Оқырмандарға белгілі, бұған дейін облыстық мұражай қорында Қызылорда астана болған жылдары өңірдегі баспаханадан басылған кітапшалар сақталғанын жазған едік. Өлкетанушы Байзақ Жұмабайұлының төте жазудан қазақ тіліне аударған кітапшалардың қатарында Смағұл Сәдуақасовтың «Ұлт театры» атты еңбегі де бар. Қызылордада ұлт театрының негізі қаланып, алғаш «Алтын сақина» пьесасының қойылғаны, жалпы ұлт театрының негізін қалаудағы қиындықтар жайын баяндаған бұл еңбек ұлт тарихы үшін құнды екені даусыз. Музей қорында тарихтан сыр шертер талай еңбек бар екені даусыз. Біз де алтын көмбеге жолыққандай қуанып, кітапшаны суретке түсіріп алып, жариялағанды жөн көрдік.
Қызылорданың Астана болғанына ғасыр толған жылда бұл кітапшалар кітап болып басылып шығып, кітапханаларда тұрса құба-құп.
Редакциядан
Басқармадан
Бұл кітапша Смағұл жолдастың «Еңбекші қазаққа» жазған мақалаларынан құралды. Еуропа елдерінде театр мәдениетінің үлкен бір кесегі театр арқылы Еуропада мыңдаған, миллиондаған халық тәрбиеленеді.
Қазақ арасында төңкерістен кейін театр кітаптары жазыла бастады. Бірақ бұл күнге дейін біздің түпкілікті жасалған театрымыз болмай келді. Сондықтан бұл жұмыс қалың жұртқа әлі таныс емес.
Қазақстанның Халық ағарту комисарларының шақыртуы бойынша осы күні Қызылордаға отыз шақты қазақтың артистері жиналып отыр. Бұлардың алғашқы аяқ алысына қарағанда бізде де кешікпей өнер театры орнайды деген үміт бар.
Қазақстанның Халық Ағарту комиссарларының шақыртуы бойынша осы күні Қызылордаға отыз шақты қазақтың артистері жиналып отыр. Бұлардың алғашқы аяқ алысына қарағанда бізде де кешікпей өнер театры орнайды деген үміт бар.
Жаңа жасалғалы отырған игілікті іс пен аз да болса, оқушыларымызды таныстырмақ ниетте мен «Еңбекші қазақтың» кітапханасының екінші нөміріне осы кітапшаны ұсынып отырмын.
«Еңбекші қазақ» басқармасы.
Театр
«Театр» дегенді елдің көбі білмейді. Театр еуропа тілі, біздіңше айтқанда театр ойын деген сөз. Бірақ театр осы күнгі қазақтың Алтыбақан тебетін ойыны сықылды емес. Театр қазақтың қыз ойыны, шілдеханасына ұқсамайды. Театр деп қазақтың тойын, балуан күресін де айтуға болмайды.
Олай болғанда театр өмірде жоқ, бірдеме шығар? – дер біреу.
Жоқ, олай емес. Театр өмірдің ойыны. Театр тұрмыстың ойыны. Театрдың ішінде тойды да, шілдехананы да, қазақ ойындарын да көруге болады.
Бірақ театр ойынының тәртібі өзгеше. Біздің қазақта қандай театр тууы мүмкін?
Театр бізде қандай болуы керек, ойнаушылары кім, ойнайтындары не? Осы туралы біраз сөйлейік. Осы күнгі біздің көріп біліп жүрген театрымыз отырықшы елде, отырықшы елдердің ішіндегі үлкен қалалар сөзсіз театрды тілеп тұрады. Қаланың мәдениеті, қаланың тұрмыс жағдайы театрды еріксіз туғызады. Үлкен қалаларда театрды көрушілерде көп. Бір күні біреуі келсе, екінші күні біреуі келеді, көпшіліктің арқасында театр күн сайын кісісіз болмайды.
Мәскеудегі «Үлкен театр» партиялары екі «ұлт партияларына» кезек тимей қалатын да уақыт болды. Театрға бару үшін кей кезде неше күндей шереткеде тұрады. Әрине, біздің қазақ тұрмысында мұндай қәлді әзір күтуге болмайды. Бізде әлі үлкен қала жоқ. Қала мәдениеті жаңа туудың алдында. Құр ауызды толтырып айтқандағымыз. Қазақстанда театр бір күнде жасалмайды осы бастан талаптанбасақ, соңырағы күні жақсы театр аспаннан келіп түспейді. Театрды жасауға болады. Еңбектенсе істелмейтін нәрсе жоқ.

Пьесалар
Театр туралы сөйлегенде, ең әуелі ескеретініміз пьеса. Бізде күнде қандай пьеса бар? Олардың сыртқы көркемділігі, ішкі маңыздылығы қандай? Жарай ма, жарамай ма?
Бұл сұраққа әбден жауап бере аламыз. Қазақтан шыққан пьеса жазушыларды алсақ олардың ішінде кәдуілгідей төселгендері бар.
Мұхтар Әуезұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Сәкен, Құсмағанбет Кемеңгерұлы, Жұмат Шанин. Әрине, бұлардың бәрі бірдей емес. Бірақ осылардың қайсысы болса да жазушы екендігінде дау жоқ. «Еңлік Кебек», «Алтын сақина», «Арқалық батыр» бұл үшеуі де, күні бүгіннен бастап, театрға ойналуға жарайды. Жүсіпбектің «Сылаң қызы» да пьеса. Бірақ бұны театрға жіберудің алдында азырақ жөндеу керек. Бұл пьесаның ішкі мазмұны дұрыс. Қазақтың шала оқығанының не орыс, не қазақ еместердің өмірін сынау, олардың тұрмысының таяздығы, нашарлығын көрсету дұрыс. Бірақ Жүсіпбек адамдардың көбінесе сыртын ғана шеберлейді, адамның ішкі үні Жүсіпбектің батырларынан көп естілмейді. Сондықтан бұның адамдары қуыршақ сияқты. Қандай «жаман» дегеннің ішінде бір тамшы жақсылық бар, қандай «жақсының» өзінше бір осалдығы бар.
Әрбір адамды жеке адам ететін, әркімнің жеке өзіне ғана біткен бір «тамшысы» міне соны Жүсіпбек көбінесе таба алмайды. Жүсіпбек пьесаларының осы жағын жөндеуі керек.
«Алтын сақина» тәуір пьеса. Құсмағанбет Жүсіпбектен анағұрым тереңірек. Жеке адамның ішкі сыры бұған анағұрым танысырақ. Тегінде Құсмағанбеттің қаламынан жақсы пьесалар шығуы мүмкін.
«Алтын сақинаның» бір үлкен кемшілігі:
Көріністердің тым қысқалығы. Кей бөлімдерде көрер-көрместен шымылдық жабылып кетеді деуге болады. Пьесаның көрінуі кемінде бір сағатқа созылуы керек. Әсіресе кіріп шығып жүруді онша жақсы көрмейтін қазаққа біржолата тойғыза көрсету керек. Бұл сөзден жалқаулыққа мойынсұн деген мағына шықпайды. Пьеса жазушылар қазақтың табиғи мінездерін ескерсін дегіміз келеді.
«Еңлік Кебек» – сөзсіз ірі пьеса. Ішіндегі маңызы мен сыртқы сұлулығы бірдей пьеса. Бұл пьеса тарихи білім көзінен қарағанда да мағынасы бар. Мұндай пьесадан өткен тұрмысымыздың бір кесегін көреміз. Мұндай пьесаны біз сықылды жазылған тарихы жоқ жұртта өз алдына бір материал деп санауға болады.
«Еңлік-Кебектің кемшілігі тым ұзақтығы. Көріністің ұзақтығы емес, көріністерінің саны көп, бұл жерде тағы бір айтып өтетін сөз біздің пьесалар мәні көп болса үш, әйтпесе екі-ақ көріністі болуы керек. Қазақ бірінші көріністе не болар екен? Екінші көріністе енді қайтер екен? дейді. Үшіншіде немен тынғаны көреді. Үшінші көріністен әрі қарай қазақ жалығады. Жоғарыда айттық қой, көп қабат аз бергеннен аз қабат көп беру керек.
Сәкеннің пьесаларынан «Қызыл сұңқарлар» «Бақыт жолында» қоюға жарайды Бірақ бұғанда біздің айтатынымыз: жазғанын түзету керек. Сәкен де Жүсіпбек сияқты үстірт кететінін мінез көп. Бірақ бұл екеуінің ұқсаспайтын жері де бар. Жүсіпбектің жүріп кеткенін біле алмай қаласың. Жүсіпбек ыңғайлы, епті бозбала, Сәкен ондай емес. Тарп-тарп етіп келе жатқаны анадайдан естіледі. Сәкенде еп жоқ. Бір жерге басын сұғып алып, су кетуін, әр нәрсені сонысынан жыртып солай жүреді. Сәкеннің «Асау тұлпарының» өзге жағы өз алдына әңгіме, бірақ асаулығында талас жоқ. Сәкеннің «Қызыл сұңқарлары», әрине, керек. Қазақ театры өзге жұрттай емес, ескіден қалған мұрасы жоқ. Біз осы бастан театрымызды революция негізінде құруға мүмкіндігіміз бар.
Бірақ жаңа пікірді пьесалардан бекерге қашып қағида сұрайтындарымыз бар. Мысалы: Бізге де көркемдік керек, шеберлік, шындық керек. Коммунистер қашанда болса сыртқы әдеміліктен жиренген жоқты. Іші де оңды болсын, оған қоса сырты да жақсы болсын. Расын айту керек, шеберлік, әдемілік жағынан Сәкеннің алдында жүр, солардан Сәкен үйрену керек.
Абай мен Мағжаннан сөз шеберлігін үйренуге коммунист жазушылар арланбау керек. Бұл біздің жүректен айтқан достық сөзіміз, Сәкен пьесаларын, әрине, жөндеу керек. Батырларының бәрін өңшең «сұңқарлар» қылып жібермей-ақ өзі болатын Бейсенбай, Сейсенбай, Жаңбырбай, Боранбай солар болса да жарайды, әзірге осындайларды-ақ көре тұрайық та.
Былтыр Жүсіпбек «Еңбекші қазақта» бізде театр кітабы жоқ» деп жазды. Театр кітабын көбейту үшін ол жазушыларға жалақыны көп төлеу керек деген, тағы сол сықылды әңгімелерді айтты, театр кітабының аздығына біз де қол қоямыз, бірақ тіпті жоқ деу қате. Жоғарғы айтылған кітаптарды жөндеп ойнауға кіріссек. Соның өзі біраз уақыта жетер еді. Бірақ мұнымен қатар Жүсіпбектердікіндей дұрыс жаңа пьесалар жазуға кірісуіміз керек.
Пьесаны туғызатын оқушы емес, көруші. Сондықтан ең әуелі ұлт театрын жасау керек. Островский мен Гогольді қанша жар салып іздегенімен біз таба алмаймыз, оларды табатын театр. Сөйтсе де осы бастан-ақ қылуға дайындық керек. Бұл туралы Қазақстанның халық ағарту мекемесі жаңа талаптарға жәрдемдес, көмектес болуы қажет. Жақсы пьесалар жазуға бәйге тігуі керек. Бас бәйгесі бір, екі мың теңгеден кем болмасын. Жазушылар бәйгеге түссін.
Көрейік өнерін, жарағанын пайдаға асырайық. Жарамағандары ендігі жолы түзетер. Осы күнгі қазақ тұрмысын жазушыларға қаймағы бұзылмаған байлық деуге болады. «Мен не жазайын, менен бұрын пәленше, түгенше пәлендей, төлендей жазып қойыпты» дейтін емес. Әсіресе пьеса жазушыларға қазақтың қызық тарихы бар. Тарихында ойламақ түгіл мақтанатын істері бар. Орыс жазушылары тұрып «Пугашевшинаны» жазса, біз Кенесарыны неге жазбаймыз? Қазақтың жастарының тұрмысы, әйел теңдігі, төңкеріс заманындағы оқиғалар, 16-ыншы жыл, шәкірт өмірі, мұғалім тұрмысы, ұлт мәселесі бай, кедей арасы осының бәрі жазушыны күтіп отыр.

