Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің №1 оқу ғимаратында жаңа үлгідегі заманауи кітапхана пайдалануға берілді. Қайта жөндеуден өткен оқу ғимараты жаңа кейіпке еніп, студенттер мен оқытушылар үшін қолайлы ортаға айналды. Бұл – университет қабырғасындағы жаңғыртылған екінші кітапхана. Айта кетейік, бұған дейін осындай үлгідегі «open space» форматындағы кітапхана Студенттер сарайында ашылған еді.
Жаңа үлгідегі кітапханада студенттер мен оқытушылар үшін барлық жағдай жасалған. Университет оқу процесін тиімді ұйымдастыру мен ғылыми зерттеулерді қолдауды басым бағыт ретінде қарастырады. Бүгінде университеттің жалпы кітап қоры 2 миллионға жуықтайды. Соның ішінде педагогикалық бағыттағы 300 мыңға жуық оқулық осы кітапханада орналасқан. Университеттің ғылыми кітапханасы «AlemBook» электронды кітапханасымен 5 жылға келісімшартқа отырған. Бұл студенттерге интернет арқылы оқу-әдістемелік құралдарды тегін пайдалану мүмкіндігін береді. Кітапхананың тұсаукесер рәсімі аясында ғылыми жобалармен айналысып жүрген жас ғалымдарға арнайы гранттар табысталды. Биыл гранттың жалпы көлемі 30 миллион теңгеге жеткен. Байқауға университет бойынша 27 жоба ұсынылып, соның ішінде 20 жас ғалымның еңбегі үздік деп танылды. Конкурс талаптарына сәйкес, 40 жасқа дейінгі ғалымдар мен 1-2 курс докторанттары зерттеу жұмыстарын қорғады. Бұл бастама жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу және инновациялық жобаларын қолдауға, университеттің ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған. Қазіргі таңда №1 оқу ғимаратында 1-2 мыңға жуық студент білім алуда. Студенттерге академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы шетелдік жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігі де қарастырылған. Осы орайда жаңа кейіпке енген кітапхана туралы студенттердің пікірін білдік.
– Кітапхана қайта жөндеуден өтеді дегенде дәл осылай, адам танымастай кейіпте өзгереді деп ойламадым. Өте жайлы, әр жерде қуаттағыш, компьютер, ыңғайлы үстел мен орындықтар бар. Осындай оқу орнында білім алып жатқанымызға ризамыз, – дейді «Ая 23-5» оқу тобының 3-курс студенті Әмина Серікбаева.

Жаңа үлгідегі кітапхана студенттердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыра түсті.
– Бұрын кітапханаға жиі келе бермейтінмін. Ал қазір күнде барамын. Шынымен жайлы орында кітап оқуға ынта пайда болды. Жаңа кітапхана бізге жаңа дем берді, – дейді «Ая 23-9» тобының студенті Нұрай Нұртай.
Уақыт талабына сай жаңарған кітапханада жұмыс істейтін кітапханашылар да қуанышты.
– Студенттердің қуанған жүзін көріп біз де марқайып қалдық. Жайлы орта олардың оқуға деген қызығушылығын арттырады. Ең бастысы, осы кітапхананы таза ұстап, бағалай білсе екен, – дейді университеттің ғылыми кітапхана директоры Гүлмира Сатбаева.
Айта кетейік, Ғылым және жоғары білім беру министрі Саясат Нұрбек университет кітапханасы жайлы өз пікірін әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
– Мен өңірлерге іссапармен шыққанда міндетті түрде университеттердің кітапханаларына соғамын. Бұл мен үшін жай ғана формальды кездесу емес. Кітапхана – жоғары оқу орнының шын мәнінде қалай өмір сүріп жатқанын, білімге, студентке және өз болашағына қалай қарайтынын дәл көрсететін ең нақты индикаторлардың бірі. Әрине, жаңа оқу корпустарын салуға, заманауи жабдықтар алуға, ауқымды жобаларды іске қосуға болады. Бірақ егер кітапхана өткеннің кеңістігі болып қала берсе, ол университеттің дамуы толық деп айту қиын. Бүгінде біз ел бойынша университеттік кітапханаларды кешенді түрде жаңғырту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Бұл тек жөндеу жұмысы емес, бұл – көзқарас пен философияның өзгеруі. Бұрын кітапханалар кітап сақтайтын орын болса, қазір пікір алмасуға және бірлесіп жұмыс істеуге арналған ашық интеллектуалдық кеңістік қалыптастыруға бет алдық. Осы ұстанымның мысалы – Қорқыт ата университетінің жаңартылған кітапханасы. Мұнда жарық, заманауи, адамды өзіне тартатын орта қалыптасқан: оқығың келеді, сабаққа дайындалғың келеді, командамен жұмыс істегің келеді. Кітапхананың студенттер үшін тартылыс нүктесіне айналуы – кез келген жаңғыртудың ең адал әрі объективті өлшемі. Осы тұста студенттердің эмоцияларын көру ерекше қуантады. Олардың қызығушылығы, университетімен мақтануы, осы кеңістікте уақыт өткізгісі келуі атқарылған жұмыстың басты нәтижесі. Біз университет кітапханаларын жаңартуға алдағы уақытта да дәйекті түрде инвестиция салуды жалғастырамыз. Себебі дәл осы жерде академиялық мәдениет қалыптасады, білімді өз бетімен іздеу дағдысы орнығады және интеллектуалдық еңбекке деген құрмет өседі, – дейді ол.
Жаңа кітапхананың ашылуы – студенттер үшін ғылымның бастауы болмақ. Өйткені бұл кеңістік енді тек кітап сақтайтын орын ғана емес, жаңа білім мен ізденістің ортасы.
Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!