Бала тәрбиесі қашан да өзекті. Әр кез талқыланатын тақырып. Балалар психологы, облыстық психологиялық қолдау орталығының басшысы Жұмагүл Тасболатқызы баланы тәрбиелеудегі негізгі ережелерді атап айтты.
– Бала тәрбиесіндегі ең алғашқы және маңызды ереже баланы емес, өзіңді тәрбиелеу. Бала сізге қарап бой түзейді. Жаңа туған ана мен балалар үйіндегі шақалақты елестетіңізші… Осы сәбиде психика болмайтынын бірі білсе, бірі білмес, олардың сезімін, эмоциясын, әрекеттерін жасайтын сізбен біз яғни ата-ана! Сол себепті балалар бірдей болып өмірге келсе де, олар ата-анасынан көргенін іліп, әртүрлі болып өседі, – дейді Жұмагүл Тасболатқызы.
Психологтың айтуынша, екінші бір маңызды ереже, баланың міндетті түрде өздігінен орындайтын жауапты жұмысы болуы қажет. Сіз тек оның орындалуын қадағалауыңыз керек. Неге? Себебі бала жаспен емес, жауапкершілікпен есейеді. Баланы өмір сүру ережелерін білуге баулу да маңызды. Себебі балада 8 қажеттілік бар, солардың ішінде білуі тиіс ережелер бар. Мысалы, өрт қауіпсіздігін, жол, балабақша, мектеп, күн тәртібі ережесін білу маңызды. Бұлардың бәрі – баланың міндетті қажеттілігі.
– Тағы бір ескеретіні, баланы мақтаңыз бірақ жанама түрде. Мысалы, балаңыз тапсырған бір істі сіз қалағандай етіп орындаса, бала еститіндей деңгейде, әкесіне/анасына, ата-әжесіне, құрбыларыңызға мақтаңыз. Балаңызға уақыт бөліңіз. Ол күніне 15 минут, тіпті 3 минут болуы мүмкін. Бірақ ол тек балаңызға арналуы керек. «3 минут ережесі» деген әдіс бар. Ол бала даладан (мектептен, балабақшадан,ойын алаңынан т.б.) үйге кіргенде қолданылады. Баланың деңгейіне түсіп, күні қалай өткенін, көңіл күйін сұрау, киімдерін ауыстыру. Бұл да баламен өткізген сапалы уақытыңыз бола алады. Балаға жеке тұлға деп қарау қажет. Сонда ол өзінің ойын еркін айтып, ата-анамен ашық бола түседі. Ал ата-анамен еркін өскен баланың тәрбиесі қиындық тудырмайды, – дейді Жұмагүл Тасболатқызы.
Айтолқын Айтжанова
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!