Сенбі, 15 наурыз, 16:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№19,2132
15.03.2025
PDF мұрағаты

Жылқың – жұлдыз, қойың – құндыз немесе ет жеу арманға айнала ма?

15.03.2025

35 0

Әзіл-шыны аралас «ет жеуден қасқырды да басып оздық» дейтін қазекем расымен қиындыққа тап келген тәрізді. Ақпаннан бастап жер-жерде «ет бағасы көтеріледі» деген жаңалыққа жұртшылықтың жарғақ құлағы жастыққа тимей, аңдысын аңдыған. «Бақсақ, бақа екен» деп, алдымен сиыр етінің құны шарықтады. Базар бара қалсаңыз, келісін 3 мың теңгеден аласыз. «Жылқы еті болса, болды» деп сиыр етінен бас тартқан тұрғындар енді жылқы етінің де бағасы көтеріліп жатқанын көріп, «енді ет жеуді қоямыз» деп дабыра қылуда. Жағдайдың жай-жапсарына қанығу мақсатында жан-жаққа сауал тастадық.

Ең әуелі мал бағып, бордақылап, өзі жемегенді төрт түліктің аузына салатын ауылдағы ағайыннан бастайық. Сейсенбіде ат арытып, барлығы облыс орталығындағы мал базарға келеді. Қорасына түлік жинаған әрбір жанның бас қосатын ордасы – бұл. Жер қайыстырған малдың арасында іздегеніңізді табасыз. Қозы-лақ пен қой-ешкі, жылқы мен сиыр, олардың бас жібінен бастап, жейтін азығына дейін осында әкелінеді. Алушы арзан алуды, сатушы қымбатқа сатуды қалайды.

Азат Балғабайұлы Қызылорданың іргесіндегі Қоғалыкөл ауылында мал бордақылау ісімен айналысады. Төрт түлікті кәсіп қылғанына жиырма жылға жуықтаған.

– Қазір ғана жемге келіп тұрмын. «Абзал и К» серіктестігінің зауытының өзінде 30 келілік қапшықтағы жем бағасы – 2700 теңге. Одан тікелей ала алмаймыз. Одан алып, бізге сататын кісілер де пайда табу қамымен жүр. Үстіне тағы қосқанда, өзіңіз ойлай беріңіз. Ал базарда мал сататындар да шығынға кетпеу қамын ойлайды. Түптеп келгенде, шаруа малды алып, ауылға апарып бордақыға байлаймын дегенше, әжептәуір шығын кетеді. Қазір шаруалар еттің бағасы қанша қымбаттаса да, әйтеуір шығынға кетпейін деп жүр. Байып кетіп жатқан ешкім жоқ, бірақ күнкөріс қамымен күнделікті нанын тапса, сол олжа болып тұр. Шикізаттың бағасы, жем-шөптің бағасы қымбаттаған соң, әрине, еттің бағасының да көтерілуі – нарық заңдылығы. Етті қымбаттатпаймыз деп шаруаларды шығынға ұшыратуға болмайтын шығар, – дейді ол.

Бір жылқыны семірту үшін кемінде 90-100 күн керек. Сол аралықтағы мал азығының шығыны қалтаға түседі. Ал шаруалардың көбі кәсібімді дамытамын деп несие алғанын ескерсек, сол шығынның ішіне ай сайынғы несие төлемін қосыңыз. Орайы келгенде айта кетейік, 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша облыста 24 жобаға 135,9 млн теңге, 2024 жылы 42 жоба 310,6 млн теңге несие берілген. Мұнан бөлек те түрлі бағдарлама жұмыс істейді. Оның барлығын алғанда мыңдаған адам несиемен кәсіп істеп отыруы ғажап емес.

Ауылдан келіп, тікелей базарға сатуға шаруаларға тетік жоқ. Олар бұл ретте мал сою пункттерін пайдаланады. Бұл жерде де баға әртүрлі. Жолы болған кәсіпкердің алдынан етті қымбат бағалап, үстінде қалған табысқа қанағат ететіндер болса, тіпті алақай. Олар бөркін аспанға атады ол кезде. Ал бағаны жерге ұрып, «берсең бер, бермесең бар» деп тұрса, ол да қиын жағдай. Ауылдағы семіз малын өткізе алмай жүрген шаруаның кейпіне еніп, бірнешеуіне хабарластық. Расымен, бағаның өзі әр қилы. Тіпті, біреуі екіншісіне үйлеспейді.

– Ассалаумағалейкүм. Етке байланыс­ты хабарласып тұр едім…

– Уағалейкүмассалам, айта түс. Қандай мал?

– Бір жылқы, жылқы болғанда құнан. Төрт ай жемде тұрды. Семіз. Сонан соң бір сиыр бар, оның семіздігі сонша, майы сыртына шығып тұр…

– Тай-құнанды таза етке 2400-2500 аралығында сойып жатырмыз. Таза етін ғана өлшейміз. Ішек-қарын, өкпе-бауыр таразыға түспейді. Ал ірі сиыр болса, 2500 теңгеден, бұқаны 2650 теңгеден қабыл­даймыз, – деп нүктесін қойды.

Оның айтуынша, өзі базардағы сатушы мен ауылдағы шаруаның арасындағы дәнекер, алтын көпір екен. Тетігін тауып, базардағы ет сатушымен де сөйлестік. Күнұзақ сауда орнында еттің ортасында отырып, тұтынушыға қолында барын ұсы­натын Береке есімді сатушы сиыр етін тікелей алуға ынталы екенін айтты.

