Сейсенбі, 06 мамыр, 16:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33, 2146
06.05.2025
PDF мұрағаты

Тәрбие мен технология үндескен орта

06.05.2025

17 0

Цифрлы әлем бала тәрбиесіне де әсер етпей қоймайды. Облыс орталығында орналасқан «Сыр шуағы» IT бөбекжай-бақшасы – заман көшіне ілесіп қана қоймай, инновациялық бағыттарды тәжірибеге сәтті енгізіп отырған ұйым. Бұл балабақшада жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар – ойын ретінде емес, нақты білім беру құралына айналған. Осы орайда балабақшаның жұмысымен жақынырақ танысып, ұжым өкілдерімен тілдесуді жөн көрдік.

– Қызылорда қалалық білім бөліміне қарасты «Сыр шуағы» бөбекжай-бақшасы 2016 жылы ашылды. Барлық оқу-тәрбие процесі мемлекеттік тілде жүргізіледі. Әрбір топта балалардың жас ерекшелігі, қызығушылығы мен жеке қабілеті ескеріле отырып, арнайы орталықтар құрылып, қажетті дидактикалық материалдармен және көрнекіліктермен толықтай жаб­дықталған. Ең алдымен ата-аналар арасында сауалнама жүргізіліп, олардың пікірлері негізінде білім беру бағыты айқындалды. Нәтижесінде ата-аналар компьютерлік сауаттылықты басты қажет­тілік ретінде атаған. Сұранысқа жыл сайын балабақшаның үнемделген қаражаты есе­бінен материалдық база кезең-кезеңімен IT бағытында жаңартылып келеді. Мұның нақты нәтижесі ретінде 2021 жылы Қызылорда облысы білім басқармасының бұйрығымен «Сыр шуағы» бөбекжай-бақшасы ресми түрде «IT-балабақша» пилоттық жобасы аясында жұмысын бастады, – дейді ІТ бөбекжай-бақшасы меңгерушісі Майра Кунхожаева.

Жоба жетістігі назардан тыс қалмады. 2023 жылдың 1 шілдесінде Оқу-ағарту министрлігінің «Сыр шуағы» бөбекжай-бақшасы республика бойынша 79 құзіреттілік орталығының қатарына енді. Осылайша, балабақша озық іс-тәжірибе тарату мен енгізу алаңы мәртебесіне ие болды.

– Жасанды интелектіні оқыту про­цесіне енгізудің рөлі ерекше маңыз­ды. Жасанды интеллект техно­логиялары қазіргі заман­ның ажырамас бөлігіне айналып отыр. Уақыт өткен сайын бұл үрдіс қарқын алып, өміріміздің әр саласына тереңдей енетіні сөзсіз. Тәрбиешілер жасанды интеллект тех­нологияларын мектепке дейінгі білім беру процесіне интеграциялау керек, онда бұл дағдылар ерекше құнды болады, – дейді ІТ бөбекжай-бақшасы меңгерушісі.

Жасанды интеллектінің рөлі қандай?

Қазіргі қоғамда жасанды интеллект – жай тренд емес, нақты қажеттілікке айналды. Балалар онлайн ойындар, бейнелерді тану, іздеу жүйелері арқылы технологиямен ерте жастан таныс. Сондықтан бұл дағдыны мектепке дейінгі кезеңнен бастап дұрыс арнаға бұрып, тәрбие мен оқыту құралына айналдыру маңызды. ІТ бөбекжай-бақшасы меңгерушісінің айтуынша, жасанды интеллект тәрбиешінің жұмысын жеңілдетіп, балаларға дербес көзқарас ұсынуға мүмкіндік беруде. Қарапайым тапсырмаларды автоматтандырады, оқу материалдарын іріктеуге көмек береді, логикалық және тіл дамыту қабілеттерін нығайтады.

