Әр тамшы судың сұрауы бар. Бүгінде әлемді толғандырған су тапшылығы мәселесіне №290 «Келешек мектебінің» 3 «В» сынып оқушысы Толқын Қайрат ерекше шешім тапты. Кішкентай зерттеуші «Қар мен жаңбыр суын жинау арқылы суды үнемдеу» атты тың жобасын ұсынып, көпшілікті қызықтыруда. Табиғат сыйын тұрмыста кәдеге жаратудың ең тиімді жолын зерттеген жас зерттеушімен сұхбаттасуды жөн көрдік.
– Су мәселесі – бүгінгі күннің өзекті тақырыбы. Сенің бұл бағытқа бет бұрып, нақты осы жобаны қолға алуыңа не түрткі болды?
– Жер бетіндегі судың барлығы бірдей ішуге жарамды емес екенін білеміз. Тұщы су қоры өте аз, сондықтан оны әрбір тамшысына дейін қадірлеу біздің парызымыз. Күнделікті өмірде адамдардың ауызсуды бақша суаруға немесе басқа да шаруаларға жұмсап жатқанын көргенде «осының баламасы бар ма?» деген сауал мазалады. Жаңбыр мен қар суын неге кәдеге жаратпасқа? Осы қызығушылық мені ізденіске жетеледі. Осы жобаны ғылыми жетекшім Райкүл Ерханқызымен бірге дайындадық. Ұстазым маған бағыт-бағдар беріп, зерттеу жүргізуді және судың көлемін есептеуді үйретті. Екеуміз ақылдаса отырып, суды үнемдеудің ең оңай жолын таптық. Жобамның негізгі мақсаты – табиғат берген ресурсты бос жібермей, оны іске асырудың ең қарапайым әрі тиімді жолдарын дәлелдеп шығу болды.
– Өзің жасаған макеттің жұмыс істеу механизміне тоқталсаң. Су жинау және тазарту процесі қалай жүзеге асады?
– Мен жасаған жүйе өте қарапайым, бірақ тиімді. Жаңбыр жауғанда немесе қар ерігенде су шатырға жиналып, арнайы науалар арқылы құбырға бағытталады. Мұндағы ең маңызды кезең – тазарту. Су ең алдымен ірі қоқыстар мен жапырақтарды ұстап қалатын бірінші сүзгіден өтеді. Содан соң табиғи сүзгіден өтіп, ыдысқа құйылады. Макетті өз қолыммен жасау барысында судың ағу жолы мен сүзгі жүйесінің айқын көрінуіне, жүйелілігіне баса назар аудардым.
– Зерттеу барысында бұл әдістің қандай пайдасы бар екенін анықтадың? Оның экологиялық және экономикалық тиімділігі қандай?
– Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, бұл жүйені кез келген үйге немесе мектепке орнатуға болады. Жиналған суды өсімдік суаруға, аула тазалауға және шаруашылық жұмысына пайдалана аламыз. Бұл ең алдымен, ауызсуды үнемдеу. Экологиялық тұрғыдан алсақ, суды шамадан тыс пайдалануды азайтамыз. Сонымен қатар жаңбыр суында химиялық қоспалар аз болғандықтан, топырақ пен өсімдік үшін де өте пайдалы. Ал экономикалық жағынан, орталықтандырылған су жүйесіне кететін шығынды азайтып, отбасы бюджетін үнемдеуге зор мүмкіндік береді.
– Судың мөлшерін есептейтін арнайы формуланы да ұсыныпсың. Осы математикалық болжамдарың туралы айтып берсең.
– Жиналатын су көлемін анықтау үшін V = S × P × k формуласын зерттедім. Мұндағы S – шатырдың ауданы, P – жауын-шашын мөлшері, ал k – су жинау коэффициенті. Мысалы, ауданы 100 шаршы метр болатын металл шатырдан бір айда 2000 литрге дейін су жинауға болады екен. Бұл – өте үлкен су көлемі. Болашақта бұл жобаны заманауи технологиямен ұштастырып, сүзгісі өзін-өзі тазартатын және су толғанда хабар беретін «ақылды су жинағыш» жүйесіне айналдырғым келеді.
– Өзің сияқты жас ізденушілерге қандай кеңес айтар едің?
– Табиғатты қорғау тек үлкендердің ғана міндеті емес. Әрбір оқушы суды үнемдеуді, айналаны таза ұстап, табиғатты сақтауға өз үлесін қоса алады. Егер біз кішкентай кезімізден табиғатқа жанашыр болсақ, болашағымыз да жарқын болары анық.
Сұхбаттасқан София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!