Жексенбі, 24 қараша, 08:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Ұлттық спорт күні: Күш пен қасиет тоғысқан сәт

23.03.2024

638 0

Биыл наурызнаманы атап өтудің жаңа моделі ұсынылғаны белгілі. Тың тұжырым өзгеріс пен жаңаруға негізделіп, рухани құндылықты ұлықтауға мән берілген. Әсіресе, онкүндіктің бір тармағы ұлттық спорт күні деп айшықталуы салт-сананың сан саласын қамтуға жасалған қадам екені сөзсіз. Сыр жұртшылығы да аталған бастамаға қолдау білдіріп, ұлттық спорт күнін атап өтті. Оның ішінде ұлттық спорт түрлерінен қалалық ипподромда өткен жарыстың мән-маңызы жоғары.

Спортсүйер қауым таңсәріден шеттегі ипподромға жиналды. Қызыл-жасыл ұлттық нақыштағы қыз, қолына садақ-жебе, асық ұстаған ұлдан аяқ алып жүргісіз. Келімді-кетімді қонақтар бір-бірін мерекемен құттықтап мәре-сәре. Көкпарға енетін сәйгүліктер тыпыршып, тізгін тартқан жастар жарыс орайын ақылдасуда. Бапкерлер болса балалардың бабын тексеріп, алдын ала ақыл-кеңесін айтып әлек.

Ипподром маңына екі қараша үй тігіліп, іші-сырты ұлттық нақышпен безендірілген. Жанынан өтсең, жаңа піскен бауырсақ пен көженің ісі мұрын жарады. Қос үйден сәл әрі қолөнер бұйымдарының көрмесі әзірленіп, сырбойылық ісмерлер қатар тізілген. Мұның бәрі – дода алдындағы мезет.

Әне-міне дегенше көп күткен шара бастау алып, ардагерлер, жаттықтырушылар, спортшылар мен сала мамандары көй көрсеті. Ашылу салтанатында облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқар­масының басшысы Жанмұрат Сейілов ұлттық спорттың маңызын жеткізу ар­қылы аймақта ат­қарылған  жо­ба­ларға тоқ­талды.

– Соңғы жыл­дары өңір­де спорт инфра­құрылымын дамытуға көңіл бөлінуде. Мәселен, өткен жылы облыста 13 спорт кешені бой көтерсе, биыл тағы 4 нысан пайдалануға беріледі. Сондай-ақ 6 елді мекен­де спорт кешенінің құрылысы бас­талады. Әрбір жоба Сыр өңіріндегі жастардың шынығуына және аймақтың спорт жетістігін арттыруға көмегі зор, – деді Жанмұрат Жақсымұратұлы.

Үміткерлер қол күрес, асық ату, ләңгі тебу, тоғызқұмалақ, қазақ күресі секілді додада күш сынасты. Әсіресе қазақ күресі бойынша екі салмақ дәрежесінде сынға түскен спортшылар жарыс көркін қыздырды. Қатысушылар арасында республикалық және халықаралық сайыстарда топ жарған таланттар да, жарыс жолына енді қадам басқан талапкерлер де кездесті. Бәрінің мақсаты бір. Ол – жүлдегер қатарына ену.

Күш сынасқан бәсеке тартысты өтті. Бапкерлер кеңесі, шуылдасқан жанкүйер қызықты атмосфера қалыптастырып, барын салған жастардың жалынды ұмтылысына куә болдық. Дегенмен жарыс талабы жалғыз жеңімпаз шығару екені анық. Бұл жолы да ережеден ауытқымай, шын мықты анықталды. Бейбарыс Сұлтан есімді жас спортшы жауырыны жерге тимей, жеңіске қол жеткізді.

– Қарсыластар тәжірибелі, күші мығым болды. Әрбірімен белдесу қиынға соққанын жасыра алмаймын. Бірақ бапкерлердің кеңесі және дайындық нәтижесінде жеңіс тұғырынан көрінуге мүмкіндік туды. Алдағы уақытта тәжірибені жетілдіріп, халықаралық додаларда аймақ абыройын арттырып, ел байрағын көтеруге күш саламын, – дейді жеңімпаз.

Байқағанымыз, спорттық сайысқа түрлі жастағы жерлестер қатысқан. Әсіресе тоғызқұмалақ пен ләңгі тебу бойынша сынға түскен жасөспірім қатары көп. Көп ішінен аймақ мақтанышы, тоғызқұмалақтан республика чемпионы 12 жастағы Қасымбай Құлмұхамед те бой көрсетті. Жас талант дүбірлі доданы асыға күткенін айтып, жарыс туралы пікір білдірді.

– Туған жерде бақ сынау – үлкен құрмет. Оның үстіне Наурыз мерекесі кезінде ұлттық спорттан жарыс өткені қуантады. Бұл сайысқа ерекше дайындалып, бабымды тағы бір көрсетуге мүмкіндік туды. Алдағы уақытта ел абыройын арттырып, биіктен көрінуге күш саламын, – дейді жас спортшы.

Айта кетейік, шара барысында спорттық ойындармен қатар мерекелік қойылым, ұлттық қолөнер көрмесі ұйымдастырылды. Онда салт-дәстүр жоралғылары көрсетіліп, жерлестердің қолынан шыққан бұйымдар таныстырылды. «Беташар», «Тұсау кесу», «Қой көтеру» рәсімдері, қыз-келіншектер арасында «Үздік ұлттық киім» байқауы да көрермен көңілінен шықты.

Ұлттық спорт күніне орайластырылған шараның тағы бір қызықты тұсы – қой көтеру жарысы. Мұнда шопан ата тұқымын кім көп көтерсе, сол үйіне алып кетеді деген сөз. Жүргізуші хабарлағаны сол еді, жарысқа қатысуға ықылас танытқандар қатары көбейді. Бәрі барын салғанымен 50-ден асырып көтергендер аз болды. Тұяғы буылған қойдың бұлқынуы да жеңіл көтеруге кедергі болғанын көрдік. Алайда жігер мен жүлденің көлемі шабыттандырған жігіттер ақыры үздікті анықтады. 77 рет көтерген қызылордалық Бағдат Телғараев жеңімпаз атанып, қойдың егесі болды.

– Қазақ халқы ұлттық спорт түрлеріне өте бай. Ұлттық ойындар тәрбиелік мәнге толы, оған қоса жастардың ой-санасының жетілуіне ықпалы орасан. Сондықтан береке-бірлік, көктемгі тіршілік, ағайын арасындағы татулық нышанына айналған Наурызда құндылықтың насихатталуы маңызды іс, – деді облыстық спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Жақсыбек Егізбаев.

P.S. Тартысты бәсекеде бәсі биік болған сырбойылық жастарды атап өтейік. Жарыс қорытындысына сәйкес, қол күрес пен гір тасын көтеруден – Мейрамбек Орынбаев, қазақ күресінен – Бейбарыс Сұлтан мен Мырзабек Мұстафаев, асық атудан – Ғалымжан Әлиев,  ләңгі тебуден – Талғат Нарымбетов, садақ атудан Дильназ Шәкіман үздік шықты. Ал бес тастан Гүлнар Асайбулдаева жеңіске жетсе, арқан тартудан Ақсуат ауылдық округі жеңімпаз атанды.

Берен ШАҒЫРОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: