Жексенбі, 22 желтоқсан, 12:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Түзу көше – қала көркі

20.04.2024

667 0

Сурет:Н.Нұржаубай

Бүгінде қаланың қай көшесімен

жүрсеңіз де, жөндеу жұмысы жүргізіп жатқанын көресіз.

Биыл қалада 92 жоба жүзеге аспақ. Сол жобаның бірі – жол-көлік инфрақұрылымын дамыту. Осы бағытта бюджеттің барлық көздерінен 6 млрд теңге қаралды. Осыған орай биыл біраз ауқымды жұмыс қолға алынбақ. Қала аумағында жөндеуден өтетін көшелер мен мердігер мекемелер анықталып, қаралған қаржысы бөлінді. Тіпті қызу жұмыс басталып та кетті.

– Қала көшелерінің сәулеті бірыңғай үлгісі жолға қойылып, ондағы әлеуметтік нысандар мен ғимараттардың сыртқы қасбеті, оның түсі, көше бойындағы жарықшамдар, қыртастар пішіні және тағы басқа архитектуралық формалар бір стильде болады, – деді қала басшысы. Шаһар басшысы айтқандай, көшелердің сапасына да, сәніне де мән беріледі.

Яссауи және Көшербаев көшелеріндегі қызу жұмыс

Биыл қалада жалпы ұзындығы 46,234 шақырымды құрайтын 35 көшеге орташа жол жөндеу жұмысы жүргізілуде. Қазіргі таңда аталған 35 көшенің ішінде С.Мұқанов көшесіне орташа жол жөндеу жүргізіліп, пайдалануға берілсе, Қазақстан көшесі де жөндеуден өтуде.

Сонымен қатар облыс әкімінің қолдауымен қалада ауқымды жұмыстар басталды. Соның бірі – Қожа Ахмет Яссауи көшесін қайта жаңғыртуға арналады. Дәл қазіргі кезде маман сөзімен айтқандай, көшенің ескі асфальты алынып, топырағын көтеру жұмысы жүргізілуде.

– Осы аптаның соңына дейін топырағын көтеру жұмысы аяқталуы тиіс. Содан кейін тас төселеді. Ал айдың соңында асфальт төсеуге дайындық басталады. Жалпы ұзындығы 3 ша­қырымға жуықтайтын көше 4 жолақты болып кеңейеді. Жаяу жүргіншілер жолы жасалып, толығымен жарықтан­дырылады. Оған қоса көшенің екі жағында аяқсуға арналған суағар орнатылады, – дейді учаске бастығы Марат Серкешбаев.

Аталған жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын «Қыран» ЖШС жүргізуде. Жоспар бойынша қайта жаң­ғырту жұмысы күзге дейін аяқталады. Айта кету керек, қайта жаңғыртудан өтетін көшенің бойы қосымша абат­тан­дырылады.

Мұнан бөлек, көшені абаттандыру жұмыстарына 725 млн теңге бөлінді. Мердігер мекеме «BSG Инжиниринг» ЖШС жұмысты жуық арада бастап, қараша айында аяқтамақ. Жоба бойынша теміржолдың екі бетіне тұрғындардың серуендеуіне ыңғайлы аллеялар, жаяу жүргіншілер жолы салынады.

Сондай-ақ қаладағы Елеу Көшербаев атындағы көше де жөндеуден өтуде. Оның Бейбарыс Сұлтан көшесінен Әлихан Бөкейхан көшесіне дейінгі 2 шақырымы жөнделеді.

– Құны 434 миллион теңге болатын құрылыс аясында көше жөнделіп қана қоймайды. Жоба бойынша жаяу жүргінші­лер жолын салу, аяқсу арығын қазу және жарық шамда­рын орнату қарастырылған. Мердігер мекеме – «УАД» ЖШС, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылы­ғы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жеңісбек Файзуллаев.

Сонымен қатар «Тәуелсіздікке 25 жыл» даңғылының бойындағы «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін автожол көпірі құрылысына республикалық және облыстық бюджеттерден қаржы бөлінген. Алдағы уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары басталады. Бұдан бөлек, Н.Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылына дейін жол құрылысы, Қожа Ахмет Яссауи көшесін қайта жаңғырту жүргізілуде.

Ал учаске бастығы Самат Қарымсақовтың айтуынша, Көшербаев көшесі 4 жолаққа кеңейтілуде.

– Жолдың ені 14 метр болады. Мұның алдында 7 метр болған. Қазіргі таңда көшеге асфальт төселуде. Жоба аясында лотоктар ауыстырылады. Жарық шамдары жаңа­ланып, жаяу жүргіншілер жолы түседі, – дейді учаске бастығы. Бұл көше сәуір айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

Қаланы аралау барысында біраз жылдан бері қала, облыс, республикалық жолды жөндеу жұмысына атсалысып келе жатқан маманмен де әңгімелескенді жөн көрдік.

– «УАД» ЖШС-де жұмыс істеп келе жатқаныма 20 жыл болды. Көбіне асфальт төсеу барысында арнайы техниканы жүргіземін. Жұмысымыз жауапты болғандықтан тиянақты істеп, уақтылы тапсыруға тырысамыз. Өзіме жолды жөндеу жұмысы ауыр болса да ұнайды, – дейді оператор Мейрамбай Рақымшаев.

Жаңа көше

салынып жатыр

Бұл қос даңғылды байланыстыратын көше болмақ. Н.Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылына дейінгі аралыққа жол салынуда. Ол көше Сыр самалы деп аталады. Жақында қала әкімі аралау барысында осы көшенің жұмыс барысымен танысқан болатын.

– Қазір қалада 35 көшеге орташа жөндеу, 15 көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстары қолға алынды. Сонымен қатар арасында төрт жолақты етіп, қайта жөндеуден өтетін көшелер де бар. Оған қоса бір көше жаңадан салынуда. Ал Сыр самалы көшесі салынып біткен соң оның айналасын да реттеу жұмысы жүргізіледі. Себебі көше жиегі күл-қоқысқа толы және қамыс басқан. Жарық бағаналары да назардан тыс қалмайды. Сондай-ақ каналға жақын болғандықтан мал қора салып, мал өсіріп отырғандар да бар. Бірақ алдағы уақытта заңға сәйкес оның бәрі алынады, – дейді қала басшысы.

Расында, жұмыс қарқынды жүруде. Бұл жайлы Сыр самалы көшесіне жауапты учаске шебері Берік Мырзабасов та мәлімдеді.

– Негізі бұл көшенің ұзындығы 2 километр, 164 метрді құрайды. Көше екі жолақты болады. Жарықтандыру мен жаяу жүргіншілер жолы қатар жүргізіледі. Сонымен қатар Сыр самалы сарқырамасына 54 метрлік жаңа су құбырын жаңғырту жұмысы да қолға алынды. Дәл осы кезде көшені жөндеуге 30 шақты адам жұмылдырылып, 10 техника жұмыс істеп тұр, – дейді учаске шебері.

Мердігер мекеме «Қыран» ЖШС жобаны қыркүйек айында аяқтауды жоспарлауда. Бұл жобаның мақсаты – қала орталығында көлік кептелістерін азайтып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау.

Тұрғындар тілегі

Қаладағы бірнеше көше­лерді аралап, жұмыс барысын көріп, мамандарымен сөйлесіп, тұрғындармен де тілдестік. Соның бірі – қала тұрғыны Ахмет Серікұлы.

– Шыны керек, қалада тұрғын үй, көше жөндеу болсын, қарқынды жұмыс жүруде. Сенесіз бе, басқа облыспен біздің қаланың көшелерін салыстырсаңыз, біздікі сапалы әрі түзу көшелер екендігі көңіл қуантады. Сырттан келген адамдардың өздері Қызылорданың көшесін мақтап жатады. Ол рас! Нәтиже бар, – дейді қала тұрғыны Ахмет.

Шаһардың байырғы тұрғыны, зейнеткер Әубәкір Сүлейменов те өз ойын жеткізді.

– Қазір қалада жылдан-жылға жұмыс қарқынды жүруде. БАҚ арқылы бағдарлап отырмыз. Зейнет жасында болған соң үйде отырып, газет оқуға уақыт та бар. Газет арқылы атқарылған жұмыс барысын біліп отырмыз. Жол жөнделіп жатыр. Сапалы көшелеріміз көп. Негізі көшенің әдемілігі де қалаға көрік береді, – дейді Әубәкір аға.

Мамандардың айтуынша, жөндеу жұмысы толығымен күзде аяқталады деп жос­пар­лануда. Ал тұрғындар тілегі – сапалы әрі түзу көшенің бойымен жүру.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: