Қазақстанда жастардың шығармашылығы мен технологиялық әлеуетін ұштастыратын ең ірі офлайн-хакатон – Decentrathon 4.0 өтті. Бұл бірегей шара бір мезетте еліміздің 20 қаласында ұйымдастырылды. Ауқымды жобаға 2500-ден астам қатысушы өз бағын сынады. Мұндай деңгейдегі басқосу жас таланттардың тың идеяларының туындауына серпін бермек. Ауқымды іс-шара Blockchain, AITechnologyCenter, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен өтуде. Хакатонның алғашқы күні Web 3.0 және блокчейн технологияларына арналды.
Decentrathon 4.0-дің негізгі мақсаты – жастарды жаңа технологияларға тарту, Web3.0, Blockchain және жасанды интеллект (AI) бағыттарында тың идеяларды қолдау және болашақ цифрлық шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік жасау. Бұл алаңда қатысушылар тек қана бәсекеге түсіп қана қоймай, тәжірибелі менторлардан кеңес алып, өз жобаларын салалық сарапшыларға ұсынады. Қызылордадағы алғашқы күн – SolanaDaypoweredbyDecentrathon ерекше форматта өтті.
Solana – әлемдегі ең жылдам әрі тез дамыған блокчейн желілерінің бірі. Ол әзірлеушілерге, стартаптарға және компанияларға шексіз мүмкіндіктер ашады. Solana децентрализденген қосымшалардан бастап DeFi мен NFT платформаларына дейін жаңа буын өнімдерін жасауға мүмкіндік береді.
– Бүгін біз республикалық деңгейдегі маңызды іс-шараға куә болып отырмыз. Decentrathon – әлемдегі ең ірі хакатондардың бірі десек қателеспейміз. Үш күн қатарынан жастар үш ірі компанияның кейстерін орындайды. Алғашқы күні блокчейн технологияларымен жұмыс істесе, одан кейінгі кезеңде «Банк ЦентрКредит» АҚ, BCC-Hub мансап орталығы, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі InDriveIT-компаниясының арнайы тапсырмаларын жасайды. Бұл жоба жас таланттарға жол ашып қана қоймай, жаңа технологияларды игеруге, тың идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – дейді «KyzylordaHub» жетекшісі Жанарыс Түбекбаев.
inDrive трегінің тапсырмасы – суреттерді талдау арқылы сервистің сапасы мен сенімділігін арттыруға көмектесетін шешімді әзірлеу. Жүлде қоры – 10 000 000 теңге. Мәселен, BCC-HUBAI трегінің тапсырмалары – банк үшін жасанды интеллект шешімдерін дайындауға бағытталған. Қатысушылар клиенттермен өзара әрекеттесуді жақсартуға, процестерді жеделдетіп, оңайлатуға және қызметкерлерді рутиналық жұмыстан босатуға арналған жобалар әзірлейді. Жүлде қоры – 5 000 000 теңге.
Хакатонға қатысушылар команда құрып, нақты кейстермен жұмыс істейді. Менторлардың қолдауымен жасалған жобалар салалық сарапшыларға ұсынылады. Үздік деп танылған командалар Қазақстандағы ең басты технологиялық алаң – DigitalBridge – 2025 халықаралық конференциясында өз жобаларын әлеуетті инвесторлар мен серіктестерге таныстыру құқығына ие болады.
– Мен бұл жобаға төртінші жыл қатарынан қатысып жүрмін. Decentrathon – мазмұнды хакатондардың бірі. Мұнда біз өзіміз білмейтін жаңа қырларды ашамыз. Тың идеяға толы орта. Кіл мықтылар, ойға жүйрік жастар бас қосқан. Сонымен қатар бұл жобаның ерекшелігі бір орында тұрмай, жыл сайын жаңа бағыттарда жұмыс істейді. Әр жыл сайын жаңа өзгерістерді талап етеді. Осы орайда банктік жүйелерді жетілдіруге арналған тапсырмаларды да орындадық. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе алаңы болды, – дейді студент Бекмұхаммед Айтбай.
Decentrathon 4.0 аясында Қызылордада 40 топ, 109 қатысушы бақ сынады. Хакатон қатысушылары 2 трек бойынша өз идеяларын жобалап, дайын өнімге дейін жеткізуге тырысты.
Decentrathon бұған дейін үш рет сәтті ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен мыңдаған жас мамандарды біріктірді. Ал төртінші маусымда жоба бұрынғыдан да ауқымды. Бұл – Қазақстанның цифрлық болашағын қалыптастыруға жастар үшін жаңа мүмкіндіктер мен жарқын идеялардың бастауы.
Хакатонға қатысушылар тек бағдарламалау саласында ғана емес, бизнес-идея, маркетинг, қаржылық сауаттылық, жобаны басқару сияқты бағыттарда да білімін шыңдайды. Мұндай кешенді тәжірибе – болашақ ІТ-кәсіпкерлер мен стартапшыларға берілген таптырмас мүмкіндік. Жаңа ғасырдың басты қаруы – білім мен технология. Decentrathon 4.0 – сол мүмкіндікті пайдалануға жол ашатын алтын көпір.
Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!