Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде 2025 жылы атқарылған жұмыстар ауқымды. Бұл туралы қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаев БАҚ өкілдеріне берген брифингте айтты.
Қазіргі таңда қала және оған қарасты кенттер мен ауылдық округтерде 34 мәдени нысан халыққа қызмет көрсетуде. Оның ішінде 21 кітапхана, 12 мәдениет үйі мен клуб, 1 музей және 1 театр бар. Аталған мәдениет ошақтарында 99 үйірме жұмыс істейді.
– 2025 жыл Қызылорда қаласының мәдениет саласы үшін тарихи мәнге ие болды. Жыл бойы 1155 мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, оған 300 мыңға жуық көрермен қамтылды. Әсіресе, қаланың ел астанасы болғанына және ұлт атауының қайтарылғанына 100 жыл толуына орай өткізілген іс-шаралар мазмұнымен ерекшеленді. Мерейтой аясында республикалық және облыстық деңгейде бірқатар ауқымды жоба жүзеге асты. Олардың қатарында дәстүрлі «Көктем нұры» оқушылар айтысы, «Жауһар жырдың Асқары» жыр-мүшәйрасы, «Ғасыр сөйлейді» тарихи-танымдық кеші бар. Сонымен қатар «Тарихтың таңбасы, рухтың ордасы – Қызылордам» атты облыстық өнер байқауы ұйымдастырылып, оған қала мен облыстың алты ауданы қатысты. Айтулы шараның бірі қала күні қарсаңында ұйымдастырылған «Мерейлі мерекеңмен, Қызылорда!» гала-концерті. Сондай-ақ театрландырылған қойылымдармен қатар заманауи дрон-шоу ұсынылып, қала тарихы мен бүгінгі келбеті кеңінен дәріптелді, – деді Айдын Бөкенбайұлы.
Жастар театрының жұмысы да нәтижелі. Қазіргі таңда театр репертуарында әртүрлі жанрдағы 15 қойылым бар. 2025 жылы ұжым республикалық фестивальдерде табысты өнер көрсетіп, «Үздік ұжым» номинациясын иеленді.
Өткен жылы оқырман саны 37858 адамға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 133 адамға артқан. Жыл ішінде 557 мәдени-танымдық іс-шара өткізіліп, 19 мыңнан астам оқырман қамтылған. Сонымен қатар мобильді кітапхана, QR-код арқылы кітап оқу сынды заманауи жобалар жүзеге асуда.
– Мемлекеттік тіл саясаты бағытында құжат айналымының 100 пайыз қазақ тілінде жүргізілуі қамтамасыз етілген. Сондай-ақ көрнекі ақпарат пен жарнама мәтініне тұрақты мониторинг жүргізіп келеміз, – дейді Айдын Қайруллаев.
Брифингте биыл Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығы, Шөмішбай Сариевтің 80 жылдығы, Алмасбек Алматовтың 70 жылдығына арналған мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланғанын атап айтты.
Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!