Әртіс
Бізде ойнаушылар (әртіс) бар ма?
Әрине бар. Бірақ біздің ойыншыларымыз әлі төселген жоқ. Жалпы көптің ішінен әлі шыққан жоқ. Біздің әртістеріміз әлі өздерінің жолдарын анықтаған жоқ. Біздің әртіс әрі өлеңші, әрі ақын, әрі палуан орысшалап айтқанда біздің әртіс операда қандай ойнаса, циркте де сондай ойнауға шамасы келеді, кейде әртістеріміз пьеса жазушы да болып шығады. Биыл Семей губерниясында болған Қоянды жәрмеңкесінде бір жігіт талай ойындар көрсеткен. Үстелдің үстіне қоян болып секіріп шығып, үстінде тұрған қымыз, самаурын, шыны айақ соның бәрін қимылдатпай қайта жерге түсіп, қайтадан үстелге шығып, сол сықылды басқа ойындар көрсеткен. Көрген кісілердің айтысына қарағанда осы жігіт театрда пьеса ойнауға да жарайтын болса керек. Биыл жаз Парижге көрініске барып келген Әміре Қашаубайұлын алайық. Бұл өте жақсы ән салатын жігіт. Әміренің әні туралы биыл орыстың журналдарында, газеттерінде көп сөз жазылды. Бәрі де Әміренің әншілігі мен әртістігін де мақтайды. Әміре «Ағаш аяқ» деген өлеңді айтқанда, шын әртіс болып кетеді. Қандай салмақты болып отырған адам. «Ағаш аяқты» естігенде еріксіз күліп жібереді. Күлдіретін сонда «Ағаш аяқтың» өлеңі емес, Әміренің өнері, оның жыламсыраған дауысы, қыржиған беті, жұмылған көздері қысқасын айтқанда, Әміренің әртістігі.
Қара қазақтың ішінен шыққан Иса ақынды алайық. Иса баяғының суырып салма ақындары сияқты өлеңді айтқанда сағатында ойдан шығарады. Иса шын ақын, бірақ Исаның едәуір әртістігі де бар. Иса өлең айтқанда құр ұйқастыруға тырыспайды, айту тәртібі біртүрлі өлеңінің мазмұнына қарай өзгертіп отырады. Біресе ақырын, біресе айқайлап кету, біресе күліп, біресе ашуланып кетуінің бәрі Исаның әртістігінде жатыр.
Бұл әншілер, ақындар, палуандар туралы. Бұлардан басқа аты шықпаған әртістер ел ішінде толып жатыр. Тағы сол Қоянды жәрмеңкесінде Қалыбек деген жігіт кемпір шал болып ойнаған, бұрын Еуропаның түзелген театрын көрген, білімді кісілердің айтысына қарағанда бұл ешбір әртістен кейін ойнамаған. Осы сықылды елдің ішінде жүрген теңіздің терең тобында көрінбей жатқан асылдар, әрине, толып жатыр. Олардың көбін біз білмейміз, баяғыда атақты Потанин айтқан екен: «Қазақ халқы өзінің әні мен адамшылық мәдениетіне үлкен олжа кіргізеді» деп. Биыл шыққан Затаевичтің «Мың әні» әрине, Потанинді өтірікші қылған жоқ. Осы күні қазақтың «Қара сөзі», «Қара торғайы», «Қарғашы» бүкіл еуропа, Америкаға белгілі. Бетховен мен Чайковскийдің әніне бойы балқыған адам баласына қазақ әні де теріс көрінбейді.
Осы сияқты қазақ әнінің дәмін татқан Потанин қазақтың театрының да үлкен болашақ айтқан елу жылда қазақта нағыз театр туады деген Потанин. Әрине, Потанин айтты деп біз театрды қуаттамақ емеспіз, біздің айтайын дегеніміз:
Потанин қазақ ішіндегі анық әртістерде көп керек екенін айтқан.