– Егер де басқалар 2650 теңгеден алып жатса, мен 2700 теңгеден аламын. Хабар­ласыңыз. Бастысы, малдың еті жақ­сы, са­палы, семіз, майлы болуы керек, – деді ол.

Расымен, бұрынырақ 100-120 мың сұрап тұрған баспақтар базарда 200-250 мың шамасында  бағаланып тұр. Ал оның өзі табылғанда ғана. Ал табылмаса тағы қиын. Өңірде мал шаруашылығын қолға алғанына көп болған кәсіпкер Абай Еркінов батыста да мал қалмай бара жатқанын айтады.

– Осыдан төрт жыл бұрын Ақтөбедегі жолдас жігіт ауыл-ауылдан баспақ жинап келіп, өзінің қорасын толтыра алмай жүргенін айтып еді. Бар-жоғы елу басқа арналған қораны толтыра алмайды, бірақ ауыл-ауылдан 100-150 шақты баспақ жинап келеді. Сөйтсем, әлгінің бәрін өзбек ағайындар алып кететін көрінеді. Кешелі бері «біздің ет Өзбекстан асып жатыр» деген әңгімеңіз сол кезден бар. Қазір мал басы азайып кетті, табу қиындады. Бағаның көтерілуі де осыдан болар. Өйткені кез келген баға сұранысқа сай өзгереді, – дейді ол.

Базарда қазір жылқы етінің де, сиыр етінің де бағасы бір-біріне жақындады. Бүгінде келісі 2750 теңгеден жылқы еті сатылса, сиыр етінің келісі 3 мың теңгені дөңге­лек­теген. Ал облыстың ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасындағылар орташа баға туралы мәлім етті.

–  Облыста жыл басынан бері сиыр еті­нің бағасы 7,1%-ға немесе келісі 2539 теңгеден 2718 теңгеге көтерілген болса, республика бойынша 8,4% не­месе 2580 теңгеден 2799 теңгеге өсім құрауда. Ресублика бойынша сиыр етінің қымбаттауы негізінен сыртқы сұраныстың артуынан орын алған. Еліміз еркін нарықтық экономика жолымен дамып келе жатқандықтан ет өндіруші кәсіпкерлер, яғни шаруалар өнімдерін неғұрлым тиім­ді бағаға өткізуге қызығушылық білдіруде. Себебі нарықтық экономика жағдайында мал азығы, жанар-жағар май бағасы, жалақының көтерілуі сияқты шығындары да өсім алған. Сонымен қатар кәсіпкер болып атанған еліміздің кейбір азаматтары да алыпсатар ретінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі елді мекен­деріндегі малды өңірден тыс әкетуге делдалдық қызметтерін көрсетуде. Осы­ның нәтижесінде, облыста өткен жыл­мен салыстырғанда мүйізді ірі қара мал басы 250-280 мың теңгеден 400-450 мың теңгеге қымбаттаған. Ал баспақ бағасы 100-110 мың теңгеден 200-250 мың теңгеге қымбаттаған. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының аумағынан ірі қара малдың аналық басын әкетуге алты ай мерзімге тыйым салынған және Қазақстан аумағынан үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне бұқашықтарды экспорттауға сандық шектеу енгізілген, – дейді басқармадағылар.

Олардың айтуынша, облыс орталы­ғында орналасқан әлеуметтік дүкендерде сиыр етінің келісі 2000 теңгеден сатылып жатқан көрінеді.

Жылқың – жұлдыз, қойың – құндыз немесе ет жеу арманға айнала ма?

– Қазірдің өзінде жілікке жылқы етін 2200 теңгеден нақты ақшаға, 2400 теңгеден бір айға қарызға алып отырмыз. Бұрын сиыр еті жылқы етінен 100 теңге арзан еді. Шаруалар сиыр етін жілікке сойғаннан базарға өткізгенді жақсы көреді. Өйткені одан сәл артығырақ пайда қалатын. Енді жылқы еті жіліктің өзіне 2500 теңгеге барады деп жатыр. Оны біз қалай аламыз? Қазірдің өзінде шаруаларға 5-10 келі деп, өтініш айтып жүрміз. Ертеңгі күні жылдап сөреде тұрған аяғынан басқа не аламыз? – дейді тұрғын Серікболсын Ыбырай.

Рас, қазір қоғамда жанар-жағармайдан бастап, қарапайым тұтынатын заттарға дейін қымбаттаған. Халықтың тұрмысына ең қажеттілердің бағасы ша­рықтауда. Ал айлық жалақы мен зейнетақы, жәрдем­ақыларға қосылған бірнеше мың теңге оның жыртығын жамай алмайды.

Бабалар айтқан «Жылқың – жұлдыз, қойың құндыз болады» деген сөздің расқа айналғаны ма? Қалай десек те, ет бағасын жергілікті шаруалар бірнеше жыл тұ­рақты ұстап келген. Бүгінде бағаны еркіне жібермесе, шығынға батып жат­қанын айтып әлек. Тоқетері, бұл ты­ғырықтан шығудың бір амалы ғана бар. Ол – өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, тиімді жолын қарастыру ғана.

Аян Спандияр,

Суретке түсірген

Нұрболат нұржаубай

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: