Сейсенбі, 04 наурыз, 21:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№17, 2130
04.03.2025
PDF мұрағаты

Сұлу Сырда күмбірлейді Алтын домбыра

10.12.2024

235 0

Алтын домбыра әдетінен жаңылмай, тағы да Сырға келді. Шайырлар мен жыраулардың елін әсем үнімен тербетіп, төрге шықты. Алтын домбыра сарапқа салынған сөз зергерлерінің сайысы биыл «Төрлет, еңбек адамы!» деген атпен еңсесі биік Елорда төрінде өткен. Аламанда алдына қара салмаған жерлесіміз Мейірбек Сұлтанхан сол алтынмен апталған домбыраны олжалап, Ақмешіттің абыройын тағы бір асқақтатты.

Қара сөзден қаймақ терген арқалы ақындардың бұл айтысына жер-жерден 14 ақын ат терлетіп арқа төсіне аттанған. Бірінен бірі қалыспайтын, кіл жүйріктің арасынан суырылып шығып, жеңіс тұғырынан көрінген Мейірбек әуелі ақтық сынға шыққан 8 өнерпаздың қатарында болды.

– Мемлекет басшысы келесі жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Сондықтан айтыстың тақырыбын біз «Төрлет, еңбек адамы!» деп еңбек адамына арнап отырмыз. Ақындар тілге тиек етіп, ойға арқау етіп қарапайым еңбек адамдарының бейнесін, еңбегін жан-жақты жырлауды мақсат тұтты, – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев.

Айта кетейік, осыған дейін айтыстың ақтаңгері Мұхтар Ниязов Алтын домбыраны бірнеше мәрте жеңіп алған. Енді ақынның ізбасары Мейірбектің де мерейі үстем болып тұр. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев айтыскер ақынды арнайы құттықтады.

«Мейірбек Сұлтанханның топтан озып, үздік шыққаны туралы ақжолтай хабар жетті. Жыл бойы өткен халықаралық және республикалық айтыстарда жүлделі орын алған 14 ақын бақ сынаған сөз сайысында Сыр өнерінің, руханиятының жұлдызы биікте жарқырағанына бүкіл өңір жұртшылығы қуануда. Айтыстың ақтаңгері Мұхтар Ниязовтан кейін «Алтын домбыраны» иеленген Мейірбек жыр еліндегі сабақтастықтың үзілмегенін тағы бір дәлелдеді. Нартайдың мақамын әуелетіп, атадан балаға мұра болған өнердің өміршеңдігін көрсетті. Еңбек тақырыбын, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсынған «Адал еңбек – адал табыс – адал адам» қағидатын жырлады. Сыр бойында туып, Сарыарқаны құтты қоныс қылған Мейірбек үлкен айтыста азулы ақындарға алдырмас қарсылас болып, көрерменді асыл сөздің нәрімен сусындатты. Табан астынан тауып айтатыны, салмақты ойы үйлесім тауып, оны биікке көтерді», – делінген құттықтау хатында.

«Арқаға барсаң, әншімін деме» деген керемет сөз бар. «Сырға барсаң, жыршымын деме» деп, жалғасын қиыстырған өнер өлкесіндегілер Мейірбектің алған асуына қуануда. Абырой – ортақ. Алтын домбыра Сырдан ұзамасын, ағайын!

Аян СПАНДИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: