Мемлекет басшысының бастамасы – жастарды жұмысшы мамандықтарға бағыттау, олардың әлеуметтік мәртебесін көтеру және қоғамның осы салаларға көзқарасын жақсарту үшін жасалған нақты қадам. «Болашақ» университетінің жоғары колледжі бұл бағытта көп жұмыс атқарып, мемлекеттің болашағы білімде екенін іс жүзінде дәлелдеп келеді.
Жұмысшы мамандықтарды насихаттау және олардың мәртебесін көтеру жолында колледж ұжымы аянбай еңбек етуде. Аталған оқу орнында «Шаштараз өнері», «Электрмен қамтамасыз ету», «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша дуальді оқыту жүйесі іске қосылған. Оның тиімділігі студенттер теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, өндіріске араласады. Білім алушылар тәжірибе барысында нағыз мамандармен бірге жұмыс істей отырып, өз біліктілігін арттырады. Тәжірибеде біліктіліктерін арттыру үшін мамандықтар бойынша мекемелермен келісім-шартқа отырған. Мекемелерде білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілердің болашақ маманның кәсіби және әлеуметтік бейімделуі бойынша оқу үрдісінде теориялық және тәжірибелік дайындықты біріктіріп, бір уақытта екі мәселені шешетін өзара әрекеттесуі болып отыр.
Аталған мамандықтар бойынша WorldSkills халықаралық чемпионаттарына қатысуға да үлкен көңіл бөлінеді. Мұндай жарыстар техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне жастарды тарту, оқытудың тәсілін арттыру және шеберлік дағдысын дамыту үшін керек. Жұмысшы мамандықтарының білім алушылары қазіргі таңда нарықта сұранысқа ие. Оның дәлелі – жыл сайын бітіруші студенттеріміздің 80-85 пайызының жұмыспен қамтылуы. 2025 жылдың «жұмысшы мамандықтар жылы» болып аталуы білім беру ұйымы мен еңбек нарығы арасындағы ынтымақтастық нығая түсіп, жастардың жұмысшы мамандығына қызығушылығын арттырады.
Мемлекет басшысының халқымызға арнаған Жолдауы ел дамуына жаңа серпін беріп қана қоймай, жұмысшы мамандығының беделін де көтереді деп ойлаймын.
Гүльвира Ешжанова,
«Болашақ» университеті директорының
оқу ісі жөніндегі орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!