Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Әлімсақ» журналының ұйымдастыруымен дүниежүзілік теңіз күніне орай ұстаз, аралдық ақын Өтебай Серәлінің «Теңіз әңгімелері», «Жырлайды теңіз жырлайды» атты кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті.
Шараға ақын-жазушылар, зиялы қауым,жастар, студенттер және кітапхана оқырмандары қатысты. Тағылымды шараны «Ұстаз мәртебесі» және «Әлімсақ» журналының редакторы Нұрлан Көбегенұлы жүргізді.
Кеште сөз алған ардагер, инженер-гиротехник Әлібек Сабырбаев, халықаралық Жазушылар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Еркін Әбілов, өзгеде кеш қонақтары бүгінгі оқырман олжасына айналған туындылар жайлы жылы лебізімен бөлісіп, қаламгердің шығармашылығына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, ардагер-ұстаз Өтебай Серәлі ұстаз ғана емес, шығармашылық өкілі. Аралдың асау толқынындай өршіл жырларымен елді тәнті еткен қаламгердің бұған дейін 2018 жылы «Қараүлек» атты әңгімелер жинағы жарық көрген. Өз оқырманымен қауышқан автордың бүгінгі «Теңіз әңгімелері» атты прозалық жинағына 12 әңгімесі мен бір хикаяты еніп отыр. Ал «Жырлайды теңіз, жырлайды» атты өлеңдер жинағы үш бөлімнен тұрады. Жастық шақ, теңіз туралы өлеңдері топтастырылған жыр жинағына балалық, жастық кезеңнен бастап өзі өмір сүрген ортасы, өмірден түйген әсері ерекше иіріммен бейнеленіп, оқырманға жылы әсер сыйлайды. Қаламгердің жинақтарында теңізбен байланысты адамдар тағдыры терең баяндалады.
Мен Аралмын,
Тәңірінің сыйы болып жаралдым,
Алтын күннің шуағынан нәр алдым.
Жер-әженің топырағында сайран сап,
Нұрлы дүние шұғыласына орандым.
Мен Аралмын,
Әбдіжәмілмін, жүзге келген абызбын,
«Қан мен термін» және «Соңғы парызбын».
Еламан боп, Жәдігер боп айтылдым,
Адам ата ұрпақтары қарызсың, –
деп жырлаған жалынды ақын жырында туған жерге деген асқақ сезім, терең махаббат, перзенттік тебіреніс жатыр. Өлеңде қарт Аралдың қазіргі қасіретті бейнесі де ерекше толғаныспен жырланған. Тұсаукесерде теңіз туралы ән шырқалып, бейнефильм көрсетіліп тағылымды кештің шырайын ашты. Теңізбен жаны егіз қаламгердің прозалық шығармасы сахналанып, поэзиялық туындылары оқылды. Шара соңында «Теңіз – тіршіліктің бесігі» атты кітап көрмесі таныстырылды.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!