Топ-баннер2

Сенбі, 07 наурыз, 05:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№18 (2230)
07.03.2026
PDF мұрағаты

Теңдік мұраты және қоғамдық пайым

07.03.2026

50 0

Сурет: Ашық дереккөзден

Көктемнің алғашқы лебімен бірге келетін 8 наурыз мерекесі бүгінде нәзіктік пен сұлулықтың символына айналғанымен, оның тамыры тереңде, тарихтың алмағайып кезеңдерінде жатыр. Бұл күн өз құқығын қорғаған әйелдер қауымының қажырлы күресі мен жеңісінің шежіресі.

Бәрі де өткен ғасырдың басында Еуропа мен АҚШ-тағы жұмысшы әйелдердің теңдік іздеген бейбіт шерулерінен басталды. Осы тарихи қозғалыстың басында тұрған Клара Цеткин 1910 жылы Копенгагенде өткен халықаралық конференцияда бұл күнді әйелдердің ынтымақтастық мерекесі ретінде бекітуді ұсынды. Осылайша, 1911 жылдан бастап кәрі құрлықтың бірқатар елдерінде мерекенің алғашқы парақтары ашыл­ды. Кеңестік кезеңде, нақтырақ айтсақ 1921 жылы, бұл күн ресми сипат алып, «еңбекші әйелдер мерекесі» деген атаумен күнтізбеге енді. Қазақ даласында бұл мереке 1923 жылдан бастап кеңінен аталып өте бастаса, 1965 жылдан бері елімізде демалыс күні болып жарияланды. Әлемдік деңгейде Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл күнді 1975 жылы ресми түрде Халықаралық әйелдер күні деп таныды. Тәуелсіздік ал­ғаннан кейін де Қазақстан бұл игі дәстүрден жаңыл­май, жыл сайын аналар мен ару­лар­ды аялаудың жар­қын үлгісін көрсетіп келеді. Тарих беттерін­де әйелдердің теңдігі мен құқығы жолындағы күрес­тің символы ретінде 8 наурыз мерекесі бүгінде Қазақстанда жаңа мазмұнға ие болуда.

Статистика және халықаралық рейтинг

Дүниежүзілік экономика­лық форумның 2025 жылғы Жаһандық гендерлік алшақтық индексіне сәйкес, Қазақстан 148 елдің ішінде 92-орынға тұрақтады. Бұл көрсеткіш елдегі гендерлік теңдіктің 69,8%-ға орындалғанын білдіреді. Әсіресе, денсаулық сақтау және өмір сүру сапасы бойынша еліміз 33-орынға дейін көтеріліп, айтарлықтай ілгерілеушілік танытты. Дегенмен, экономика мен білім беру саласындағы көрсеткіштердің төмендеуі, сондай-ақ саяси биліктегі әйелдер үлесінің 117-орында қалуы қоғамда теңсіздіктің әлі де бар екенін айғақтайды.

Заңнамалық серпіліс және құқықтық қорғау

Елімізде өткен жыл әйелдер құ­қығын қорғау саласындағы тарихи шешімдермен есте қалды. 2024 жылы қабылданған «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету туралы» заң­­ның нәтижесінде тұрмыстық зор­лық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. 2025 жыл­дан бастап сталкинг және некеге мәж­бүрлеу бойынша жаңа қылмыстық баптар қолданысқа енді. Бұл қадамдар қоғамдағы әйелге қарсы озбырлықты тыюдың пәрменді тетігіне айналып отыр.

Қоғамдық санадағы сілкініс

Бүгінгі таңда Қазақстандағы фе­минизм тек саяси ұрандармен шек­телмей, әлеуметтік құбылысқа ай­налды. 2026 жылғы мәліметтер бойынша, елімізде 10,5 миллионға жуық әйел тұрады және олардың 55,8%-ы мемлекеттік қызметте еңбек етуде. Әсіресе, Конституциялық сот пен бірқатар министрліктерді әйел­дердің басқаруы теңдік идеясының институционалдық деңгейде мойын­далуының көрінісі.

Әйелдер капиталы – жаһандық дамудың қозғалтқышы

Қазіргі таңда әйелдердің экономи­калық белсенділігі тек әлеуметтік әділдік мәселесі емес, бұл кез келген мемлекеттің жалпы ішкі өнімін (ЖІӨ) еселеп арттыруға қауқарлы стратегиялық ресурсқа айналды. Дүниежүзілік банктің соңғы зерт­теулеріне сүйенсек, егер еңбек нарығындағы гендерлік алшақтық толық жойылатын болса, жаһандық ЖІӨ шамамен 20 пайызға өсуі мүмкін. Елімізде бұл көрсеткіштер тіпті де өзекті, себебі шағын және орта бизнес нысандарының 45 пайыз­дан астамын әйелдер басқарып отыр. Әсіресе, қызмет көрсету, білім беру және жеңіл өнеркәсіп сала­ларында әйел кәсіпкерлердің үлесі басым. Алайда халықаралық сарапшылардың пікірінше, әйел­дер­дің экономикаға қосатын үлесі тек кәсіпкерлікпен шектелмейді. Мұнда «көрінбейтін еңбек» факторын да ескеру қажет. Әйелдердің үй шаруа­сына, бала тәрбиесіне және қарт­тарды күтуге жұмсайтын ақысыз еңбегі есептелмейтін орасан зор еңбек. Оксфам (Oxfam) ұйы­мының дерегінше, әлем бойын­ша әйелдердің мұндай ақы­сыз жұмысының құны жылына 10,8 триллион долларды құрайды. Қазақстанда әйелдердің бұл сала­ға жұмсайтын уақыты ерлерге қара­ғанда орта есеппен үш есе көп. Бұл көрсеткіш әйелдердің кәсіби тұрғыда өсуіне және табыс табуына кедергі келтіретін негізгі фак­торлардың бірі болып қалуда. Соңғы бес жылда елімізде «әйелдер экономикасы» деген тер­мин жаңа мазмұнға ие болды. Қар­жылық сауаттылықты арттыру бағ­дар­ламалары мен мемлекеттік грант­тардың нәтижесінде ауылдық жерлердегі әйелдердің өзін-өзі жұ­мыспен қамту деңгейі артқан. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) талдауынша, әйелдердің жұмысқа көбірек тартылуы тек экономикалық өсімді ғана емес, сонымен қатар қаржылық жүйенің тұрақтылығын да қамтамасыз етеді, өйткені әйелдер басқаратын компаниялардың тәуе­келдерді басқару деңгейі жоғары екені дәлелденген.

София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: