Жолдау барысында Мемлекет басшысы орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты екенін қадап айтты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғандығына баса мән берді. Осы орайда 2023 жылы қала мектептеріндегі үш ауысымдық оқуды болдырмау мақсатында 4 оқу орнының жанынан қосымша ғимараттар салынып, қолданысқа берілді.
Президент өз жолдауында: «Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлген абзал» деп атап өтті. Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екеніне тоқталды.
Сонымен қатар, Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен, бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет екенін айтты.
Қоғамда қазақ және орыс тілін мектепте оқыту мәселесі жөнінде пікірталас болып жатыр. Нақты айтайын: біз қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін балаларды тәрбиелеуіміз қажет. Себебі, бұл ұрпақтың мүддесі үшін керек. Оқу-ағарту министрлігі популистердің жетегінде кетпей, балалардың мүддесін қорғауға тиіс. Білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады. Біздің күшіміз – жастардың білімінде.
Ата-аналар мен оқушылар алған білімінің және игерген машық-дағдысының сапалы және сұранысқа ие болуы үшін белгілі бір деңгейде жауапты екенін сезінуге тиіс. Сондықтан, олармен де үнемі әріптестік қатынас орната білу керек. Осы мақсатта жеке білім беру ваучерлерін енгізу жоспарланып отыр.
Ел Президентінің Жаңа, Әділетті Қазақстан құру жолындағы аса маңызды қадамдары ел игілігі үшін жасалуда. Білім беру саласындағы сапалы атқарылған жұмыстар мен алға қойған тың бастамалардың жемісті әрі нәтижелі болатынына сенемін.
Айгүл УТКЕЛБАЕВА,
Абай атындағы дарынды балаларға
арналған мектептің директоры
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!