Дүйсенбі, 16 маусым, 00:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№43 – 2156
14.06.2025
PDF мұрағаты

Сыңғырла, күміс қоңырау!

24.05.2025

277 0

Тағы бір оқу жылы аяқталды. Бұл күн әсіресе мектеп түлектері үшін маңызды. Жүрегі лүпілдеп, білім ұясынан түлеп ұшқан түлекті енді мектеп бітіру салтанаты, одан кейін ҰБТ сынағы, мамандық таңдау күтіп тұр. Кеше республика бойынша 200 мыңнан астам оқушы мектеп бітірді. «Мектебім, саған мың алғыс» тақырыбында түлектердің мектеп бітіру салтанаты болып өтті.

Кейінгі жылдары мектеп бітіру кешінің өзі біраз қаржыны талап ететіні жиі айтылады. Салтанатты кеш, безендіру, әдемі киім, сыйлық және тағысын-тағы айналып келгенде ата-ананың қалтасына салмақ екені даусыз. Қоғам үшін ең бастысы, сән-салтанат емес, саналы тәрбие мен сапалы білім алған ұрпақтың өмірден өз орнын табуы екені белгілі. Бұл мәселе Үкімет отырысында да айтылып, Үкімет басшысы Олжас Бектенов  балаларды қай жаста да қараусыз қалдырмау қажеттігін айтты.

 – Ата-аналарға айтарым, мектеп бітіру кештерінде, ең бастысы жазғы демалыс кезінде балаларды қараусыз қалдырмаған жөн. Осыған баса көңіл бөлуді сұраймын. Ата-ананың аялы алақаны мен мейІрімі баланың жанын жақсылыққа бөлейді. Олардың бойындағы адамгершілік негіздері, қоғамдық ортадағы іс-әрекеті мен отаншылдық қасиеттерінің барлығы, бірінші кезекте отбасында қалыптасады. Ешқандай министрлік ата-ана қамқорлығы мен тәрбиесін алмастыра алмайды. Еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеу – мемлекет пен қоғамның бірлескен үлкен еңбегінің жемісі. Сондықтан саналы, білімді және нағыз отаншыл азаматтарды қалыптастыруда күш-жігерімізді нығайта түсейік дегім келеді», – деп атап өтті Үкімет басшысы.

Мектеп бітіру кешінде басы артық шығын шығаруға жол берілмейтіндігі туралы Қызылорда облыстық білім басқар­масының басшысы Асқарбек Есжанов БАҚ өкілдеріне берген брифингте атап айтты.

– Мектеп бітіру кештерін шамадан тыс сән-салтанатпен атап өту, кортеж ұйымдастыру, қымбат сыйлықтар беру сияқты әрекеттерге жол берілмеуі қажет. Мұндай даңғазалықтың кеңінен тарауына ешқашан рұқсат етпеуіміз керек. Балаларды білімнің шынайы мағынасы мен ұстаз еңбегін құрметтеуге тәрбиелеу – біздің ортақ міндетіміз. Осы мақсатта барлық білім беру ұйымдарына арнайы нұсқаулар беріліп, ата-аналармен жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – деді ол.

Мемлекет тарапынан жастардың сапалы білім алуы, оларды жұмыспен қамту – басты назарда. Түлектердің мамандық алуы үшін оқу орындарында мемлекеттік грант жылдан-жылға артып келеді.

Ғылым және жоғары білім министр­лігінің мәліметінше, қазіргі уақытта республикада 122 жоғары оқу орны, оның ішінде 10 зерттеу жоғары оқу орны және 23 филиал жұмыс істейді. 2024-2025 оқу жылында азаматтық жоғары оқу орындарында 680 мыңнан астам студент оқиды, оның ішінде 624,5 мыңы бакалавриатта, 39,2 мыңы магистратурада, 7,6 мыңы докторантурада және 8,9 мыңы резидентурада білім алуда. Кейінгі жылдары жастар педагогикалық мамандықтар, бизнес, басқару және құқық, инженерлік ғылымдар, ақпараттық-комму­никациялық технологиялар, денсаулық сақтау – 10,3 мың және ауыл шаруашылығы саласын таңдаған.

Ғылым және жоғары білім министр­лігі келтірген дерекке сәйкес, бүгінде Қазақстанның жоғары оқу орындарында 31,5 мың шетелдік студент оқиды. Алғаш рет Азиядан келген студенттердің саны ТМД елдерінен келген студенттердің санынан асып түсті, Азия елдерінен – 17456 адам болса, ал ТМД елдерінен – 12816 адам.

Студенттерді жұмыспен қамту шең­бе­рінде 30 мыңнан астам студентті қамтитын «Жасыл ел» жобалары мен құрылыс отрядтары іске асырылуда. Сондай-ақ 140 мыңға жуық студентті қамтитын оқу және өндірістік практика жүзеге асуда. Айта кету керек, кәсіптік практикадан өту кезінде білім алушы белгілі бір еңбек міндеттерін орындай­ды, олар білім алушының еңбек өтіліне есептеледі.

Соңғы 5 жылда Қазақстанда гранттар саны 1,4 есеге өскен. 2024-2025 оқу жылына 93116 грант бөлінді (бакалавриат – 77084, магистратура – 13113, докторантура – 2919).

Сонымен қатар биылғы 1 қыркүйектен бастап білім алушылардың стипендиясы өседі. Бакалавриат үшін стипендияның өлшемі 52372 теңге, магистратурада 117098 теңге және докторанттар үшін 262500 теңгені құрайтын болады. Яғни, биыл бакалавриат деңгейінде стипендия көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 2 есеге, ал магистратура және докторантура деңгейінде 1,75 есеге артпақ.

Айта кетелік, биыл  республика бойын­ша мектеп бітіруші түлектердің 183 мыңы ҰБТ-ға тіркелген. Өткен жыл­мен салыстыр­ғанда тест тапсыруға қатыса­тындар саны 30 мыңға артқан.

Ал Қызылорда қаласы бойынша 3895 оқушы мектеп бітірді. Оның ішінде 273 оқушы «Алтын белгіге» үміткер. Қалалық білім бөлімінің баспасөз қыз­метінің хабарлауынша, мектеп бі­тіру кешінде қаржы талап ететін безен­дірулер, аниматорлар, мерекелік агент­тіктер, студиялар тартуға, мерекелік дастархан ұйымдастыруға, автокөлікпен кортеджге, экскурсияға шығуға, табиғат аясына серуендеуге, өзен-көлдерге, шағын су алаптарына суға түсуіне тыйым салынған.

Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: