Сейсенбі, 07 қазан, 11:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№76, 2188
07.10.2025
PDF мұрағаты

Сыр спортының серпіні

07.10.2025

118 0

Қаланың сол жағалауында ел күткен қуанышты сәтжаңа стадионның ашылу рәсімі өтті. 11 мың көрерменге арналған заманауи спорт нысаны Сыр өңірінің ғана емес, қазақ спортының жаңа белесі саналады. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихында бой көтерген жаңа үлгідегі үшінші стадион. Жаңа нысанның ашылуын асыға күткендер аз болған жоқ. 11 мың орындық стадионда билет тапшы болып, орын лық толы болды. Сыр спортына серпін берген жаңа стадионды көруге біз де асықтық.

Архитектуралық келбеті мен құрылыс сапасы заманауи талаптарға сай. Трибуналар ойын алаңына жақын орналасқан, ал жасанды жабынды арнайы Еуропадан әкелінген. Жаңа арена тек футбол алаңы емес. Мұнда бокс, дзюдо, грек-рим және еркін күрес, фитнес, спорттық гимнастика, таеквандо, ауыр атлетика сияқты спорт түріне арналған залдар бар. Ғимараттың бірінші қабатында жаттығу орындары, екінші қабатында әкімшілік бөлмелер, ал үшінші қабатында спортшылардың баспасөз конференциясы мен жиын өткізуіне арналған зал қарастырылған. Бір айта кетерлігі, жаңа стадион тіпті футболдан халықаралық деңгейдегі ойындарды өткізуге рұқсат алған.

– Бұл арена халықаралық талапқа сай салынған. FIFA сарапшылары тексеріп, сапасына жоғары баға берді. Әлемдік деңгейдегі стадиондардан кем емес.  Енді бұл жерден «Қайсардың» қайсарлы ұлдары ғана емес, жаңа буын спортшылар өсіп шығатынына сенім мол, – дейді Қазақстан футбол федерациясының жарыстарды ұйымдастыру директоры Бақытжан Пазылхайыр.

Ал стадионның ашылу салтанаты футболсүйер қауым үшін ерекше есте қалар күн болмақ. Бұл күні Сыр елінде алғаш рет Қазақстан Кубогы үшін финалдық ойыны өтті. Сол жағалау кептеліске лық толы. Футболға асыққан жан­күйерлер қарасы көп. Қостанайлық «Тобыл» мен Шымкент қаласының «Ордабасысы» байрақты бәсекеде бақ сынаспақ. Ауа райына қарамастан, қос қаладан келген жан­күйерлердің демеуі мен Сыр жұртшылығының ыстық ықы­ласы ойыншыларға дем бергендей болды. Қазақстан кубогы кімге бұйырар екен?

Жаңа стадионның ашылу салтанатына туризм және спорт министрі Ербол Мырзағалиұлы, Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев және қоғам қайраткерлері қатысты. Тіпті жұлдызды қонақтарымыз да бар. «Стил таза Қызылорда» әнімен танымал «Belucci» тобы, Садраддин, құпия қонақ – Нұрлан мен Мұрат сыңды жұлдыздар өнер көрсетті. Ашылу салтанатында аймақ басшысы өз сөзінде жаңа стадионның ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың спорт инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында салынғанын атап өтті.

– Бүгін Қазақстан спорт тарихындағы айтулы күн. Бұл стадион – Сыр елі үшін зор мақтаныш. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының аймақтарда спорт инфра­құры­лымын дамыту, оның ішінде стадиондар мен спорт кешендерін салу туралы тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласында жаңа стадион бой көтерді. Жаңа стадионымыздың ашылуы футболдан Қазақстан кубогының финалдық ойынымен тұспа-тұс келді. Жанкүйерлер асыға күтетін спорт мерекесі отандық футбол тарихында алғаш рет Қызылорда қаласында өтуде. Қаламызда жаңа спорт нысанының бой көтеруі Мемлекет басшысының ел спортына деген айрықша қамқорлығының айғағы. Бұл – жастар­дың спортқа қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлкен серпін береді. Сондай-ақ финалдық ойынды өткізуге бастамашы болып, ұйымдастырған Қазақстан футбол федерациясына зор ризашылық білдіреміз. Бүгінгі шешуші кездесуге шыққан командаларға сәттілік тілеймін. Қазақстан футболының даңқы арта берсін, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров жаңа стадионның қазақ футбол тарихындағы орнын тілге тиек етіп,  ерекше атап өтті.

– Құрметті қызылордалықтар және футбол жанкүйер­лері! Сіздерді жаңа стадионның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл еліміздің футбол картасынан лайықты орын алатын заманауи арена. Осы орайда Қазақстан кубо­гы­ның финалы алғаш рет Сыр елінде өтіп отыр. Осы алаңда талай қызықты кездесулер мен ұмытылмас тарихи ойын­дар өтеді деп сенемін. Бүгінгі финал сол табысты жол­дың бастауы болсын, – деді федерация басшысы Марат Омаров.

Жанкүйерлердің де пікірін тыңдап көрдік. Ауа-райының салқындығына қарамастан, командаларына қолдау білдіруде.

– Стадиондағы атмосфера ерекше. Қазақстан кубогын кім алар екен деген толғаныс болып тұр. Екі команда да мықты. Бір-біріне дес бермеуде. Бұл тарихи сәт болмақ, – дейді жанкүйер Жәния Төребекова.

Көптен күткен финалда «Ордабасы» мен «Тобыл» командалары бақ сынады. Ойынның алғашқы минут­тарынан-ақ тартыс қызды. Бірінші таймда қостанайлық «Тобыл» басымдық танытып, қарсыластың қақпасына екі доп соқты. Николай Сигневич пен Ислам Чесноков ойыншылары ерекше көзге түсті.

Бұл финал екі команданың арасындағы бесінші шешуші кездесу болды. Бұған дейінгі ойындарда екі команда да екі реттен жеңіске жеткен еді. Осылайша, «Тобыл» тағы да кубок иегері атанып, Сыр төріндегі тарихи матчтың басты кейіпкеріне айналды.

–  Кубок құтты болсын. Финал үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мен «Тобылға» жанкүйер болдым. Себебі Асхат Тағыберген сияқты кіл мықты ойыншылардың жекелей әрекеттері финал үшін шешуші сәт болуы мүмкін. Тобыл – өте жүйелі, қорғанысы мықты команда. Тобылдың жеңісі тактикалық тәртіптің нәтижесі болды деп ойлаймын, – дейді жанкүйер Ақжан Мұхамадкәрім.

Еске салсақ, Асхат Тағыберген финалда жеңіске жетсе, бұл жеңісті сәбиіме арнаймын деп баспасөз мәслихатында мәлімдеген еді. Расында, жүйелі тәртіп пен финал кезінде шешуші әрекеттер команданың абыройы болып саналмақ. Бұл ойында төрелік ету оңайға соқпағаны анық.

– Бұл ойында төрелік ету мен үшін үлкен тәжірибе болды. Қазақстанда футболдың қарқынды дамуын көріп, шыны керек, қуанып отырмын. Жаңа стадионда төрелік ету мен үшін мақтаныш, – дейді бас төреші швейцариялық Свен Вольфенсбергер.

Қызылордада ашылған жаңа стадион – жай ғана спорт кешені емес, жастарды салауатты өмір салтына баулитын, үлкен жетістіктерге жол ашатын орталық. Заманауи жабдықтармен қамтылған арена алдағы уақытта халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге толық мүмкіндік береді.

– Бұл стадионның ашылуы тек Қызылорда үшін ғана емес, қазақ футболы үшін тарихи сәт болмақ. Қазіргі таңда өздеріңіз білетіндей, біздің елде стадион тапшы. Сапасы жағынан кей аймақтарда ескі стадиондар да жетерлік. Ал жаңа стадионның ашылуы тек футболистер үшін ғана емес, ауқымды мәдени іс-шаралар өткізу үшін де өз пайдасын бермек. Тақыр жер болып тұрған аумақ қазір көз қуантады. Бүгінде осы стадионда Қазақстан кубогының финалдық кезеңі өтті. Бұл стадион алдағы уақытта қазақ футболына қызмет етеді. Алда жаңа стадионнан жақсы жаңалықтар естиміз деген ойдамын, – дейді спорт комментаторы Ермұхаммед Мәлен.

Сыр өңірі спорты үшін бұл тарихи сәт болды.

        Айдана БАХТИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: