Дүйсенбі, 25 қараша, 01:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Судың жайы әлі де өзекті

17.08.2024

215 0

Сурет: zastavki.com

Қызылордалықтар үшін жаз мезгілінде су қысымының төмендеуі өзекті мәселеге айналады. Биыл 6 айда қалаға 8,4 миллион текше метр су тартылған екен. Ал ол тұрғындар қолданысына дейін 5 кезеңнен тұратын механикалық тазартудан өткізіледі. Қала әкімі Нұржан Ахатовтың төрағалығымен өткен қоғамдық кеңестің кезекті отырысында осы және өзге де маңызды мәселелер қозғалды.

Кеңесте қала басшысы халықтың талап-тілегін атқарушы билікке жеткізуде қоғамдық кеңестің рөлі зор екендігін тілге тиек етті.

– Қаламыздың қоғамдық-саяси, мәдени-рухани өміріне етене араласып, түрлі салаларда абыройлы еңбек етіп жүрген өздеріңізбен жақсы таныспын. Нағыз қоғам жанашырлары іріктелген құрам алдағы уақытта шаһарымыздағы күрмеулі мәселелерді шешуде аянбай еңбек ете береді деп сенемін, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Жиында қозғалған алғашқы мәселе халықты сапалы ауыз сумен қамту жайы болды. Бүгінде қызылордалықтарға 78 ұңғыма арқылы және жер үсті су көзінен тәулігіне 85-90 мың текше метр су беріледі. Дегенмен жеке сектордағы тұрғындардың ауыз суды мақсатты жағдайда пайдаланбауы су шығынын көбейтіп, қысымның төмендеуіне әкелуде. Бұл ретте кеңес мүшелері тұтынушылардың қарызын өндіруге күш салу керектігін айтып, рейдтік бақылаулар ұйымдастыруды ұсынды.

Отырыста сонымен бірге мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз орта құру жайы да талқыланды. Қазіргі таңда қалада 11557 адам мүмкіндігі шектеулілер санатында. Ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін инфрақұрылымды жақсарту үшін 225 нысанды бейімдеу көзделсе, бүгінде оның 70 пайызы стандартқа сәйкестендірілген екен. Қоғамдық көлікке мініп, түсуін оңтайландыру мақсатында арнайы қондырғылар жұмыс істейді. Сонымен бірге мүгедек жандар үшін қалада арнаулы 55 бағдаршам орнатылған. Бұдан бөлек 700-ге жуық мүгедектігі бар азаматқа 16 автокөлік «Инватакси» қызметін көрсетеді.

Үшінші мәселе бойынша кеңес отырысында Ақсуат ауылдық округінің әкімі екінші тоқсанда атқарылған жұмыстар барысын баяндады. Ауылдық округ әкімдігі бүгінде 5 түрлі бағыт бойынша «Электронды Үкімет» веб-порталы арқылы 84 жеке және заңды тұлғаға мемлекеттік қызмет көрсеткен. Округте жер учаскесін алу үшін 190 тұрғын кезекке тіркелген. Ауылда бұдан өзге де ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстармен қоғамдық кеңес мүшелері арнайы танысатын болады.

 «Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: