Биыл Сырдария өзеніне күткендегіден артық су түседі деген болжам бар. Әзірге болжам болса да, қай мәселеге де ерте қамданғанның тиімділігі көп.
Жақында аймақ басшысының тапсырмасымен қала әкімі Нұржан Ахатов дария бойындағы қорғаныс бөгеттерінің дайындығын көріп, су тасқынын болдырмау жолдарын пысықтады. Жауапты мекеме басшыларына нақты тапсырма жүктеп, барлық күшті жұмылдыру қажет екендігін ескертті.
Қазірдің өзінде Сырдария өзеніне жоғарыдан жіберілетін судың мөлшері секундына 400 текше метрді құрап отыр. Мамандардың айтуынша, бұл аз су емес. Аяз түсіп, мұз ұстасқанда дария деңгейі шамадан тыс көтерілуі ықтимал. Сондықтан Қызылорда қаласының аумағы бойынша Сырдария өзенінің оң жағалауында 65 шақырым, сол жағалауында 23,5 шақырымды құрайтын қорғаныс бөгетін барынша нығайту қажет. Бүгінде дария бойына кезекшілік қойылып, бақылау күшейді.
Оған қоса қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебайдың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысы өтті. Комиссияда 2024-2025 жылдардың қыс-көктем айларында су тасқыны қаупін болдырмау, алдын алу шаралары қаралды.
– Бірінші кезектегі жұмыс, өткен жылғы су деңгейіне талдау жасау назарға алынуы тиіс. Екіншіден, су тасқыны қаупі бар аймақтардың тәуекел дәрежесін нақтылау керек. Үшіншіден, жер қара, күн жылы кезде қам-қаракетті күшейтіп, дамбыларды бекемдеуге бел шеше кіріскен жөн, – деді Ғалымжан Бақтығалиұлы.
Қазірдің өзінде Сырдария өзенінің екі жағалауындағы қорғаныс бөгетін барынша бақылауға алу қажет. Сол үшін үздіксіз кезекшілік ұйымдастырылып, жағдай жіті қадағаланып отыруы тиіс. Бұл жұмыс қолға алынды.
Сонымен қатар комиссия отырысында қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай өзен бойындағы су қауіпсіздігіне жауапты 22 мекемеге уақытпен санаспай, қала аумағындағы қорғаныс бөгеттерін күшейтуге жұмылып, қажетті шараларға атсалысуды тапсырды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!