Сейсенбі, 13 қаңтар, 04:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№3 (2215)
13.01.2026
PDF мұрағаты

«Сыр жастары»: 100 жас отбасы баспаналы болды

13.01.2026

53 0

Облыста жастарды қолдауға бағытталған бағдарламалар аясында тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Нәтижесінде  жас отбасылар баспанаға қол жеткізуде. Өткен аптада «Сыр жастары» өңірлік бағдарламасымен 100 жас отбасыға пәтер кілті табысталды. Іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева, құқық қорғау органдары мен жауапты салалардың басшылары, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары қатысты.

Аймақ басшысы жаңа пәтер иелерін қоныс­тоймен құттықтап, өңірлік бағдарламаның тиім­ділігін атап өтті.

– Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еңбек жолын енді бастаған жастардың бірден пәтер сатып алуы оңай емес. Сондықтан жастардың баспана алуына жан-жақты жағдай жасау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі», – деген еді.

Бүгінде облысымыздағы жастар саны – 250 мыңға жуық, яғни аймақ халқының 30%-ы. Өткен жылы жастар саясатын дамыту мен қолдауға жергілікті бюджеттен 2 млрд 105 млн теңге бағытталды. «Сыр жастары» жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасына 1 млрд 200 млн теңге, «Отбасы банк» тарапынан 500 млн теңге, жобаларды қолдау мен жүзеге асыру үшін 310 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. «Сыр жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы 2023 жылы қабылданды. 2024 жылы 100 жас отбасы баспаналы болды. Жастарды мемлекеттік қолдаудың айқын дәлелі ретінде бүгін 100 пәтерлік 2 тұрғын үй білім, медицина, мәдениет, спорт, қаржы, әлеуметтік салаларда қызмет ететін жас отбасыларға табысталуда. Жаңа баспаналарыңыздың іргетасы берік, әр шаңырақтың іші татулық пен берекеге толы болғай!, – деді Н.Нәлібаев.

Жиында тұрғын үйлерді салған мердігер мекеме «Nur B group» ЖШС құрылысшылары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Бағдарлама аясында баспаналы болған жас маманның бірі – Арайлым Машарапқызы.

– «Сыр жастары» бағдарламасына құжат тапсыру басталған сәттен құжаттарымды дайындап, қатысуға бел будым. Кез келген жас өз саласында адал еңбек етсе, сол арқылы мақсаттарына жете алады деп ойлаймын. Мен де өз мамандығым арқылы осы бағдарламаға қатысып, пәтер кілтін алдым. Бұл – тек жеке жетістік емес, жас мамандарға берілген үлкен сенім. Жаңа қонысымыз берекелі, шаңырағымыз шаттыққа толы болсын! Бұл қуаныш барша жас мамандарға жұғысты болғай! – дейді Арайлым Машарапқызы

Облыста тұрғындарды баспанамен қамтама­сыз етуге бағытталған мемлекеттік-әлеуметтік саясат нәтижелі іске асуда. 2022-2024 жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер табысталса, соңғы 3 жылда алғаш рет барлық ауданда 1800-ге жуық жаңа пәтер берілген.

 Жарасхан Қуанышбайұлы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: