Сенбі, 27 қыркүйек, 02:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№73, 2185
27.09.2025
PDF мұрағаты

Сыр саңлағына құрмет

27.09.2025

23 0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев грек-рим күресінен Әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали және жеке бапкері Ғабиден Райымбекті қабылдады.

Аймақ басшысы бұл жеңіс Сыр өңірінің ғана емес, Қазақ елінің мәртебесін арттырғанын айтты.

– Бүгін – біздің өңіріміз үшін ерекше қуанышты күн. Спорт әлеміндегі биік белесті бағындырып, Тәуелсіз Қазақстанымыздың атын төрткүл дүниеге танытқан жерлесіміз, мақтанышымыз Айдос Сұлтанғалиұлын грек-рим күресінен Әлем чемпионы атануымен құттықтау үшін арнайы бас қостық. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Спортшыларымыздың ерлігі – ел рухын көтеретін, ұлт бірлігін нығайтатын маңызды фактор», – деп ерекше атап өткен болатын. Айдос Сұлтанғалиұлы жақында Хорватия астанасы Загреб қаласында өткен ересектер арасындағы грек-рим күресінен Әлем чемпионатында араға 26 жыл салып, қазақ спорты тарихындағы теңдессіз жетістікке қол жеткізді. Осы тарихи жеңіс барша Қазақ елінің, Сыр жұртшылығының мерейін үстем етті. Грек-рим күресі­нен Әлем чемпионатының алтын медалін елімізге соңғы рет 1999 жылы Грекияның Афины қала­сында өткен дүбірлі додада Мхитар Манукян (63 кг) алып келген болатын. Араға ширек ғасыр са­лып, жер­лесіміз Айдос Сұлтанғали әлем­дік аре­­нада топ жарды. Чемпио­нымызды Мем­лекет басшымыз арнайы құттықтап «Айдос – грек-рим кү­ресінен осы ғасыр­­дағы тұңғыш жеңім­паз», – деп жоғары ба­ғалады. Бұл жеңіс – жас балуандарымыз­ға үлгі-өнеге, елі­міз­дің спортына серпін беретін жоғары жетістік. Айдос бауырымыздың жеңісіне бапкері Ғабиден Райымбекұлының сіңірген еңбегі зор. Ол тек спортшыны емес, нағыз батыр азаматты тәрбиелеп шығарды. Шәкіртінің әрбір жеңісі бапкерінің маңдай терінің жемісі деп санаймыз.  Бүгінгі мерейлі сәтте барша Сыр жұртшылығының атынан Айдос бауырымызға, бапкері Ғабиденге жаңа пәтер кілттерін, «Қор» мұнай компаниясының қолдауымен су жаңа автокөліктің кілтін табыстауға рұқсат етіңіздер. Айдосқа бұған дейін де мемлекет, облыс тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Өткен жылы еліміздің, өңіріміздің жанашыр азаматы Бақдәулет Еркінбекұлының демеушілігімен автокөлік табысталған. Бұдан бөлек, ай сайын 1 млн теңге мемлекеттік стипендия беріледі. Бұл қолдау әрі қарай жалғасады. Біз батырымызды әрдайым бабында болуы үшін қолдап, қорғауымыз керек. Алдағы Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырынан көрінуіне жан-жақты жағдай жасаймыз, – деді облыс әкімі.

Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жұмағали Киікбаев сөз сөйлеп, құттықтау лебіздерін жеткізді.

Басқосуда сөз алған грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Ғабиден Райымбек, грек-рим күресінен спорт шебері, Қазақстан Республикасы ұлттық құрама командасының мүшесі, республикалық, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, Әлем чемпионы Айдос Сұлтанғалиұлы көрсетілген құрметке алғыс білдірді.

Сыр саңлағына құрмет

«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: