Әлем назары Газа секторы мен Украинада. Алайда сол маңдағы халықтан кем емес азап кешіп жатқан Судан елі ұмытылып бара жатқандай. Жуырда БҰҰ ондағы зардап көлемін әлемдегі ең қасіретті көрсеткіш екенін мойындаған болатын. Тіпті босқын мен қаза тапқандар саны көш бастап тұрғанын да жасырмады. Міне, осы орайда BBC арнасының тілшісі Джеймс Копнелл Судандағы азаматтық соғыс туралы зерттеу жариялап, елдің ертеңі туралы болжам жасапты. Жан-жақты қамтылған материалға шолу жасап көрейік.
Тілшінің аталған мемлекеттегі жағдайға назар аударуына АҚШ тарапының мәлімдемесі түрткі болған. Бірнеше апта бұрын АҚШ-тың Африкадағы өкілі Том Перриелло Судандағы қатығыс масштабы ұлғаятынын мәлімдеген. Айтуынша, Судан қарулы күштері мен жедел әрекет ету жасағы (RSF) арасындағы тартыс көлемі артқан. Бұл саяси көрсеткішке кері әсер етіп, елге гуманитарлық көмектің жетуін тежеуде.
«Бұған дейін сарапшылар әлем елдерінің Судандағы қақтығысты елемей келгенін айтқан. Алайда Перриеллоның мәлімдемесі Батыс елдеріне берілген белгі болатын. Оларға азаматтық соғыс жалғасатын болса, ақыры ұзақ жылдық геосаяси шиеленіс болуы мүмкін екенін меңзеді. Ақпанда Джо Байден Судандағы қақтығысты шешу туралы тапсырма бергелі лауазымды тұлғалар әрекетке көшкенін білеміз. Тіпті Африкадағы өкіл Сауд Арабиясымен келіссөз жүргізуге талпынуда», – деді тілші.
Бейбіт келісім туралы әңгіме көбейген сайын Судандағы қос тарап тартысты үдете түскен. Мысалы, жедел әрекет ету жасағы (RSF) Эль-Фашер қаласын қоршауға алды. Мұндағы халық саны – 3 млн. Сарапшылар RSF шаһарды басып алса, қалада қырғын ұйымдастырып, адамдарды азаптауы мүмкін деп алаңдауда. Оның үстіне, елдегі экстремизм ықпалы көрші Ливияға әсер етіп, Африка тыныштығын бұза ма деген қауіп бар.
Айта кетейік, БҰҰ дерегінше, қазірдің өзінде бақылаусыз аймақта қару-жарақ, есірткі, адам саудасы өршіп тұр. Бұған дейін АҚШ-тың Африкадағы саясатын зерттеу интитутының сарапшысы Кэмерон Хадсон Судан құласа, бар Африка құрдымға кететінін мәлімдеген еді.
«1990 жылдары Суданның диктаторы Омар әл-Башир болды. Оның билік ету кезінде Усама бен Ладен Суданда «Әл-Қайда» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым – ред.) ұйымын жетілдірді. Диктатордың кезінде көптеген террористік ұйым елге келіп, Омар әл-Баширдің билігін ұзартуға ықпал етті. Мамандар Судан лаңкестердің қолына өтсе, террористердің жаңа лагеріне айналады деген пікірде. RSF көзі ертерек жойылмаса өзге исламистік топтар көмек беруін тоқтатпайды.
2017 жылы жаппай көтеріліс нәтижесінде әл-Башир биліктен кетті. Сәл де болса ел демократияға аяқ басқан болатын. Бірақ 2021 жылы генерал Абдул Фаттах әл-Бархан и RSF басшысы Мұхаммед Хамдан Дағло бірлесіп, уақытша үкіметті басып алды. Кейін екі тарап билікке таласып, арасы ушыға түскен. 2023 жылдың сәуірінде екі тарап бір-біріне соғыс ашып, дүрбелең тудырды», – деді Джеймс Копнелл.
Айта кетейік, биыл маусым айының басында Әл-Жазира аумағындағы «Вад әл-Нура» ауылындағы шабуыл салдарынан кемінде 100 адам қаза тауып, ауылда жаппай қырғын орын алды. Жедел әрекет ету жасағы ауыл халқына қарсы ауыр артиллериялық шабуыл жасап, жүз адамды өлтірген. БҰҰ деректеріне сәйкес, осы уақытқа дейін қақтығыстар салдарынан 15 мыңға жуық адам қаза тауып, 8 миллионнан астам адам босқынға айналды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!