Сыр медицинасы серпінді дамуда деп ауыз толтырып айтарлықтай жағдайға жеттік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен аймақта денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған кешенді шаралар нәтижелі жүзеге асуда. Бұл шаралардың басты мақсаты – халықтың медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыру. Осы мақсатта облыс орталығында заманауи ғимараттардың іргетасы қаланды. Ауқымды жобалардың жүзеге асу барысын Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова аралап көрді.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Парламент Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов «Қамқорлық» ерте араласу орталығының және жұқпалы аурулар ауруханасының жұмысымен танысты.
Аймақта жыл сайын шамамен 20 мың нәресте дүниеге келеді, ал 18 жасқа дейінгі балалар саны 322 мыңға жетеді. Балаларды оңалту қызметінің қолжетімділігін арттыру мақсатында 2022 жылы «Қамқорлық» орталығы ашылған. Орталық ашылған төрт жыл ішінде 6000-ға жуық бала оңалту қызметін алған. Қозғалу, сөйлеу дағдыларын дамытып, әлеуметтік бейімделудің маңызды кезеңдерін сәтті аяқтады. Мұнда балаларға медициналық және педагогикалық көмек көрсетіледі.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы 2024 жылы кешенді күрделі жөндеуден өтіп, өткен жылдың соңында ел игілігіне берілді. Қазіргі таңда жаңартылған бөлімшелер пациенттер мен медицина қызметкерлерінің жоғары бағасын алуда. Соңғы үш жылда аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 590840153 теңге қаржы бөлінген, 49 млн теңгеге 2 автокөлік сатып алынды. Өткен жылы клиникалық фармакология және госпитальдық фармация бөлімшесі ашылып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Шет аймақ тұрғындарының қуанышы
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және ҚР Парламент депутаттары Титов қыстағындағы жаңа емхананың іргетасын қалау рәсіміне қатысты.
Облыс әкімі тұрғындарды жаңа нысанның құрылысы басталуымен құттықтады.
– Мемлекеттің ең басты байлығы – адам, адамдағы байлықтың негізгісі – денсаулық. Деннің саулығы – мемлекеттің дамуы мен өркендеуінің арқауы.
Президентіміздің әлеуметтік саясаттағы басым бағыттарының бірі де – халыққа тиімді әрі сапалы медициналық қызмет ұсыну. Бүгін біз Қызылорда қаласы үшін, соның ішінде Титов мөлтек ауданының 40 мыңнан астам тұрғындары үшін аса маңызды, тарихи сәттің басында тұрмыз. Ауысымына 400 келушіге арналған №5 қалалық емхананың жаңа ғимаратының іргетасын қалау рәсіміне куә болуға жиналдық. Жалпы 9 млрд 823 млн теңгеге салынатын жаңа емхана ғимаратының аумағы 9 мың шаршы метр, заманауи талаптарға сай жоғары сапалы технологиялармен жабдықталады. Бұл – ана мен бала өмірін сақтауға, қазыналы қарттарымыздың денсаулығын жақсартуға бағытталған мемлекет қолдауы. Алдағы уақытта да өңір халқының өмір сапасын арттыруға арналған кешенді жұмыстар жалғасады, – деді Н.Нәлібаев.
Іс-шарада Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы сөз сөйлеп, Сыр медицинасы дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап айтты.
– Медицина саласындағы ауқымды жұмыстардың негізгі мақсаты – халықтың денсаулығын жақсарту. Бұл бағыттағы ауқымды жобалар биыл да жалғасады. Еліміздің ең басты байлығы – адам. Демек, адамдардың денсаулығы да бірінші орында екені анық. Республика бойынша 800-ден астам медицина нысаны бой көтерсе, соның 650-ден астамы ауылдық жерде салынуда. Ал оның 270-і елді мекендерде бұрын-соңды болмаған нысан. Қазір шет аймақтар мен ауылдық жерлерге баса назар аударылуда. Республика бойынша 32 ауданаралық аурухана салынса, соның 4-еуі Қызылорда облысында салынды. Сыр медицинасы қашанда алдыңғы қатардан көрініп келеді. Екі-үш жылдықтың көлемінде 8 перинаталдық орталық салыну керек болса, оның біреуі – Қызылордада. Бүгінгі таңда Сыр елінің даму қарқыны өзге өңірлерге үлгі ретінде көрсетіліп жатыр, – деді Ақмарал Әлназарова.
Титов қыстағының тұрғыны Сәуле Омарова бұл жаңалыққа қуанғанын жасырмады.
– Ауырып, жаны қиналып жүрген жандар үшін емханаға барып келу де үлкен жұмыс еді. Одан ұзынсонар кезекте тұратынбыз. Емхана тар, дәрігерлер аз болғандықтан кезектің де көп болатыны белгілі. Біздің шағын ауданға жаңа емхана салынатынына қуанып жүрміз. Шет аймақтағы халықтың арманы орындалды. Заманауи нысанның берілгенін асыға күтетініміз анық, – дейді ол.
Сол жағалауда жаңа емхана
Осы уақытта дейін қаланың сол жағалауынан тұрғындар сұранысына сәйкес жаңа емхана салынатыны айтылды. Өңірге сапар барысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 500 келушіге арналған емхананың капсуласын салу рәсіміне қатысты.
Шараға қатысқан аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жаңа нысан тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігін арттыратынын атап өтті.
– Сыр өңірінде Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен, жерлестеріміздің бекем бірлігінің арқасында байыпты бастамалар қолға алынып, жасампаз жобалар іске асуда. Денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру шаралары кешенді жүргізіліп келеді. 2022-2025 жылдары салаға 50 млрд 100 млн теңге қаржы бөлінді, 26 млрд 400 млн теңгеге 40 медицина нысаны салынып, пайдалануға берілді. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы белгіленген жоспарға сәйкес толығымен орындалып, 10 млрд 700 млн теңгеге салынған 28 нысан халық игілігіне қызмет етуде. Жаңадан бой көтеретін емхана да шипа іздеген жандарға сапалы медициналық қызмет көрсететін орынға айналсын, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Рәсімде Ақмарал Шәріпбайқызы, Мұрат Нәлқожаұлы құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері Асылбек Тоқмырзаұлы бата берді.
500 орындық жаңа нысан тұрғындарға амбулаториялық-емханалық, диагностикалық және күндізгі стационарлық медициналық қызмет көрсететін көпсалалы емхана болмақ. Мұнда жалпы және акушерлік-гинекологиялық тіркеу, педиатрия, мамандандырылған және шұғыл медициналық көмек, профилактика және мектеп медицинасы бөлімдері қарастырылған.
Сонымен қатар нысан 50 төсектік күндізгі стационар, дәрілік қамтамасыз ету бөлімі, орталық стерилизация, кір жуу орны, медициналық қалдықтарды сақтау, оқу кабинеттері, 50 орындық аудитория, 200 орындық конференц-зал және инженерлік-техникалық инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етіледі.
Көпбейінді аурухана жыл соңына дейін пайдалануға беріледі
Қаламызда көпбейінді аурухана салынуда. Әлеуметтік нысан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде қолға алынған. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бір ауысымда 100 келушіні қабылдайтын емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухананың құрылыс алаңына барды.
Көпбейінді аурухана заманауи техникалық шешімдерді ескеріп жобаланған, ең озық технологиямен қамтамасыз етіледі. Диагностика және емдеу бойынша заманауи стандарттарға сай келетін жоғары технологиялық инновациялар енгізіледі. Бұл қала тұрғындарына медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырмақ.
«Мелиоратор» серіктестігі қолға алған жобаға 36 млрд 416 млн теңге қаржы қаралған. Бұл – аймақтағы халықаралық стандарттарға сай, ең ауқымды жобалардың бірі. Нысан 10 блоктан тұрады: емхана, пансионат, конференц-зал, асхана, физиотерапия, қабылдау бөлімі, әкімшілік, реанимация, химиотерапия және радиотерапия, операциялық бөлім.
Медициналық орталық ашылды
Сонымен қатар облыс орталығында «Orhun medical» медициналық орталығының ашылу рәсімі өтті. Облыс орталығынан ашылған бұл орталық «Orhun Medical» компаниясының Қазақстан өңірлерінде жоғары технологиялық онкологиялық көмекті дамытуға бағытталған жобасының екінші кезеңі. Ұлытау, Түркістан, Ақтөбе тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Бірінші кезеңде Ақтау қаласында осындай орталық іске қосылған. Зерттеулер тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында жүргізіледі.
Іс-шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа орталықтың өңіріміз үшін маңызы зор екенін айтып өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ұлт саулығы жақсы болса, қоғам орнықты дамиды» деп, салаға әрдайым айрықша көңіл бөліп келеді. Сыр өңірінде тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру, инфрақұрылымды одан әрі жетілдіру шаралары кешенді түрде жүргізілуде. Бүгін өздеріңізбен бірге өңіріміз үшін маңызы зор нысан «Orhun Medical» медициналық орталығының ашылуында бас қостық. Орталықтың негізгі бағыты – позитронды-эмиссиялық және компьютерлік томографияны біріктіретін жоғары технологиялық диагностика. Құны 4 млрд теңге болатын бұл жоба онкологиялық ауруларды ерте анықтауға, дерттің таралу деңгейін бағалауға, емдеу тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді. Тұрғындарымыз ендігіде Астана, Алматы қалаларына, шетелдерге бармай-ақ, сапалы медициналық қызметтерді жергілікті жерде алады. Ел игілігіне табысталатын медициналық орталық дәрігерлері келушілерге қызмет етіп, науқастың дертіне дауа беріп, халықтың ықыласына бөленеді деп сенеміз. Жауапкершілігі жоғары салада уақытпен санаспай, күні-түні жасаған қызметтеріңіз табысты, мәртебелеріңіз биік болғай, – деді облыс әкімі.
Салтанатты шарада аймақтың денсаулық сақтау саласының дамуына үлес қосқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
«Orhun medical» медициналық орталығының жылдық жобалық қуаты айтарлықтай жоғары. Мұнда жылына 3500 позитронды-эмиссиялық және компьютерлік томография зерттеуі жүргізіледі. Сонымен қатар 16000 магниттік-резонанстық томография, 20000 компьютерлік томография, 25000 рентгенологиялық зерттеу және 10000 маммография жасауға мүмкіндік бар.Бұдан бөлек, медициналық орталықта МРТ, КТ, рентгенография, маммография, ультрадыбыстық диагностика, бейінді мамандардың кеңестері, зертханалық зерттеулер және емшара бөлмелерінің қызметтері халыққа тиімді болады.
Ана мен бала орталығы – ұлт саулығының кепілі
Халықтың денсаулығын нығайту – маңызды міндет. Мемлекет басшысы өз жолдауында халыққа медициналық көмекті тиімді ету, ана мен бала денсаулығын сақтай отырып, өлім-жітім көрсеткішін төмендету мемлекетіміздің басты басымдығы екенін атап өтті. Соның негізінде ана мен бала денсаулығын сақтау жалпы медицинаның маңызды бағыттарының бірі болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 12 облыста заманауи перинаталдық орталықтар салу көзделген. Солардың бірі Сыр өңірінде салынатыны айтылды. Өңірге жұмыс барысымен келген денсаулық сақтау министрі 200 төсектік перинаталдық орталықтың капсуласын салу рәсіміне қатысты. Жаңа нысан Президент паркі аумағында орналасады.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев тұрғындарды жаңа бастамамен құттықтады.
– Халқымызда «Денсаулық – басты байлық» деген терең мағыналы сөз бар. Расында, кез келген мемлекеттің ең қымбат капиталы – адам өмірі мен денсаулығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ұлт саулығы жақсы болса, қоғам орнықты дамиды» деп, салаға айрықша көңіл бөліп келеді. Бесінші Ұлттық құрылтайда: «Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр», – деп ерекше атап өтіп, Cыр өңірінде атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.Тарихи миссиясы маңызды жиында Мемлекет басшымыз Қызылорда қаласында 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталғанын, алдағы уақытта 500 орындық емхана мен 200 орындық перзентхана салынатынын, жаңа драма театр мен заманауи Президенттік кітапхана құрылысы басталатынын жариялады. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Қызылорда – Ақтөбе бағытындағы жолын төрт жолақты етіп кеңейту жобасы, «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысы басталатынын айтты. Бұл серпінді жобалар өңір экономикасына қуат беріп, транзиттік әлеуетін күшейтеді. Халқымыздың әл-ауқатын арттыруға мол мүмкіндік береді. Құрылысына 48 млрд 500 млн теңге бөлінген 200 орындық жаңа перинаталдық орталықтың аумағы 38 мың шаршы метр, заманауи талаптарға сай, жоғары сапалы технологиялармен жабдықталады. Бұл – ана мен бала өмірін сақтауға, денсаулығын жақсартуға, демографиялық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған мемлекет қолдауы. Жаңа орталық мейірім мен жылулықтың ордасына айналсын, – деді аймақ басшысы.
Болашақ перинаталдық орталықта ана мен балаға мамандандырылған заманауи медициналық көмек көрсетіледі. Қабылдау-қарау, стационарлық, диагностикалық, операциялық, реанимациялық және әкімшілік бөлімдер жоспарланған. Сонымен қатар жерасты өткелі арқылы байланысқан жеке зертхана ғимараты мен асхана блогы болады. Медициналық мекеме жүкті әйелдерге, босанушыларға және жаңа туған нәрестелерге арналған стационарлық бөлімдер, операциялық блок, реанимация, зертханалар және инженерлік-қызметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Жобалық шешімдер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға және заманауи медициналық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
Ана мен бала орталығы – тек ғимарат емес, бұл ұлт саулығының кепілі. Мұндай орталықтардың салынуы ана мен бала өлімін азайтуға және аймақта медициналық көмектің тиімділігін арттыруға арналған маңызды қадам. Айта кетейік, соңғы жылдары Сыр өңірінде ана мен сәби өлімі азайған.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!