12 наурыздан бастап жол қозғалыс ережелерін бақылау жүйесіндегі жаңа өзгеріс күшіне енді. Енді бейнекамералар кейбір құқық бұзушылықтарды автоматты түрде анықтай алады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 31-бабына енгізілген түзетулер «цифрлық кодекспен» байланысты. Қабылданған түзетуде жаңа айыппұлдар немесе жүргізушілерге қосымша талап емес, тек құқық бұзушылықтарды анықтау тәсілі цифрлық жүйеге көшті. Мәселен, бұған дейін полиция қызметкеткерлері рөлде отырып телефон пайдалану, қауіпсіздік белдігін тақпау, сыртқы жарық құралдарын дұрыс пайдаланбау, жолда кептеліс тудыру сияқты құқық бұзушылықтарды қолмен тіркейтін. Енді мұндай жағдайларды заманауи техникалық құралдар арқылы автоматты түрде анықтайды.
Күшейтілген бақылауға сәйкес тіркеудің үш тәсілі бар. Қалалардағы орнатылған камералар бұрынғыдай жұмыс істейді, бірақ олардың функционалы кеңейтіледі. Құжаттарға байланысты құқық бұзушылықтарды анықтауға дерек базалары пайдаланылып, техникалық байқаудың мерзімі өткен, сақтандыру полисінің болмауы, қаруды сақтауға берілген рұқсат мерзімінің аяқталуы сияқты ережелердің орындалмауын автоматты түрде анықтайды. Бұрын мұндай жағдайларда полиция қызметкері қатысып, істі қолмен рәсімдейтін еді.
ҚР ІІМ ӘПК-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша, бұл шаралар өмірі мен денсаулығын қорғап, құқық бұзушылықтың алдын алып, тұрғын үй аумақтарында қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.
– Жүргізушілер үшін бұрын қандай талап болса, қазір де сол талап. Айырмашылығы, енді оларды бақылау заманауи цифрлық технологиялар арқылы жүзеге асады. Яғни заң талаптары өзгермей, тіркеу тәсілдері жаңартылады. Сонымен бірге заңнамада ескерту қарастырылған құқық бұзушылықтар бойынша жаңа жүйе автоматты түрде ескерту жібере алады, – деді маман.
Бұл өзгерістер ереже бұзбайтын жүргізушілер үшін қиындық тудырмай, керісінше, жолдағы тәртіп күшейеді.
Әлеуметтік желілерде «камералар жаяу жүргіншілерді жазалайды» деген ақпарат тараған еді. ІІМ-нің өкілі Ақтоты Боранова бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты. Автоматты камералар жаяу жүргіншілерді жауапкершілікке тартуға арналмаған. Жүйе тек жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын анықтайды.
«Ақмешіт-ақпарат»
Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!