Еліміздің 5 өңірінде су тасқыны болады деп қауіп бар. Бұл туралы Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, Төтенше жағдайлар министрлігі мен басқа да мемлеттік органдар су тасқынына қарсы дайындық жұмыстарын жүргізуде.
– Қазіргі уақытта «Тасқын» жүйесі бойынша су тасқыны болуы мүмкін бес өңір анықталды. Бұл – Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Абай, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары. 1 наурыздан бастап бізде тәулік бойы жұмыс істейтін жедел штаб құрылды. Жергілікті атқарушы органдар ескерту шараларын қабылдады, инженерлік жұмыстар жүргізілді. Елді-мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Жағдай бақылауда. Біздің күш-құралдар су тасқынына дайын, – деді вице-министр.
Су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайларды жою және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жалпы саны 39 мың адамнан асатын азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарының республикалық және өңірлік топтары құрылған. Сондай-ақ 18 мыңнан астам техника мен арнайы құралдар дайындалған.
Ал Сыр өңірінде су деңгейі тұрақты бақылауда. Бүгінде жауапты сала мамандары, тиісті мекемелер тәулік бойы мониторинг жүргізіп отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте «Қазсушар» РМК Қызылорда облысы филиалы директорының орынбасары Айдос Асанбаев айтты.
– Қызылорда облысындағы су тасқынына негізгі әсер етуші Сырдария өзені. Өзен бойында стратегиялық маңызы бар Қызылорда, Әйтек, Қазалы және Ақлақ су тораптары орналасқан. Қазіргі уақытта облыс аумағына Сырдария арқылы секундына 178 м³/сек су келуде. Қызылорда су торабынан 150 м³/сек, Әйтек су торабынан 110 м³/сек, Қараөзек арнасы арқылы 30 м³/сек су жіберілуде. Ал Қазалы су торабынан 95 м³/сек, Ақлақ су торабынан 70 м³/сек су Кіші Арал теңізіне бағытталуда. Күннің жылынуына байланысты өзеннің оңтүстік және орталық бөліктері мұздан толық тазарған. Қызылорда және Сырдария аудандары аумағында өзен ашылып, су тораптары реттеліп, Жаңадария, Жаңаарық және басқа да каналдарға көлдер жүйесі мен жайылымдарды суландыру үшін су жіберілуде. Ал Қазалы мен Ақлақ су тораптары маңында өзен толық ашылмағандықтан, транзиттік режимде жұмыс істеп тұр. Мұз жүру кезеңінде кептелістің алдын алу үшін Қазалы су торабында арнайы драглайн техникасы кезекшілікке қойылды, – деді ол.
«Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Сейітқасым Әбуовтың айтуынша, стратегиялық маңызы бар су тораптарының жұмысы қадағалануда. Қажет болған жағдайда суды реттеу және қауіптің алдын алу үшін тиісті шаралар қабылданады. Бүгінде Шардара су қоймасына 5009 млн м³ су жиналған. Қоймаға секундына 1176,4 м³ су түсіп, төменгі ағысқа 600 м³/сек көлемінде жіберілуде. Сонымен қатар Көксарай су реттегішіне де су қабылдануда. Сырдария арқылы келетін су көлемінің Қызылорда су торабына жетуі шамамен 12-13 тәулік, ал Қазалы су торабына 21–22 тәулік уақыт алады. Сондықтан қазіргі жағдайда көктемгі су тасқыны қаупі жоқ. Жалпы облыс аумағындағы су шаруашылығы жағдайы тұрақты және тәулік бойы бақылауда.
«Ақмешіт-ақпарат»
Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАЙБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!