Сейсенбі, 07 сәуiр, 01:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№25 (2237)
07.04.2026
PDF мұрағаты

Тарифтер білдіртпей өседі

07.04.2026

29 0

Қазақстанда коммуналдық тарифтер тақырыбы тағы да қоғам назарында. 2025 жылдың қазан айынан бастап енгізілген тариф өсіміне мораторий 2026 жылдың 1 сәуірінде аяқталды. Бұл жағдай халық арасында «баға күрт өседі» деген алаңдаушылық туғызды.

Ұлттық экономика министрлігі сәуір айынан бастап коммуналдық тарифтердің айтарлықтай өспейтінін  мәлімдеді. Ведомство өкілі Нұрлан Болатбаевтың айтуынша, сарапшылар ұсынған 15 пайыздық өсімге қарамастан, нақты тарифтер іс жүзінде тұрақты деңгейде сақталады.

Бұл ұстанымның бірнеше себебі бар. Біріншіден, коммуналдық инфрақұрылымды қаржыландыру алдын ала жоспарланған. Қажетті қаражат кезең-кезеңімен бөлініп, бірқатар жобалар өткен жылы аяқталған. Екіншіден, қазіргі уақытта тарифтер нақты қаржылық қажеттілік пен орындалған жұмыс көлеміне қарай қайта қаралуда. Сондықтан сәуірден бастап бірден қымбаттамайды. Мораторийдің аяқталуы – тарифтердің автоматты түрде өсуі емес, тек коммуналдық қызмет көрсетуші ұйым­дарға тарифті көтеру туралы өтінім беруге құқық береді. Яғни, баға өзгеруі үшін бірнеше кезеңнен тұратын рәсімдер жүргізіледі. Алдымен кәсіпорындар Табиғи монополияларды реттеу комитетіне өтінім жолдайды. Одан кейін өтінім 40 күннен 90 күнге дейін қаралады. Тариф өсімі ең алдымен инфрақұрылымы тозған Солтүстік, Шығыс және Батыс Қазақстан өңірлері, сондай-ақ коммуналдық жүйелерінде мәселе бар Ақмола облысында байқалады.

Коммуналдық тарифтердің өзгеруі әлеуметтік қолдау шараларымен қатар жүреді. Мемлекет табысы төмен және осал топтағы азаматтарға тұрғын үй көмегі арқылы қолдау көрсетеді. Егер коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығын отбасы кірісінің 5-10 пайызына жетсе немесе одан асып кетсе, артық бөлігі бюджет қаражаты есебінен өтеледі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұндай көмек 10 мыңнан астам отбасыға берілген. Бұл механизм әсіресе табысы төмен және әлеуметтік осал топтар үшін маңызды.

Коммуналдық саладағы басты проблема – инфра­құрылымның тозуы. Дерек бойынша, бұл көрсеткіш жыл сайын 3-4 пайызға артып келеді. Жағдайды тұрақтандыру үшін ауқымды инвестиция қажет. Ал биыл инфрақұрылымды жаңғырту үшін 1 трлн теңгеден астам қаражат қажет. Қазіргі уақытта елде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында биыл 7,6 мың шақырым инженерлік желіні жөндеу жоспарланған.

Ұлттық банк тарифтердің күрт өсуіне қарсы. Себебі бұл инфляцияға қысым жасап, жалпы экономикалық тұрақтылыққа кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан билік тарифтерді біртіндеп, бақылау арқылы арттыру саясатын ұстанып отыр. Экономист Айбар Олжай тарифтік саясат кезең-кезеңімен және мемлекет тарапынан қатаң бақы­лаумен жүзеге асырылатынын,  ешқандай күрт өсім болмай, барлық өзгерістер халық пен экономика үшін тұрақтылықты сақтау мақсатында мұқият жоспар­ланатынын айтты.

– Кейбір тарифтер өседі. Бірақ өте жұмсақ өседі. Білінбей кететіндей қылып кесте жасалады. Өсірмеске болмай тұр. Себебі тозығы жеткен коммуналды инфрақұрылымды жаңалауға инвестиция қажет. Ол баяғыдан бері айтылып келе жатқан дүние. Оған қоса, биыл электр энергиясының тарифі өткен жылдың деңгейінде сақталады. Ешкім тарифті мемлекет рұқсатынсыз өз бетінше көтере алмайды. Тарифтердің әрбір өзгерісі қатаң тексерістен өтеді. Мемлекет негізсіз немесе формалды шешімдерге жол бермейді. Қымбаттайтын әр тиын талқылау мен сүзгіден және арнайы зерттеуден өтпек, – деді Айбар Олжай.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: