Баланың өмірге көзқарасы, мінезі мен болашағы ең алдымен отбасында қалыптасады. Ал сол тәрбиенің жалғасы мен дамуына тікелей ықпал ететін – балабақша тәрбиешісі. Балабақша – баланың үлкен өмірге жасаған алғашқы қадамы. Бұл ортада олар өзге балалармен тіл табысуды, қарым-қатынас жасауды, өз ойы мен пікірін білдіруді үйренеді. Осындай кезеңде тәрбиешінің рөлі өте маңызды.
Мен №2 «Бөбек» санаториялық бөбекжай балабақшасының тәрбиешісімін. Баламен жұмыс істеу – жай ғана еңбек емес, бұл – үлкен жауапкершілік пен шексіз махаббатты қажет ететін өмірлік жол. Күнде таңертең есіктен кіріп келген әрбір бүлдіршіннің бал тілі мен тәтті қылығын көру, баланың шексіз шынайылығын сезіну жүрекке жылулық сыйлайды. Әр бала – өз алдына бір әлем. Ол әлемге тек мейіріммен, сабырмен және шынайы ықыласпен ғана енуге болады. Балабақшада әр күн қуаныш пен ізденіске толы. Біз тек сабақ өткізіп қоймай, ойын арқылы дамытып, сөйлеу арқылы ойлануға үйретеміз. Тәрбиені мейіріммен беруге тырысамыз. Балақайлардың әрбір жетістігі – еңбегіміздің нәтижесі. Тәрбиеші болу – жүрек қалауымен келетін мамандық. Бұл мамандықты таңдаған адам бойында сабыр, төзімділік, жауапкершілік пен шексіз махаббат болуы тиіс.
Әр бала – жеке тұлға. Оның қабілеті мен мінез-құлқы әртүрлі. Осы ерекшелікті ескеріп, әр балаға жеке көзқараспен қарау – тәрбиешінің басты міндеті. Кейде тәрбиешінің бір ғана жылы сөзі, мейірімді көзқарасы баланың жанын жадыратады. Ол өзін бағалы, керекті, маңызды сезінеді. Тәрбиеші – тек маман емес, бала жанының емшісі. Ол – бала болашағына салынған іргетастың негізін қалаушы. Сондықтан тәрбиеші болу – үлкен мәртебе, әрі жауапты іс.
Жазира ІЗТАЕВА,
№2 «Бөбек» санаториялық бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!