Жексенбі, 24 қараша, 21:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Су қателікті кешірмейді

27.07.2024

395 0

25 шілде – Дүниежүзілік суға батудың алдын алу күні. БҰҰ ақпаратына сүйенсек, жыл сайын әлемде 236 600 адам суға батып, қайғылы жағдайға ұшырайды. Суға бату салдарынан өлім-жітімнің 90%-дан астамы өзендерде, көлдерде, құдықтарда және тұрмыстық су қоймаларында, бассейндерде болады. Бұл күні түрлі ұйымдар мен қоғамдық қозғалыстар суға кетудің алдын алу туралы ақпарат таратып, судағы қауіпсіздікті насихаттау үшін бас қосады.
Дүниежүзілік суға батудың алдын алу күнінің бастамаларына жүзу дағдыларын үйрету, су қауіпсіздігі туралы ақпарат беру, құтқару туралы ақпаратты тарату кіреді. Бұл күні сонымен қатар суда құтқару құралдарының қолжетімділігі мен қауіпсіз су нысандарын салудың маңызы атап өтіледі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпараттық бюллетень мәліметіне сәйкес, суға кетудің алдын алудың көптеген жолдары бар. Су айдындарын қауіпсіз ету үшін шаралар қабылдау, бассейндерді қоршау және балаларды қараусыз суда шомылуына шектеу қою арқылы қайғылы жағдайларды айтарлықтай азайтуға болады.
Жақында Төтенше жағдайлар министрлігі жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында бір апталық «Балаларды суда қорғаңыздар» республикалық акциясын бастады. Шомылу маусымы басталғаннан бері еліміздің су айдындарында қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Төтенше жағдайлар министрлігі ақпараты бойынша құтқарушылар 160 адамды, оның ішінде 44 баланы құтқарған. Жыл басынан бері 55 070 рейд және патрульдеу жүргізілген. 11 887 адам жалпы 87 551 448 теңге құрайтын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша «Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзу немесе орындамау» бойынша ТЖМ қызметкерлеріне 767 азаматқа 19 млн 822 мың теңге айыппұл салынды, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 8 есе артық дейді ресми ақпаратта.

Жүзу дағдыларын үйрену маңызды

Балаларға құтқару кеудешелерін және басқа да қауіпсіздік құралдарын пайдалануды үйрету маңызды. Жүзуді үйретуден бастап, суға бату қаупі және оның алдын алу шаралары туралы ақпаратты кеңінен жүргізу өте маңызды.
Қазақстан Республикасы Су спорты феде­рациясының вице-президенті Қанат Сахария «Forbes.kz» сайтында жариялаған сұхбатында суда жүзуді мектеп бағдарламасына енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін жүзуді барлық балаларға қолжетімді етуді, мектеп бағдарламасына жеке пән ретінде енгізуді ұсынып отыр. Төтенше жағдайлар министрлігі­нің ақпаратына сүйенсек, жыл сайын кәмелетке толмаған азаматтарға жүзу дағдыларын үйрету сабақтары мен оқыту жүргізіледі екен. Мәселен, 32 мыңнан астам балаға жүзу дағдыларына үйретті, 4 мыңға жуық қоғамдық құтқарушы дайындалды.
ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Жандос Жүгінісов БАҚ өкілдеріне берген брифингте аймақта 8 лагерьге арнайы барып, департамент қызметкерлері 2893 жасөспірімге жүзуді үйреткенін атап өтті.
– Суға түсу маусымы басталған кезде лагерьлерге қызметкерлеріміз барып, жүзуді, қауіпсіздік ережелерін үйретеді. Сондай-ақ облыс әкімінің қаулысына сәйкес, облыс аумағында 4 коммуналдық жағажай ашылған, одан бөлек бір жеке жағажай бар. Жалпы облыс бойынша 18 стационарлық және 6 модульді бассейн орнатылған. Қосымша кәсіпкерлік тарапынан жазғы демалыс орындарында 11 стационарлық бассейн бар, – дейді азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы.

Аймақтағы су қауіпсіздігі

Облыстағы су айдындарында, әсіресе Сырдария өзенінде жыл сайын азаматтардың әр түрлі себеппен қайғылы жағдайға ұшырауы, суға түсу маусымында балалардың судағы қауіпсіздігі өзекті мәселе болып отыр. Суда адамдардың қаза болуының басты себебі – қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу және су көліктеріндегі қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамауы.
– Су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдайлар департаменті облыс аумағында адамдар көп шоғырланатын ойын-сауық орталықтарында, сауда орындары, теміржол, автовокзал секілді орындарда судағы қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, үнпарақ таратуда, – дейді Жандос Жүгінісов.
Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының айтуынша, облыс аумағында суға шомылуға тыйым салынған 63 қауіпті аймақ бар. Жыл басынан бері бұл орындарға 334 ескерту тақтайшасы ілініп, 92 билборд орнатылған.
– Департамент тарапынан суға түсуге қауіпті аймақтарда күнделікті сағат 11:00-ден кешкі 22:00 аралығында рейд және профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылған. Облыс ішінде судағы қауіпсіздік туралы танымал тұлғалардың қатысуымен, әншілер мен блогерлермен бірлесе судағы қауіпсіздік туралы бейнероликтер түсіріліп көрсетіледі, – дейді маман.
Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде дрондардың пайдасы өте көп. Әсіресе дрон арқылы беймезгіл уақытта суға түсу фактілерін анықтауға көмек көрсетеді.
– Бүгінде жауапты сала мамандарымен бірге 1 435 рейд жүргізіліп, жадынамалар таратылды. Бұл профилактикалық жұмыстарға 575 ерікті жұмылдырылды. 46 мыңнан астам тұрғынға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілген. Облыс аймағындағы рейдтік жұмыстар барысында белгіленбеген орындарға суға шомылған жеке тұлғаларға 33 әкімшілік хаттама толтырылып, 431 964 теңге өндірілді. Қызылорда облысының Полиция департаментімен бірлесіп, ҚР ҚР ӘҚБтК туралы Кодексінің 364-бабы бойынша 107 адамға ескерту шарасы көріліп, Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу бойынша 2914 азаматқа әкімшілік шара көрілді, – дейді Ж.Жүгінісов.
Дүниежүзілік суға батудың алдын алу күні адам өмірі бәрінен қымбат екенін және қайғылы оқиғалардың алдын алуға болатынын әрбір адам­ның есіне салады.

София Темірболат

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: