Жазғы тынығу лагерлері оқушылардың сабақтан тыс уақытын тиімді пайдалануына, түрлі қолөнер, спорттық ойынға қатысып, бой мен ой еңбегінің дамуына зор мүмкіндік береді.
Бүгінгі ұйымдастырылған пресс турдың мақсаты – оқушылардың жазғы демалысын қалай өткізіп жатқанын көріп, балалармен жүргізіліп жатқан тәрбие жұмысының бағдарын білу болатын. Қала орталығынан жолға шыққан бір топ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері Жаңақорған ауданы, Бесарық ауылындағы «Тау самалы» және «Талды су» лагерьлерінің жай-күйімен танысуға бардық. Біз аялдаған демалыс орны 300 оқушыға арналған. Бүгінде қызылордалық оқушылардың жазғы демалысын көңілді өткізуге, танымдық мәдени шараларды ұйымдастыруда ерекше көңіл бөліп отырғанын көріп көңіл тояттады. Жылдың төрт мезгілінде үздіксіз жұмыс істейтін орталықта екі қабатты типтік жобадағы жатақхана 4 бөліктен тұрады. Әр ғимаратта 80 оқушыға арналған жатын орын, екі демалыс бөлмесі, тәрбиешілер бөлмесі, жуыну орны бар. Лагерьде оқушылар сарайы жұмыс істейді. Мұнда көрме залы, кітапхана, тәрбиешілер бөлмесі, оқу залы, оқушылар сарайы бар. Онда жас кітапханашылар, шахмат, домбыра, қолөнер, сурет, робототехника, үстел теннисі, ән-әуез, би өнері үйірмелері үзіліссіз жұмыс істейді. Тәрбие мен үйірме жұмысын орталықтың 8 тәрбиешісі мен спорт нұсқаушысы атқарады.
Орталықтағы кітапхана балаларды қажетті кітаппен қамтамасыз етеді. Ал медициналық бекет оқушылардың денсаулығын қадағаласа, 160 орындық асханада балалар еркін тамақтанады. Екі футбол, волейбол алаңы және ағаштан салынған екі орыс моншасы жұмыс істеп тұр. Балалар ойын алаңында жаттығуға арналған тренажер қойылған.
– Биылғы жазғы тынығу маусымында 2100 балаға демалыс ұйымдастырамыз деп жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда 3-ші ауысымды аяқтап, 4-ші ауысымды бастадық. Бүгін «Анаға тағзым» орталығы қызметкерлерімен бірлесіп үлкен шара өткізіп жатырмыз. Балаларға ерекше көңіл күй сыйлайтын сәтке куә болудамыз. – дейді «Облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы» КМҚК директорының міндетін атқарушы Нұрлыбек Байымбетов.
Бүгінгі өткізіліп жатқан «Даму LIFT» – «Анаға тағзым» орталығының төл жобасы. Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, рухани-адамгершілік тәрбие беру, әдептілік әліппесін, дастархан әдебін, сондай-ақ ата-бабадан мирас боп қалған қолөнерді үйрету мақсатында жыл бедерінде жүргізіліп келе жатқан тағылымды тәрбиенің бірі.
«Анаға тағзым» орталығының директоры Алтынай Молжанованың айтуынша, бұл жоба аясында секциялық жұмыс жүргізіп, түрлі шеберлік сағаты мен психологиялық тренинг, пайдалы дәріс ұйымдастырылуда.
– Бүгін де «Анаға тағзым» орталығының қызметкерлері шәкірттердің жазғы демалысын тиімді, әрі пайдалы өткізу мақсатында көшпелі «Даму LIFT» жобасын қолға алдық. Айдынды Арал ауданынан бастап Қарт Қаратауға дейінгі аралықта әр ауданның лагерьлеріне арнайы барып, оқушылардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін дәріс пен шеберлік сағатын ұйымдастыруда. Смартфонды серік еткен балалар асық ойнап, ләңгі теуіп, садақ атып, логикалық тұрғыда пайдасы орасан зор ұлттық ойынды жетік меңгеріп жатыр. Бұдан бөлек, тоқыма тоқу, гипспен жұмыс істеу, кесте тігу үйретілуде. Жыр терапиясы мен психологиялық тренинг өткізілуде.
Лагерьлерде тынығып жатқан 1000-нан аса бала көшпелі «Даму LIFT» жобасының арнайы танымды бағдарламасына қатысты. Облыстық білім басқармасымен бірлескен көшпелі «Даму LIFT» жобасының жабылу шарасы Жаңақорған ауданындағы «Тау самалы» және «Талды су» лагерінде түйінделді. Мұнда шәкірттердің ойын бөліп, бойын сергіту, ойнай жүріп, ойлауға, логиканы дамытуға, ептілік пен ширақтылықты шыңдауға бағытталған шеберлік сағаттары мен секциялық жұмыстар ұйымдастырылды, – деді орталық директоры.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!