Аны жылы Орынборда Серке деген жігіт ойнап жүрді. Бұл Серке Қостанайдың қазағы. Біздіңше Серкеде шын әртіс: Серкенің «Мырқымбайды» ойнағаны Еуропаның қай әртісінен кейін емес. Осы күні Семей жақта жүрген Жұмат Шанинді ескерейік, бұл жігіт театр үшін барын салатын адам. Жұмат Зайсанда тұрғанда ғажап тәуір сахна жасап жүрді. Жұмат Семейге келгенде онда да пьесалар қойыла бастады. Жұмат өзі әртіс, өзі жазушы. Оның «Ер халық батыры» кәдуілгідей маңызы бар пьеса.
Айта берсе, осы сықылды «Жел құстары» толып жатыр. Бізге мәлімсіздердің өзі қанша екені кім біледі. Сондықтан ұлт театрын жасау үшін ең әуелі осындай ел әртістерін жинау керек. Біздің алғашқы театрымыз бәлки өте нашар болар. Бірақ бір күнде жақсылыққа жету мақсат емес. Біздің театрларымыздың қабырғасы қалана бастасын, бара бара төбесін салармыз, түзеле келе әйнегін орнатамыз. Біраздан соң үйдің ішін әдемілерміз, әрине, ол оңай қызмет емес. Бұның жолында көп еңбек, көп михнат, керек. Ұлт театры қиалдың сағымына емес, еңбектің жемісінен тууы керек.
Біздің театрымызда алғашқы кезде өзгеше болуы керек. Біз үнемі драма көрсетуге алғашқы кезде шамамыз келмейді. Ұлт театры бір күні драма қойса, екінші күні екі ақынның айтысқанын қояр, өтірік емес, шын ақынды айтыстыруға болады. Талабы бар ақындар бұрын асқа жинаса, енді театрға жиналуы керек. Бұл сықылды айтыстар бұлардың алдында көпке газет арқылы жарияланып отыруы тиіс. Ұлт театры кейде цирк ойындарын көрсетуі мүмкін. Қазақтан шыққан бишілер (балет) ыңғайлы жігіттер Қояндыдыдағы тойда болып ойнаған жігіт сықылдылар өнерлерін көрсетер. Орысшалап айтқанда, алғашқы қазақ театры универсал болуы керек. Барлық әдебі мәдени өнердің бәрін бір жерге жинауы керек. Біз соңғы кезде кейбір мәселелерде соқыр еліктегіш болып барамыз. Сол сықылды театрды переуаттай салудан сақтану керек. Біз бұл жерде жалғыз кетіп көшіртуді ғана айтпаймыз. Театрдың ішкі рухын дәстүрлендіруді айтамыз.
Қазақстанның ұлт театры қазақ ұлтының бел баласы болуы керек. Жалпы адамшылық мәдениетінің базарына біреуден ұрланды емес. Өз өнерімізбен, өз еңбегімізбен тапқан бұйымды қояйық, сонда ғана халықтан ұялмаймыз.
Алғашқы тәжірибелер
Алғашқы кезде бәріміз де көңілді едік. Бұл жарайды екен, жақсы екен, ұлт театры тарихи жұмыс, ірі жұмыс деп жүрді жұрттың көбі. Ол кездегі жиналатын мәжілістерімізде толық болушы еді. Ол мәжілістерге белгілі саясат адамдары, атақты жазушылар келуші еді, ондағы сөйлейтін сөздерде ірі іргелі еді. Ұсынатын жобада толық, маңызды еді. Әлі есімде. Халық ағарту комиссариатының үлкен үйі айнала қатар түзеп отырған кісілер. Бұлардың ішінде болашақ әртістерде бар. Бұлардың ішінде әлі айтқан белгілі жазушылар да бар, мұнда қолынан іс келетіндер де бар. Бірінші сұрақ:
– Ұлт театры керек пе?
Жауап:
– Е, бұл туралы не сөз бар? Әрине, керек.
Екінші сұрақ:
– Ойнайтын әртістер таба аламыз ба?
– Әртістер неге табылмасын, ел іші толған әртіс. Солардың бәрін шақыру керек.
Тағы сұрақ:
– Бізде ойынға жарайтын пьеса бар ма?
– Пьеса табылмаушы ма еді, ең алдымен «Еңлік кебекті», «Алтын сақина», «Бәйбіше тоқал», «Сылаң қыз» жарайды. «Қызыл сұңқарлар» да жарап кетеді, іздесе тағы да толып жатыр.
– Театрға күнде келіп отыратын халық табыла ма? Халық дегенде, әрине, қазақты айтам.
– Әрине, табылады. Қызылорда түгел қазақ емес пе? Оның үстіне жүздеген қазақ қызметкерлер бар. Осының бәрі театрға келеді. Бір театрды толтырып отыратын Қызылордада қазақ бар. Алғашқы кезде сөйленген сөздер осылай болды. Дүниенің бәрі де оңай. Бәрі де жеңіл сияқты болды. Кейбіреулер осындай оңай жұмысты бұл уақытқа дейін біреу-міреу неғып істеп қоймағандығына таңқалып жүрді. Ұлт театры ол кезде құр тілек еді. Тілекті тілеу әрине, жұмыс істеуден анағұрлым оңай. Тілек тілегің келгенде, тілене салады, тілектің аяғы жүйрік, қанаты ұшқыр. Ұлт театры құр тілек болып жүрген кезде, жұрттың бәрі бұған тілектес болды. «Көп түкірсе көл» деген тілектестер келіңдер, жәрдем беріңдер, көрсетіңдер дедік біз. Сонымен тілек жүзеге аса бастады. Ел елден ойыншылар шақырылды. Жер-жерден пьесалар жиналды. Тілек орындалып, іс басталды. Орысшалап айтқанда мейрам бітіп, жабайы шаруаның күні туды. Ерсіл-қарсылы жүріс басталды. Осы кезден былай қарай театрдың жұмысында кемшіліктер көріне бастады. Жетіспегендік, әр нәрсеге олақтық, шорқақтық біліне бастады. Театр деген өз алдына бір шаруа, үлкен ауылдың жабдығынан театр деген кем емес. Жайшылықта үй ішіне керек нәрсенің бәрі театрға керек. Театр тұрмыстың айнасы. Бірақ оңай болуы үшін ең әуелі өзі тұрмысқа ұқсау керек. Театрды тұрмысқа ұқсас етіп көркейту үшін ең әуелі пұл керек. Қолына берілген пұлды дұрыстап ұқсатып отыратын басқарушы адамдар керек. Бұл ескі мәселе туралы да біз қазір мақтанатын қәлде емеспіз. Әсіресе пұл жағынан кемшілік көп. Себебі Ұлт театрының керектігіне әлі едәуір жұрттың көзі әбден жеткен жоқ. Театрға керек ақша әлі күнге дейін кейбіреулердің көзінде «ойын үйі», көп керектердің ең соңғы керегі сияқты. Біздің туып келе жатқан жұртшылық осы сықылды көзқараспен оңдап тұрып күресуі керек. Қазақ елінің ілгері басуы жолында ұлт театры үлкен адырдың бірі екенін түсіну, ұлт театрын жасап алсақ, мәдениеттің бір кесегін өзіміз қылдық деп есептеу керек. Ұлт театры, әсіресе біз сықылды сауатсыздары көп халыққа өте керек. Кітап оқу үшін хат білу керек. Театрды көзі көретін, құлағы еститін адам ұға алады.
Тәрбие жұмысынан, ішіндегі айтылатын пікір ретінде кітаптың театрдан айырмашылығы жоқ, театр жанды кітап, театрда оқудың орнына адам естіп көреді. Кітаптан театрдың өресі кең. Кітап жалғыз хат оқитындардың қаруы, театр көпшіліктің қаруы.
Осы күнгі Қазақстанның ел азаматтары театрдың бұл айтылған сипатын өмірінде есінен шығармауы керек. Театр көңіл көтеретін ойын үйі ғана емес, ол өз алдына мәдениеттің бір мектебі. Театрдың басқарушы адамдары да оған осы айтылған мәдени көзбен қарауы керек. Мен басқарушы азаматтардың біреуінен бұның себебін сұраған сөзіме ол былай деп жауап берді:
– Мемлекет театрына билетті қыдырып жүріп сатамыз ба? Келген келер, келмеген қалар!
Әрине, бұл сықылды көзқарас үлкен қате, театр мәдениеттің мектебі болса, оның мәнісін жұрттың көбі әлі білмесе, біз ол жұртқа неге өзіміз барып ауызба ауыз өзіміз түсіндірмейміз?
Мемлекет театры жұрттың өзі келеді деп кеудені керіп неге отырамыз?
Бұл жерде орысқа еліктемеу керек. Орыс театры жасағанына жүз жылдан асты. Олардың тәжірибесі мен біздің тәжірибе бір емес. Театрымыз ашылмай жатып біз көпке бармаймыз. Алғашқы кезде қызықшыламай іс өнбейді, біздің театр басқарушы адамдарымыз үй үйге жүріп билет сатуға арланбасын. Істелмей қалған билет болса, бос орынға жайғастыратын кісіні дайындап қойсын, әйтеуір театрды толтырудың қамын істеу керек. Сонда ғана жаңа туған баланың денесіне қан тарайды. Сонда ғана ұлт театрымыздың буыны бекіп, бұғанасы қатады. Ал енді ойнаушыларға келейік: Алғашқы күнгі «Алтын сақина» жақсы шықты. Әсіресе кемпір, оның келіні тәуір ойнады. «Алтын сақина» жақсы ойнауға келетін пьеса. Жалғыз-ақ кемшілігі бөлімдері тым қысқа, ақшамның намазы сияқты, бұрын әртіс болып ойнаған адамдар ойланып, жасқанып, жөнді дауыс шығармаушы еді. Бұл жолы үлкен өзгерістің бары: әртістердің бәрі жүректі, нық сөйледі. Жақсы әртіс болу үшін ең әуелі жүректі бекіту керек. Содан кейін әртістің өнері бірте бірте жамала бермекші. Біздің әртістер бұл жағынан нық ұстады деуге болады. Ендігі әртістердің алдында тұрған зор мақсат: рөлін тереңдете білу, бұл сөздің мағынасы мынау: кемпір болып ойнаған әйелге дәл ойнап тұрған сағатында шынында кемпірдей өмір сүре білу керек. Сондықтан әртісшілдік болу тиіс.
Әртіс адамның ішкі сырын білсін. Өзі жиырмада болса да кемпірдің нендей өмірі барын білсін, бұл бір. Екінші, әртістің сыршылдығы жадағай адамның сырын білуде ғана емес. Тағы да үлгі етілген кемпірді алайық. Кемпірде әртүрлі бай кемпірмен кедей кемпірдің мінезі, жүріс, тұрысы бірдей емес. Әр адамның тұрмысына қарай «түрі» бар. Анық әртіс міне осыны білуі керек. «Алтын сақинадан» біз мұны ашық көре алғанымыз жоқ, анда-санда кемпірдің айтқан «балама тағы бір қатын алып берем» дегені болмаса, бір кезде жігіттің шешесіне айта салған: «не жетпейді, құдайға шүкір, малың бар емес пе?» дегендері болмаса театрда отырған жұрт ойнаған әртістерге қарап олардың қандай тұрмыстан екенін жөнді білген жоқ. 23-ғинуарда қойылған Бейімбеттің «Қырық парызында» молда болып ойнаған «дәл молдаға» ұқсап барып, ұқсап қалып отырды. Бірақ ол да әлі пьеса тану жағынан дұрыс көңіл қойған жоқ. Сонымен әртістер «әртістің ендігі ұраны жүрегін бекітіп, аяғын сахнада нық басып алғаннан кейінгі мақсаты: пьесатану жағын маңыздату, тереңдету болуы керек. Театр мәдениеттің мектебі болса, оның оқытушысы әртіс. Әртіс өзінің зор міндетін түсінсін. Көпшілікке әркім әр ұранда қызмет етіп жүр. Біреулер шаруашылық жолында, екіншілер ел басқару ісінде, үшіншілер халық ағарту жолында осылардың ішінде әртістердің қызметі ең ақырғы орында