Жапонияда белгісіз бактерия пайда болды. Әзірге аурудың емі табылмаған, тек салдары туралы ақпарат айтылуда. Дәрігерлердің сөзінше, бактерия жұқтырған науқас екі тәулік ішінде жан тапсыруы мүмкін. Жаңа вирусқа стрептококкты токсикалық шок синдромы, қысқаша STSS деген атау берген. Тақырыпқа қатысты маңызды ақпарды CNN арнасының тілшілері әзірлеген материалдан оқуға болады.
Ғаламдық БАҚ тілшілері Хелен Риган, Джунко Огура және Ринка Тоншо соңғы мәліметтерді мысалға келтірген. Айтуларынша, Жапонияның денсаулық сақтау министрлігі маусым айында STSS жұқтырған науқас санын 977 адам деп көрсетіпті. Оның ішінде науқастардың 30 пайызының жағдайы өліммен аяқталған. Ал қаңтар мен наурыз айының аралығында 77 жапон көз жұмған.
«Инфекциялық ауруларды зерттеу ұлттық орталығының дерегінше, жаңа вирус адам ағзасын толық жарамсыз етеді. Алдымен аяқ-қол ісініп, қан қысымы төмендеп, тыныс алу нашарлайды. Вирустың бойға таралуы да тез. Мысалы, таңертең науқастың аяғы ісінсе, түс қайта тізесіне дейін ұлғайып, бірнеше күнде жан тапсыруы ықтимал. Ғалымдар ауру жұқтырғандар саны 2500-ге дейін ұлғаяды деп болжауда», – дейді тілшілер тобы.
Қазіргі таңда жапониялық дәрігерлер алдымен сақтық шарасын сақтауға үндеуде. Жеке бас гигиенасын сақтау, барлық ашық жараны емдеу керегін айтып отыр. Тіпті кейбірі аталған вирусты қызылшамен де байланыстырады. Есте болса, мамыр айының соңында БҰҰ Еуропа елдеріне қызылшамен күресуді күшейту керегін ескерткен болатын. Жыл басынан бері 56 мың еуропалық қызылшамен ауырыпты.
«Науқастардың өлімінің себебі әлі белгісіз. Десе де кей ғалым вирус жұқтырған науқастар фарингит салдарынан көз жұмуы мүмкін екенін айтуда. Сондай-ақ пандемия кезіндегі талаптың сақталмауы да вирустың таралуына ықпал еткен. Mie University Hospital маманы Киесю Танигучидің мәліметінше, вирус ашық жарада тез таралып, адамның жағдайын қиындата түседі. Сондықтан барынша профилактикалық шараны сақтау маңызды», – дейді CNN мамандары.
Батыс ғалымдарының болжамы басқа. Олар қауіпті бактерияның таралуы антибиотикті көп қабылдаудан туындайды деп санайды. Оған қоса COVID-19 иммунитетті төмендетіп, вирустар клетка жадында қалып қойған. Нәтижесінде жаңа инфекциялар пайда болуда. Бұл әзірге болжам ғана.
«Бұл жағдайдың эпидемиялық, тіпті пандемиялық ауқымы ұлғаяды дегенге сену қиын. Мұндай жағдай тіркелген өзге аймақ жоқ. Сондықтан мұны Жапониядағы антибиотик қолдану әсері мен коронавирус инфекциясының салдары деп ұғынған жөн» – дейді РҒА Орал бөлімшесінің иммунология және физиология институтының маманы Михаил Болков.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!