруы керек. Егер уақыт өтіп кетсе, кеш қалады. Сол себептен нақты шешім қабылдап, тексерілген кезде эко жолымен сәбилі болуға мүмкіндік болса, бағдарлама арқылы бала бақытына қол жеткізсе деген тілегім бар.

Сөз соңында айтарым, әрбір қазақ әйелінің көзіндегі жас өкініштен емес, сәби бақытын сезінгеннен болса екен, – деп аяқтады әңгімесін Ақару. Сөйтіп көзіндегі жасты бір сүртіп, құшағындағы ұлы Аңсарды иіскеп, бауырына қатты қысты. Ал біз де «енді Аңсардың артынан ерер бауыры жалғассын» деген тілегімізді арнадық.

Тілші түйіні

«Перзент сүймей адамның мейірі қанбас» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, бұл әлемде баланың тәтті қылығына ештеңе тең келмесі анық.

Бір балаға зар болған жарасымды жұптардың екі жаққа айырылысып кетпей, перзентті болуын сұрайсың. Көп тілегі көл. Лайым, әр шаңырақта сәби үні естіліп, мәресәре қуанышқа кенеліп, орта толып жатса екен, шіркін… Қасиетті Рамазан айы басталды. Олай болса, «сәбилі болайық» деген жандардың тілегі қабыл болсын!

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: