Жаңа жылды қазақстандықтар отбасылық дастарханда отырып қарсы алу дәстүрге айналған. Мерекелік көңіл күйдің әсерін еселеу үшін халық отшашу ататыны тағы бар. Алайда халықтың мерекені тыныш, әрі қауіпсіз тойлауы үшін төтенше жағдайлар қызметкерлері, жедел жәрдем тағы да басқа мамандар мереке күні жұмыс орнында қарсы алады. Өңірлік коммуникациялар алаңында тәулік бойы жұмыс істеген мекеме өкілдері брифинг берді.
Мереке кезінде оқыс жағдайлардың алдын алу үшін облыстық ТЖД күшейтілген режимде жұмыс істеді. 31 желтоқсаннан бастап 5 күн бойы департамент құрамынан құрылған жедел топ тәуліктік кезекшілік ұйымдастырды.
– Облыстық ТЖД бөлімшелері күшейтілген кезекшілік уақытында 22 рет жедел оқиға орнында болды. Республикалық және облыстық маңызы бар автокөлік жолдарында төтенше жағдайлар тіркелген жоқ, барлық бағыттардағы автокөлік жолдары ашық. 2025 жылғы 31 желтоқсан мен 2026 жылғы 04 қаңтар аралығында «Қазгидромет» Қызылорда филиалы 4 дауылды ескерту берді. Облыс бойынша орта есеппен 164 қызметкер жұмылдырылды, – деді облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Асхат Оразбеков.
Мереке кезінде облыстық медициналық жедел жәрдем станциялары күшейтілген режимде жұмыс істеді. Облыс бойынша 6700 қоңырау түсіп жедел шақырулар орын алса, қала бойынша бұл 3989 ға жетті.
– 31 желтоқсаннан бастап 4 қаңтарға дейін 103 желісіне түскен шақырулардың 4610-ы 1-3 санаттағы шақырылған науқастар болса, 2090 келіп түскен қоңырау 4 санатта. Облыс орталығында жол көлік оқиғасы бойынша 10 жағдай тіркеліп, оның 17-сі зардап шеккендер қатарында. Жаңа жыл түні Қызылорда облысында 54 сәби дүниеге келді. Оның 25-i ұл болса, 29-ы қыз, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу-алдын алу жұмыстары жөніндегі орынбасары Жаңыл Исақызы.
Азаматтардың қауіпсіздігі және халықтан келіп түскен өтініштерге жедел ден қою мақсатында жедел әрекет ету орталығы да жаңа жыл қарсаңында күшейтілген режимде жұмыс істеді. 112 желісіне өрт оқиғасы, төтенше жағдай, жедел жәрдем бағыттары бойынша 3583 хабарлама келіп түскен. Ал 109 желісіне келіп түскен өтінімдер саны 1973. Өтініштердің жалпы бағыты электрмен жабдықтау, су жүйесі , табиғи газ, көше жарығы мәселелері. «Жедел әрекет ету орталығы» КММ-ның директоры Бағлан Терлікбаев барлық өтініштер жедел түрде тіркеліп, полиция, жедел медициналық жәрдем,төтенше жағдайлар департаменті және коммуналдық қызметтерге уақытылы жолданғанын жеткізді.
Отбасылық мереке – жаңа жылды туыс туғандарымен бір дастарханда отырып қарсы алу әркімнің-ақ арманы. Дегенмен бұл күні жедел жәрдем қызметкерлері қалыпты режимде жұмыс істей береді. Соның бірі отбасылық медициналық жедел жәрдем станциясының фельдшері Гүлімай Сәрсенбаева мереке кезінде жұмыс істеп, ем іздеген науқасқа көмектесу, халықтың алғысын алу маңызды екенін айтады.
– Жаңа жылды отбасында қарсы алмасам да олар менің жұмысыма түсіністікпен қарайды. Жұмыстағы әріптестерім де менің бір отбасым секілді, – дейді дәрігер.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!