емес. Орыстың атақты әртістері Садировский, Шепкиндердің аты Ресейдің мәдениет тарихында Пушкин, Лермонтовтармен қатар жазылады. Осы күнгі станиславский, Кашалин сықылды әртістер орыстың ірі қызметкерлерінен деп саналады. Олай болса, біздің әртістерде ел азаматының бірі. Біздің жаңа дүние жүзіне шыққалы отырған жас әртістеріміз өзіне өзі осылай деп қарауы керек. Мәдениет мектебі болатын театрды біз сонда ғана жасай аламыз. Әртісті тәрбиелейтін жақсы пьеса. Бізде жақсы пьеса тым аз. Көркем әдебиеттің күні бүгін өлеңмен мен жазылған бір пьеса жоқ. Тарихта аты қалғандай ірі маңызды пьеса әлі жазушының миында жатыр. Орыстың «ревизоры» сықылды мәңгілік пьесалар біздің әлі аспандағы жұлдыз сияқты. Қазақтан Гоголь, Островскийлер шығуына енді бұдан былай тілектес болу керек. Тілекке қоса жәрдемші болу керек. Ә, дегеннен ойымдағыны жазбады деп жаңа жазушыларды сыртқа теппеу керек. Бәрі жарамаса бірі жарар. Іште жатқан өнерді сыртқа шығаруға бұрынғыдан гөрі көбірек мүмкіндік беру керек. Бұл осы күнде жалпы Ресей әдебиетінің бет алысы. Сергей Есенин асылып өлгеннен бері бұл пікір бұрынғыдан да күшейді.
Қазақстанның Халық Ағарту комиссариаты жақсы пьесаға бәйге тігіп отыр. Ең оңды жазылған пьесаға бас бәйге мың сом, одан соңғы бес жүз сом. Талапты жазушылар осы күні бәйгеге қосуға пьесаларын дайындап қойған шығар. Жалғыз-ақ айтатынымыз: ұлт театры көркею үшін жақсы жазылған пьесалар керек. Бізге қазақтың қара тұрмысынан алынған әрбір ауылдың өміріне таныс, орыстың, еуропаның пьесасындай шығарма керек.
Ұлт театры ашылғалы әлі бес-алты пьесалар қойылды. Бұлардың ішінде тәуірлері де бар. Бірақ «Алым салық» сияқтыларын енді қайта қоймаса да болады. Бейімбеттің «Қырық парызы», «Ревизорға» ұқсаған пьеса, бірақ тым шолақ. Сондай теманы толық қылып жазса! «Қырық парыз» ұлт театрында өте жақсы ойналды. Қазақтың ұлт театры жаңа, жаңа тәй-тәйлап аяғын басты. Алғашқы тәжірибе қазақ театрынан іс шығатындығын көрсетті. Бірақ театр жасалмай тұрғандағы жұрттың үміті бұдан да зор еді. Көп еңбек пен көп бейнетпен театр жасалатыны көрінеді. Қалай дегенде де ұлт театрының іргесі қаланды. Ендігі сұрақ: ұлт театры әбден салынып біткенде қандай болады екен.
Қазақша Пьесаға Бәйге!
Қазақша тұрмыс ретінен, саясат дүниесінен, не тарихтан алынып жазылған пьесаларға бәйге беріледі:
1. Пьеса жазушылар аты жөнін бөлек қағазға жазып, басқа конвертке салып жіберсін.
2.Бәйгеге түсетін пьесалар 1926 жыл, апрельдің 15-не дейін ғана қабылданады.
3. Берілетін бәйге екеу: Ең жақсы пьесаға бір мың сом, екінші дәрежелі пьесаға бес жүз сом.
4. Бәйгенің үстіне қаламақысы беріледі.
5. Бәйгеге алынбай қалған пьесалардың жарамдысы алынып, қаламақы төленеді.
Білім ордасы
Суреттер Нартай Бекежанов атындағы
Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрыныңпарақшасынан алынды
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!