– Бірінші – бұл күнделікті тапсырмаларды автоматтандыру. Жасанды интеллект іс-әрекетті жоспарлау және дидактикалық материалды дамытуды автоматтандырады. Бұл тәрбиешінің уақытын балалардың тікелей оқуы мен дамуына, қарым-қатынас, бақылау және балалардың тапсырманы орындауға көмектесу және уақыт тиімділігін арттырады, яғни педагогтың көп уақыты баламен тығыз қарым-қатынас жасауға арналады. Жасанды интеллект баламен жұмыс істеуде қажетті көрнекілік тәрбиешіге қолдау көрсетіп, оның уақытын үнемдеп, көлемді жұмыстарды қиналмай атқара береді. IT бөбекжай-бақшасы «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы жасанды интелект технологиялары»тақырыбында өз іс-тәжірибесімен үнемі бөлісуде. Тәжірибелік жұмыс барысында балалардың жасанды интеллект технология элементтерімен мен IT ойындар арқылы тәрбие мен оқытуды инновациялық жаңалық пен ақпараттық құзіреттіліктермен ұштастырылған. Әр түрлі анимациялық құралдарды дайындау үшін көмекші ретінде пайдаланады. Бала оны мүмкіндігінше шынайы өмірмен байланыстырады. Жасанды интеллект баланың физикалық, коммуникативтілік, танымдық, әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын қалыптастыру арқылы баланы отан сүйгіштікке, ұлттық құндылықтарға дәріптеуге, үлкенді құрметтеуге және шығармашылық дағдыларын шыңдауға мүмкіндік беруде, – дейді ІТ бөбекжай-бақшасы меңгерушісі Майра Алашбайқызы.

Тәрбие мен технология үндескен орта

Заманауи құралдар – сапалы тәрбиенің кепілі

Бөбекжай-бақшаның барлық 12 тобы интерактивті панельдермен жабдықталған. Бұл құрылғылар балалардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, материалды терең меңгеруге, түсінбеген жерлерін қайта тыңдауға және білімге деген ынтасын оятуға септігін тигізеді. Сонымен қатар мекеме 30 планшетпен, 30 «Bilimbook» құрылғысымен және «SAHBOT» атты оқу-ойын роботымен толықтырылған.

– «SAHBOT» – балалардың робототехникаға қызығушылығын арттырып, бірнеше тапсырма орындауға қабілетті, 20-дан аса ойынды қамтитын интеллектуалды дос. Балалардың физикалық және логикалық дағдыларын дамыту мақсатында интерактивті еден, сенсорлық проекторлар, 3D көзілдіріктер, Робоара, Робо тышқан, Botley, Мататалап, портативті проекторлар кеңінен қолданылады. «Оқуға құштар балабақша» жобасы аясында ЛЭД экран арқылы қазақ халқының мәдениетін насихаттайтын мультфильмдер мен ертегілер көрсетіледі. Ал «UTS Говорун PRO» логопедиялық айнасы арқылы балалар дыбыстау, тыныс алу және фонетикалық жаттығуларды меңгереді. Балабақшада бала қатысуы Face ID жүйесімен тіркеліп, ақпарат бірден орталық базаға түседі. Бұл тәрбиешілер үшін де, ата-аналар үшін де ыңғайлы әрі тиімді бақылау жүйесін қамтамасыз етеді, – дейді ІТ бөбекжай-бақшасы меңгерушісі.

Бөбекжай меңгерушісі Майра Алашбайқызының айтуынша, «Сыр шуағы» балабақшасының жетістіктері аз емес. Бүгінгі таңда білім – бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастырудың басты құралына айналып отыр. Осы бағытта балабақша тәрбиеленушілері мен педагогтары түрлі деңгейдегі жарыстар мен іс-шараларда белсенділік танытып келеді.

– Тәрбиешілеріміз республикалық және халықаралық алаңдарда тәжірибелерімен бөлісіп, балаларымыз беделді байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр. «Жас ғарышкер 2024», «Robo Mouse», «Robo Пчела», ROBOGAMES сынды сайыстарда тәрбиеленушілер жеңіс тұғырынан көрінді. «Мен зерттеушімін» республикалық байқауында да ІІ орынға ие болдық. Сонымен қатар Назарбаев университетінде өткен «DIGITAL KAZAKHSTAN» мұғалімдер саммитінде арнайы баяндама жасап, балабақшаның IT бағытындағы тәжірибесін басқа аймақтарға таныстырдым. Қалалық, облыстық, республикалық семинарлар мен конференцияларда «Сыр шуағы» педагогтарының тәжірибесі тұрақты түрде таратылып келеді. Бұл жетістіктер – ұжымдық еңбектің, жаңашылдыққа деген ұмтылыстың нәтижесі. Ең бастысы – баланың жан-жақты дамуына жағдай жасай алуымыз, – дейді балабақша басшысы.

