Жаз айының аптап ыстығында суға шомылуға асыққан тұрғындар, әсіресе балалар мен жасөспірімдер қауіпті елемей, рұқсат етілмеген су айдындарына түсуде. Соңғы уақытта аймақта тіркелген қайғылы оқиғалар бұл мәселеге бейжай қарауға болмайтынын көрсетіп отыр.
Суға шомылу маусымы басталғалы өңірде балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуда. Қайғылы оқиғалардың көбеюіне байланысты арнайы рейд жүргізілуде. Мамандар тыйым салынған аумақтарда суға түскендерге ескерту жасап, заңға сәйкес айыппұл салынатынын да еске салуда.
Осыған орай Қызылорда қаласы әкімдігі, облыстық білім басқармасы, Төтенше жағдайлар және Полиция департаменттері бірлесіп, күн сайын профилактикалық рейдтер ұйымдастыруда. Арнайы құрылған топтар қала маңындағы өзен-көлдер мен каналдардың бойын аралап, қауіпсіздік ережелерін түсіндіруде. Қауіпсіздік шараларын сақтамағандарға қатысты тиісті шаралар қолданылуда.
Рейд барысында суға түсуге тыйым салынған аумақтарда жүрген бір топ мектеп оқушысы мен ересек азаматтар анықталды. Оқушылардың ата-аналары шақыртылып, мектеп әкімшілігіне ескерту берілсе, ересектерге әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Бұл жұмыстардың барлығы қайғылы жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
– Қазіргі таңда Қызылорда облысының білім басқармасы, төтенше жағдайлар департаменті және полиция департаменті қала әкімдігімен бірлесіп, жоспарлы түрде алдын алу шараларын жүргізіп жатыр. Өкінішке қарай, суға шомылу маусымы басталғалы бірнеше қайғылы жағдай тіркелді. Сондықтан ата – аналардан балаларын қараусыз қалдырмауды, белгіленбеген жерлерге суға жібермеуді және түнгі уақытта үйден жалғыз шығармауды сұраймыз, – дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Жаңаберген Парасатұлы.
Су – тілсіз жау. Салғырттық соңы орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Әсіресе жазғы демалыс уақытында балалардың қауіпсіздігіне жіті мән беру – ата ананың ғана емес, қоғамның ортақ міндеті.
– Жыл басынан бері су айдындарында қауіпсіздік ережесін бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің №412 бабы бойынша 13 хаттама толтырылды. Алдағы уақытта да рейдтік жұмыстар жиі жүргізіледі. Биылдың өзінде 14 адам рұқсат етілмеген жерде суға түсіп, қаза тапты. Оның ішінде 7–еуі балалар. Сондықтан балаларды тек қауіпсіз, арнайы жабдықталған орындарға ғана суға түсуге рұқсат етіңіздер. Қазір жазғы демалыс болғандықтан, балаларды қараусыз қалдырмаңыздар, – дейді ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, майор Жандос Жүгінісов.
Мамандардың айтуынша, қауіпсіздік шаралары сақталған арнайы жағажайларда құтқарушылар кезекшілік етеді. Ал тыйым салынған аумақтарда мұндай бақылау жоқ. Сондықтан кез келген жағдайда бірінші кезекте әрбір адам өз өмірінің қауіпсіздігін ойлаған жөн.
А.КЕТЕБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!