Инженерлік бағыттағы №290 «Келешек мектебінің» қабырғасында «Су және білім» ауқымды жобасы аясында ерекше рухани-танымдық іс-шара өтті. 1 «Б» сынып оқушыларының қатысуымен сахналанған «Кішкентай Тамшының саяхаты» атты ертегі қойылымы көрермендерге ерекше әсер сыйлап, оларға ой салды.
Қойылым барысында балдырғандар судың адам өміріндегі маңызын терең ұғынды. Ертегі желісі бойынша кішкентай кейіпкер Тамшының қызықты сапары көрсетілді. Оқушылар Тамшының өсімдіктердің бүршік жаруына, өзен-көлдердің арнасынан асуына, сондай-ақ барлық тіршілік иесінің нәріне айналу жолын көркем бейнелер арқылы жеткізе білді. Бұл қойылым тек сахналық көрініс қана емес, балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды сабақ болды.

Сынып жетекшісі Айжан Қожантайқызы қойылымның бала тәрбиесіне әсері туралы өз пікірін білдірді.
– Қойылым арқылы балалар судың маңызы туралы білімдерін кеңейтіп, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау керектігін түсінді. Қойылымның негізгі мақсаты – балаларды табиғатты қорғауға, өзен-көлдерді және суды ластамауға, өсімдіктерге қамқорлық жасауға үйрету, – дейді ол.
Осындай танымдық іс-шаралар мектеп қабырғасында оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, олардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыра түсері сөзсіз. Кішкентай Тамшының үлкен саяхаты барша қатысушыға ой салып, судың әр тамшысын қастерлеу керектігін тағы бір мәрте еске салды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!