Табиғаттың баға жетпес байлығы, тіршіліктің алтын діңгегі су ресурстарының сарқылуы бүгінде жаһандық мәселеге айналып отыр. Әлем бойынша тұщы су қорының азаюы адамзатты терең ойға салып, үнемдеу мәселесін күн тәртібіне шығарды. Осындай маңызды тақырыпты зерттеп, өз жобасы арқылы су үнемдеудің қарапайым әрі тиімді жолын көрсеткен №290 «Келешек мектебінің» 3 «Ә» сынып оқушысы Сайфуддин Өрікбайдың ізденісі көпке үлгі боларлықтай. Жас зерттеуші су ағысын бақылау арқылы ысырапты азайтуға болатынын тәжірибе жүзінде дәлелдеген екен.
– Жобамның тақырыбы суды үнемдеу мен оның ағымы арасындағы байланысқа негізделген. Егер біз бүгін суды үнемдеп үйренбесек, су тапшылығына тап болуымыз әбден мүмкін, – дейді Сайфуддин Өрікбай.
Ол өз жұмысы арқылы күнделікті тұрмыстағы су шығынын азайтудың нақты тетіктерін көрсетуді мақсат тұтқан. Оның пайымдауынша, адамдардың көбі суды шексіз пайдаланғанымен, оны үнемдеудің қарапайым әдістерінен бейхабар. Оқушы өз тәжірибесінде суды үнемді пайдалану арқылы үлкен нәтижеге қол жеткізуге болатынын айтады.
– Күнделікті өмірде су құбырында су ағысын реттейтін «аэратор» деп аталатын арнайы сүзгілер болады. Ол судың шашырамай, бірқалыпты ағуын қамтамасыз етеді. Мен өз тәжірибемде аэратордың орнына арнайы бақылау түтікшесін қолданып, орналастырдым, – деп түсіндірді ол.
Тәжірибе барысында анықталғандай, суды бірқалыпты деңгейде реттеу арқылы айтарлықтай үнемге қол жеткізуге болады. Сайфуддиннің айтуынша, егер бақылау клапаны толығымен жабылса, су толықтай тоқтайды, сондықтан клапанды ақырындап ашу арқылы судың жай ағуына жағдай жасау керек. Осылайша, су жан-жаққа шашырамайды және қажетті мөлшерден артық жұмсалмайды.
Жас зерттеуші суды үнемдеу ісі ең алдымен әр адамның күнделікті әдетін өзгертуден басталуы керек деп есептейді. Ол үшін кранды ашық қалдырмау, бұзылған құбырларды дер кезінде жөндеу және тіс тазалау немесе ыдыс жуу кезінде суды бейберекет ағызбау керек.
– Суды үнемдеудің жолдары бар. Мысалы, кранды ашық қалдырмау керек, су тамшылап тұрған құбырларды уақытында жөндеу керек, ыдыс жуған кезде немесе тіс тазалағанда суды босқа ағызбау қажет. Егер әр адам осындай қарапайым ережелерді сақтаса, су көп мөлшерде үнемделер еді, – дейді Сайфуддин Өрікбай.
София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!