Қала әкімдігінің мәжіліс залында 25 қазан – Республика күні ұлттық мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті.
Мерекелік шараны ашқан қала әкімі Нұржан Ахатов тәуелсіз еліміз үшін ұлық мерекенің маңызына тоқталды.
– Баршаңызды ең ұлық мереке – Республика күнімен және Егемендік туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толу мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Кез келген мемлекет ел болуға бекініп, тағдыршешті шешімін қабылдаған күнді ұлттың басты құндылығы, қастерлі мерекесі ретінде атап өтеді.
Еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы – егемендік декларациясы қабылданған күнді ұлттық мереке ретінде қайта бекіту мемлекеттілік пен егемендік тұрғысынан аса маңызды шешім болды. 1990 жылы, 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды.
Ендігі кезекте қастерлі құндылықтарымыз бен бай тарихымыздың бүгінгі мұрагері ретінде осы тарихи датаның біз үшін қаншалықты қымбат екенін дәлелдей білуіміз қажет. Сондықтан ұлық мереке баршамызға тағы да құтты болсын, – деді қала әкімі.
Жиын барысында шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан бір топ азаматтарға облыс және қала әкімінің Құрмет грамотасы, облыс және қала әкімінің, ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің Алғыс хаты табысталып, мемлекеттік қызметке алғаш келген жас мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдау рәсімі өтті.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!