Инновациялық әдістер: тәжірибе мен нәтиже

Мектепке дейінгі білім беру үдерісінде қолданылатын әдістер – баланың тұлғалық дамуына тікелей әсер ететін басты құралдардың бірі. «Сыр шуағы» IT бөбекжай-бақшасының әдіскері Меруерт Тулендиеваның айтуынша, мұндағы әдістемелік жұмыс баланың жас ерекшелігі мен қызығушылығына сай жүйеленген.

– Біз бірнеше әдісті үйлестіре отырып қолданамыз. Монтессори әдісі – баланың өзін-өзі реттеу және дербес әрекет ету қабілетін дамытса, ТРИЗ тәсілі – шығармашылық пен логикалық ойлау, мәселені шешу машығын қалыптастырады. LEGO технологиясы – ұсақ моторика, кеңістіктік ойлау мен топпен жұмыс істеуді үйретеді, – дейді IT бөбекжай-бақшасының әдіскері Меруерт Қалмұханбетқызы.

Әдіскердің айтуынша, IT-балабақша жобасы аясында STEM, робототехника, интерактивті құралдар мен жасанды интеллект технологиялары міндетті түрде қолданылады.

– Балалардың сөйлеу тілін дамытуда балабақша тәрбиешілері интерактивті қосымшалар, «Sanbot» роботын, аудио-визуалды материалдар, танымдық кітапшалар, Bilimbook құрылғылары мен LED панельдерді белсенді қолданады. Инновациялық құрылғылар арқылы танымдық ойындар баланың сөздік қорын кеңейтіп, үлгілік оқу бағдарламасында берілген сөздермен жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік беруде, – дейді әдіскер.

Ата-ана не дейді?

Балабақша таңдауда әр ата-ананың өзіндік талабы мен үміті болады. «Сыр шуағы» IT-бөбекжай-бақшасын таңдаған ата-аналардың бірі – Гүлдана Рзаева.

– Қызылорда қаласындағы Шанхай аумағында тұрамыз. Немерем екі жасқа толғанда жақсы балабақша іздедік. Әлеуметтік желі арқылы «Сыр шуағы» балабақшасының жұмысымен танысып, балалармен қалай жұмыс істейтінін көріп, осы жерді таңдадық. Қазір үлкен немерем осы балабақшаны тәмамдап, лицейде оқып жатыр. Екіншісін де көп ойланбастан осында әкелдік, – дейді ол.

Ата-ананың айтуынша, балабақшадағы IT бағытындағы жұмыс кіреберістен-ақ сезіледі. Ата-аналар бұрышында ертегілерді QR кодпен жүктеп алып, үйде оқуға болады. Ашық сабақтарда балалар LED экран арқылы тапсырма орындап, Bilimbook құрылғыларында еркін жұмыс істей алады.

– Бұл – тек қойылым емес, күнделікті еңбектің нәтижесі. Ашық есік күндеріне қатысқанда, балалардың еркіндігі, педагогпен тең дәрежеде жұмыс істеп жатқаны бірден байқалады, – дейді Гүлдана Рзаева.

Оның пікірінше, бала үшін ең маңыздысы – өмірлік дағдыларды еркін меңгеру.

– Баланы тұлғалық ерекшелігіне емес, іс-әрекетіне қарап бағалауға үйренуіміз керек. Табыс – қабілеттен емес, еңбектен басталады. Біз баламыздың жан-жақты, заман талабына сай дамыған азамат болғанын қалаймыз. Бастысы – бақытты бала тәрбиелеу, – деп түйіндеді ата-ана.

Қазіргі заман талабы – баланы ерте жастан технологиялық сауаттылыққа баулу, ұлттық құндылықтармен ұштастыра отырып, жан-жақты дамуына жағдай жасау. Осы мақсатта жұмыс істеп келе жатқан «Сыр шуағы» IT-бөбекжай-бақшасы – мектепке дейінгі білім берудегі жаңашылдықтың нақты үлгісі. Инновациялық құралдарды сәтті қолдану, тәрбие мен оқытуды үйлестіру, ата-анамен ашық байланыс орнату – мұның бәрі ұжымның кәсібилігі мен үздіксіз ізденісінің айғағы. Баланың ертеңі бүгіннен басталады десек, «Сыр шуағы» ұжымы сол ертеңге нық сеніммен қадам басып келеді. Технологияны тек құрал емес, тәрбие мен дамудың тұтқасы ете білген бұл балабақшаның жұмысы – еліміздегі үздік тәжірибелер қатарында.

София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: