Сейсенбі, 11 қараша, 01:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№86, (2198)
11.11.2025
PDF мұрағаты

Тәуелсіз ұлттық мемлекет туралы

11.11.2025

38 0

Тағдыр бұйыртқан тарих жобасымен сан ғасыр еркін өсіп, еркін дамып келе жатқан Ұлы дала, бүкіл түркі жұртының қасиетті астанасы Түркістан аймағы азаттықтан айрылып, тəуел­ді бұғауға түсіп, отаршыл саясаттың өктем езгісі мен өзгеше озбырлығының бар қиыншылығын көріп келе жатқанда 1917 жылы ақпан төңкерісінде II Николайдың тақтан түскені Алаш ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілерін ерекше қуантқан еді. Əлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулат­ұлы үшеуі Алаш баласынан былайша сүйінші сұрап: «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бұ күн теңел­дік», – деген мазмұнда хат жолдады. Бұл осы жылғы «Қазақ» газетінің №225 санында жарияланды.  

Орыс демократтарына сенімнен өз пар­тиясы бағдарламасының жобасында Алаш жетек­шілері «Қазақ жүрген облыстардың бәрі бір байланып, өз тізгіні өзінде болып, Россия республикасының федерациялық бір ағзасы болуы» атап көрсетілуі себепті əзірше автономиямен шектелген болатын. Осы ұс­танымға берік Мұстафа Шоқай Қоқанда орнамақ мемлекеттік құрылым туралы мәселе күн тәртібіне қойылғанда оның автономиялық формасын қызғыштай қорғады. Алайда билікке келген большевиктер «әр мемлекеттің іргесі бөлек, әрқайсысы өз тізгінін  өзі алып жүреді» дегенді қауіпті санап, барлығы 64 күн өмір сүрген Түркістан Мұқтариятын жойды.

Саяси сахнаға келген кеңестік жүйенің саясатынан шетелге кетуге мәжбүр болған, оның табиғи болмысына әбден көзі жеткен Мұстафа Шоқай 1921 жылғы мамырда Еуропаға, әділеттілік пен заңдылықтың, демократия мен ашықтықтың, бостандық пен еркіндіктің орталығы, эмигранттардың екінші отаны Францияға жетіп, Парижде орналасқаннан соң ұлт азаттық күрестің мақсатын қайта қарап, басқаша шешімге келді. 1923 жылы Париждегі «Orient et Occident» журналында француз тілінде жарық көрген «Ресей саясаты және Түркістан ұлттық қоз­ғалысы» деген мақаласының «Түркістанның тәуелсіздікке қарай бағытталуы» атты соңғы бөлімінде бұрынғы автономия бағдарламасын ұлттық тәуелсіздік бағдарламасымен ауыстыру туралы жазды.  

Сөйтіп, 1929 жылғы желтоқсан айынан 1939 жылдың тамызына дейін Берлинде шығып, Түркістан ұлт азаттық қозғалысының жалынды туы болған «Яш Түркістан» жур­налының тұңғыш санында жарияланған «Біз­дің жол» атты алғашқы мақаласында Мұстафа Шоқай: «Бiз, Түркiстан тәуелсiздiгiн жақтаушылар, елiмiздiң еркi үшiн және жұрты­мыз Түркiстанның бодандықтан құ­тылуы үшiн күресемiз. Түркiстандықтарда бұдан басқа жол болмаған. Қазiр де жоқ және бұдан соң да болмайды» деп кесіп айтумен шектелмей, бұл ойын «Большевиктер «Түркістан респуб­ликалары түрі – ұлттық, мазмұны – пролетарлық деседі. …Ал біздің мұратымыз – Түркістанда түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттік құрылымға қол жеткізу болмақ. Сонда ғана халқымыз өз жерінің нағыз қожасы бола алады» деп түйіндеді.

Мұстафа Шоқай «Түркістан лениншілде­ріне жауап» деген көлемді мақаласында  Түркістанның тәуелдігі үшін себебін былайша айқындады: «Кеңес үкіметінің «ұлттық сая­саты» басынан аяғына дейін ұлттық езу, қанау саясаты. Түркістандағы «ұлттық республи­калар» дегеніміз – «сырты жылтырап, іші қалтырап тұрған» мәнсіз, мағынасыз бірдеңе­лер екенін кеңес баспасөзінің өзі де теріске шығаруға дәрменсіз». Сол себепті Түркістан халқы большевиктердің жекелеген саясатына ғана қарсы күресіп жатқан жоқ, «орыс про­летариаты билігінің» тұтас жүйесіне қарсы күресіп келеді» деп жазды.

Тәуелсіздік үшін күрестің амал-тәсілдері­не де Мұстафа Шоқай жеткілікті көңіл бөлді. Осы бағытта қысқа ғана болса да, өзінің саяси мазмұны жағынан аса бір маңызды 1931 жылы жарық көрген «Алған бағытымыз айқын болсын» деген мақаласында орыс демократтарының саяси жарамсыздығынан Ақпан төңкерісінен ештеңе шықпағанын, Ресейде үстемдік құрған большевизмнің тек орыстарға тән екенін орыс демократтарының көрнекті тарихшы ғалымы П.Н.Милюковтың өзінің де мойындағанын айта келіп: «Сол себепті біз миллиондаған тұрғыны бар Ресей­мен күресте жеңіске жеткізетін ең тура, ең тиімді жолдар мен тәсілдерді таңдап ала білуіміз керек» деді. Мұны айтумен шектелмей автор: «…Біз өзімізбен тағдырлас және өзіміз сияқты ұлттық тәуелсіздікке ұмтылып отырған халықтармен тізе қосып, күш біріктірудің жолдарын іздестіруіміз ләзім. Біз тек Еділ Орал, Қырым, Әзірбайжан қатарлы өз бауырларымызбен ғана тығыз байланыста болып қоймай, Кавказ халықтары, Украина және орыс казактарының тәуелсіз мемлекет құру жолына түскен бөлігімен ұйымдық тұрғыдан да, жеке тұрғыдан да тығыз байланыстар орнатуымыз қажет» деп күрес ауқымын кеңейте және қуатын арттыра жазды. Мұның себебін Мұстафа Шоқай ұлт­тық қозғалыстың жастығымен, ұлттық ұйым­ның буыны беки қоймағанымен, «ұлттық бірлік» төңірегіне топтасқан түркістандықтардың, алған бағытының айқын, басқан қадамының анық, қимылының ширақ бола алмай келе жатқанымен түсіндіріп, мақаласын: «Біз өзіміздің барлық іс-қимылдарымыз бен бой көрсетуімізде Мәскеудің қазіргі және ертеңгі диктатурасына қарсы күрес майданына жұ­мылған ынта-жігерімізді аз да болса басқа жаққа бұратындай ешбір іске бармауымыз тиіс. Алған бағытымыз айқын болсын ағайын!» деген жалынды сөздермен аяқтады.

Кеңестік Ресейдің үстемдігіне қарсы күш біріктірудің қажеттігін жақсы сезінген, бірақ мұндай күшті біріктіру қажетті деңгейде жүзеге аспай отырғаны туралы бұрынғы ойларын жалғастыра түскен, 1932 жылғы жарық көрген «Шептерімізді біріктірейік» деген мақаласында Мұстафа Шоқай ұйымдардың бытыраңқылығын, араларында жүйелі байла­ныстың жоқтығын,  күштерді біріктіріп, бір мықты ортақ ұйым құрудың қажеттігін атап көрсетіп: «Бұл орталыққа біріккен әрбір ұлт­тық ұйым өз дербестігін сақтай отырып, соны­мен қатар орыстың большевиктік немесе большевиктік емес империалистеріне қарсы күресте біздің ұлттық бірлігімізді қамтамасыз ететін болады» деп жазды. Бұл ойлар ары қарай пысықталып, мақала: «Біз, орыс жері­нен» бөлініп тәуелсіздік үшін күресуші ұлт­тар, күшімізді біріктіріп, қатарымызды нығай­тайық» деген сөздермен аяқталды. Осы жылы жарық көрген келесі «Шептерімізді бірлестіру хақында» атты мақаласында 1918-1921 жыл­дары орыс империясы қарамағындағы орыс емес өлкелерде басталған ұлт азаттық қозға­лыстардың мақсаттарының ала-құла болуынан, берік бірлік орната алмағандықтан бодандыққа түскенін, сонымен қатар басқа да себептердің болғанын айта келіп, Мұстафа Шоқай қазір барлығы үшін ортақ мақсат барлығын, ол тәуелсіз ұлттық мемлекет құру екенін атап көрсетті: «Жауымыз күшті. Ол біздің барлық өмірлік мəні бар буындарымызды өз қолында ұстап отыр… Сол себепті біздер армандап отырған мақсатымызға жетудің бір ғана жолы бар десек, ол жол – тəуелсіздік жолындағы барлық күрескерлердің күш біріктіруі». 

Осылай Мұстафа Шоқай өзі көрген, елден жеткен материалдарға кеңестанулық ғылым тұрғысынан талдау жасап, баға беріп, бұл бағытты жаңа интеллектуалдық көкжиекке көтерді. Бұған оның шетелде, Францияда болғаны айрықша мүмкіндік туғызды. Ол көтерген проблемаларды елдегі басқа Алаш жетекшілері білмеді емес, жақсы білді. Алайда қатал цензура олардың аузын аштырмады, сөздерін баспасөз бетінде бастырмады.

Осы сәтте қағидатты бір мәселеге назар­ларыңызды аудара кетейік. Мұстафа Шоқай Ресейді сынағанда оны орыс халқының Отаны ретінде емес, патшалық билік пен кеңестік жүйенің орталығы болғаны, олардың ұлттық саясаттарының әділетсіздігі үшін сынады. Халыққа қарсы емесін, халықты басқарып отырған басшыларға қарсы сөзбен күресетінін айта келіп: «Біз барлық халықты құрметтеуге тиіспіз. Мемлекет үшін бір халықтың өзге халықтан айырмасы жоқ. Географиялық жағ­дайымыз да Ресеймен достық және бейбіт қатынаста болуымызды талап етеді» деп жазды. 

Мұстафа Шоқай Түркістанның тәуелсіздігі үшін күрестің себептері мен амал-тәсілдерін көрсетумен бірге оның түпкі мұраты ұлт­тық мемлекет болғанын кейінгі көптеген шығармаларына өзек етті. «1937 жыл» деген мақаласында  былай деп жазды: «Біз халқы­мыздың құқығы үшін, ұлттық мемлекетті құру сəтін жақындату үшін күресеміз. Біз ұлттық мемлекетімізге қол жеткенін көріп қана қоймай, оны құру істеріне де қатынасқымыз келеді». Бұл үміттер мен армандардың орын­далуына ешқандай шүбə келтірмейміз, соны­мен қатар сол бір бақытты күндердің өзіміз ойлағандай тез жақындамауына байланысты туған уайымымызды да жасырмаймыз дей келе, Мұстафа Шоқай: «Сол үшін де біз барлық күш-қуатымыз бен ақыл-парасатымызды атамекені­міздің азат болатын күнін жақындатуға бұдан былай да жұмсай беретін боламыз» деді. Бұл сөздердің арғы жағында қаншама ойлар, қан­шама сезім күйлері жатыр десеңші!

Ұлттық тәуелсіздік, ұлттық мемлекет, олар­ға жетудің жолдары туралы ойларын кеңірек түсіну үшін Мұстафа Шоқайдың 1936 жылы Берлин радиосынан Түркiстан жастарына арнаған сөзіне арнайы тоқтағанды жөн көріп отырмыз. Таспаға жазылған, үні айқын, әрбір сөзі өмірдің оғындай ондыққа дәл тиетін, идея­лары жүрегің мен сезіміңді жаулап алып, ерекше күйге түсіретін бұл мәтін мынадай болатын: «Түркiстанның мақсаты – өзінің құрылысы миллет (ұлттық – Ә.Б.) үкіметін құрып, дербес боп, өз алдына бір өкімет болып тұру. Халқы көптен бұл жұмысқа алысып, шалысып, қан төгіп, соғысып келеді. Үмiтiмiз зор, мемлекетіміздiң келешегіне иланамыз» дей келіп, болашақ мемлекет үшін күрес келесідей керемет сөздермен бейнеленді: «Біздің құбыламыз – өзіміздің атажұртымыз, өлкеміз Түркістан болмақ! Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру бәрімізге бір мақсат, бір мұхаббат уәзифа болмақ. Мұны ұмытпау керек! Түрік халқы – батыр халық, түрік халқы – арыстан, ер халық». Шіркін, бұл сөздер әрбір қазақтың үйінде болып, отбасының ұлттық рухын көтеріп тұрса, артық болмас еді.

Бұл ой-идеялардан шығар қорытынды, тәуелсіздікті тереңірек түсінбейінше, мемле­кет­тің ұлттық сипатын барынша айқындап алмайынша, ұлттық мүдде тұтас шешіле қой­майтынын, оған деген көзқарас та толық қалыптаса қоймайтыны аян. Сол себепті бізге «бұл ең бірінші кімнің мемлекеті, алды­мен кімнің «сойылын соғып, жыртысын жыр­туымыз» керек, кімнің мүддесін қорғауы қажет» деген тұрғыда ойлана түскен орынды. Өйт­кені өркениетті елдер тәжірибесі алдымен мемлекет құраушы ұлттың идеяларын, мүдде­лерін шешеді. Бұл, екінші жағынан, басқа этнос өкілдерінің мәселелерін шешудің алғы шарты болмақ.

Мұстафа Шоқайдың ұлттық мемлекет құру мен оның дамуында айрықша рөл атқа­ратын саяси партия, парламент туралы да тамаша ойлары бар екенін, алайда уақыттың тарлығымен байланысты және адамзат қоғамы үшін аса мәнді ұлттың зиялы қауымы туралы ой-пікірлеріне тоқтай кеткенді жөн көрдік. Бұл тақырыпқа «Ұлттық зиялы»,«Ұлттық зиялы жөнінде» деген арнайы ма­қалалар жазды. Көлемдері жағынан бас-аяғы 8 беттей болғанымен бұлардың көтерер жүгі салмақты, айтар ойы терең, берер тағылымы мол.

Ұлттық мемлекетті құрайтын, ұйымдас­ты­ратын және оның негізі халық болса, оның көшбастаушысы зиялы қауым болып саналады деп ұғынған Мұстафа Шоқай «Ұлттық зиялы деп кімдерді айтамыз?» деген сұрақты тікелей  қоюдан басталатын «Ұлттық зиялы» атты мақаласында бұған дұрыс жауап қайырудың шын мәнісінде оңай емес екенін атап көрсетеді де, оқығанның барлығын олардың біліміне қарап, зиялы деуге бол­майтыны сияқты, белгілі бір ұлттың өкілі болғанына қарап, оны сол ұлттың зиялысы деуге болмайды дейді. Сонан соң белгілі бір ортақ идеяларды жете ұғынған және сонымен өзара байланысқа түскен білімділерді зиялы, ал саяси, қоғамдық немесе мәдени салалардың қайсысында болмасын өз халқына қызмет ету идеясын терең ұғынған зиялыны ұлттық деп санады.

Зиялы қауым өкілдері қоғамның кіші­гірім әлеуметтік тобын құрайтынын, оның өз ұлтының терең парасатын, шығар­машылық қабілетін жария етушісі, жақтаушысы ғана емес, сонымен бірге оның адамгершілік, мәдени, рухани үлгісі (эталон) болып санала­тынын терең түсінген Мұстафа Шоқай Түркістанның азаттығы үшін күресте халық­тың саяси, әлеуметтік бірлігі ұлттың зиялы­ларынсыз болмайтынын жақсы білді. Сондай-ақ халық бұқарасының, зиялы қауымның ой-тұжырымдарымен келісе алмаған биліктің де тағдыры тұрлаулы бола алмайтынын өмір көрсетіп келеді.

Мұстафа Шоқай туған елінің азаттығы, мемлекетінің тәуелсіздігі үшін күресетін саяси қайраткерлер туралы, олардың тамаша кісі­лік қасиеттері жөнінде де тағылымды өсиеттер қалдырды. Шынында да, мемлекеттің саяси сипаты да, әлеуметтік әлеуеті де оның тікелей  басшысына байланысты болатынын  тарих талай дәлелдеді. Сондықтан Мұстафа Шоқай­дың «Біз саяси қайраткерлерді оның ұранына қарап емес, іс-қимылына қарап бағалаймыз» деуі де, Алманияның мемлекет қайраткері  Бисмарктің «Әкімшілігінен ынсап кеткен жерде заңнан қайыр жоқ» деген сөзін мысалға келтіруі де тегіннен-тегін емес еді.

Дана қазағым «елу жылда ел жаңа» дейді. Ал оның ілгері дамуы көбіне көп билік маңайындағы лауазымды азаматтарға, олардың адамгершілік, халықты ұйыстыра білу, биік жауапкершілік сияқты қасиеттерді қастерлей білуіне байланысты. Бұл сондай-ақ бүгінгі нарықтық қатынастың тиімді қырын терең түсінуге де қатысты. Алаш жетекшілері біз батыстық (нарықты айтқаны) жолды таңдаймыз, алайда оны өзіміздің тарихи, ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып қабылдаймыз деген еді. Біз ислам дінін де өзіміздің тұрмыс жағдайымызға қарай қабыл­даған болатынбыз. Менің айтпағым – қазір басқару ұйымдарына дайындайдын лауазым алаңдарының аздығы байқалады.

Мұстафа Шоқай Түркістандағы «Ұлттық тәуелсіздік» және «Ұлттық мемлекет» үшін күресті тікелей халықтың ұлттық рухымен байланыста қараған болатын. 1931 жылғы жарияланған «Большевизм – түрікшілдіктің жауы» деген мақаласында «ұлт тәуелсіздігі» ұғымын халықтың ұлттық рухынан ажырағысыз деп қарап, олардың себе­бін, даму үдерісін түсіндірді. Мәскеу саяса­тының мәні халқымыздың ұлттық сана сезі­мін тұншықтырып, оның қандай да бір көріністеріне жол бермеу, түрікшілдіктің бел­гілерін түбірімен құрту, ұлтымыздың өзіне тән рухани әлемін суалтып, оның орнына орыс пролетариатының рухын орнатпақ болып отыр деді.  Сондықтан да бар ойын, идеясын былайша тұжырымдады: «Ұлттық рухсыз ұлт тəуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нəтижесi. Ал ұлттық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тəуелсiздiгi аясында өсiп дамиды, жемiс бередi».

Егер өзгеге тəуелді болғысы келмеген, өзінің мекемелеріне ие, өз дербестігін өзі қорғай алатын жəне өзінің мүддесі үшін жиылған халықты ұлт дейтін болсақ, рух халықтың өзін-өзі тануын айқындайтын, өскелең арман-мұраттарын сипаттайтын, елдің тұтастық идеясына негізделген өміршең күш-қуат болып табылады. Қай халықтың болсын, бойындағы өз табиғатына тән тілі, діні және ділі ұлттық рухымен еш ажырағысыз, тікелей байланысты болады.

Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық рухтың негі­зі – ұлттық тіл» деген тамаша өсиеті де бар. Осы бір қысқа ғана пікірді кеңірек ойланып, тереңірек көз жіберсек, онда бүкіл бір ұлттың тағдыры жатқанын байқау қиын емес. Қай халық болмасын, оның басқадан мықтылығы ұлттық рухына, оның негізі болып саналатын ұлттық тіліне байланысты екенін терең түсінген Мұстафа Шоқай ұлттық тілімізге байланысты бірнеше мақала жазды.  Олардағы ой: «Орыс большевиктері социализмді желеу ете отырып, енді екі үш жыл ішінде біздің ана тіліміз – түрік тілін өзінің тарихи құқығынан мақұрым етуді көздеп отыр» дегенге саяды. Бұл пікір ұлттық тілдің  халқымыздың өмірінде ерекше мәнге ие екенін байқатады. Алайда «Қазақ әдебиеті» газетінің 2024 жылғы 24 қыркүйектегі санындағы «Тіл тілді өлтірмейді, сөйлеуші өлтіреді» деген мақаладағы: «Соңғы 10-15 жылдың көлемінде орыс және ағылшын тіл­дерінің әсерінен қазақ тілінің әдеби нор­ма­сына едәуір салмақты залал келгені тіл жана­шырларын алаңдатып отыр» деп газет ұрпақтарымыздың әлі өз тілін меңгермей, басқа тілдерді оқуы теріс тірлік екенін көрсетіп отыр.

Осыдан 35 жыл бұрын қабылданған «Қазақстанның егемендігі туралы деклара­­ция» еліміздің егемендігінің есігін ашып, 1991 жыл­ғы 16 желтоқсанда жариялан­ған Тәуелсіздік­тен бастау алады. Осы күні қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» консти­туциялық заң Қазақстан Республикасы – тәуелсіз, демокра­тиялық және құқықтық мемлекет екенін салтанатты түрде жарияланды. Әлемнің саяси сахнасына жаңа тұрпатты мемлекет келгені мәлім етілді. Халқымыз үшін бұл қайта туған, жаңарудың бастау алған күні болды. Сөйтіп Мұстафа Шоқайдың шетелде жүріп: «Біз құл болып тұра алмаймыз. Біз ұлт-азаттығымызды аламыз» деген сенімі мен арманы 60 жылдан кейін шындығымызға айналды.

Тәуелсіздік бізге не берді? Ең бірінші, біз сыртқы тікелей ықпалдан арылып, көрші елдерімен терезесі тең қарым-қатынас орнаттық. Содан соң халқымыздың бірлігі мен көп этносты Қазақстанның тұтастығы мемлекетіміздің сара саясаты болып отыр. Еліміздің саяси саралануы да, әлеуметтік ахуалының артуы да, экономикасының дамуы да осы парасатты пайымға тұрақты негізделіп келеді. Соның арқасында бүгінде Қазақстан әлемдік қауымдастықта өзіндік орны, саясаты айқын мемлекетке айналды.

«Тәуелсіздік» деген ұғымның мағынасы кең, мәні терең, бұл ең бірінші бостандық, азаттық, яғни басқа біреуге, бір елдің екіншіге тәуелді болмай, азат болуы дегенді білдіреді. Ал әрі қарай тарқатсақ, бұл бостандық жер­гілікті халықтың тілінен, дінінен, ділінен, яғни рухани дүниесінен бастау алып, ұлттық мәдениеттің еркіндігі, мемлекеттің саяси және экономикалық құрылымдарының азат­тығын қамтиды. Сондай-ақ Тәуелсіздік ұғымы мұнымен шектелмейді, бітпейді. Бұл жеке адам үшін мақсаттарды, міндеттерді және оларға жету әдістерін өз бетінше жоғары жауапкершілікпен анықтауды, қоғам алдында тұрған ортақ мүддені шешуде белгілі бір мінез-құлықты таңдау еркіндігін қажет етеді. Сондықтан  біз ұлттық рухпен, ұлтшылдықпен, халықтың саяси санасымен, шынайы әлеуметтік еркіндігімен, қоғамдағы демократиялық үдеріспен, құқықтық сауат­тылықпен, тағы басқа толып жатқан ұғым­дармен тікелей тағдырлас, бағыттас, ажырамас тұтастықтағы «Тәуелсіздік» сөзінің аса қасиетті мәнін тереңірек әрі кеңірек түсініп жатсақ, ұтқанымыз көп болар еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде жария­ланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Тәуелсіз ел болу оны жария­лаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз» деп алдағы мақсат-міндеттерді айқындап берген болатын.

Бұл сөздер біздің бүгін түгендейтін де, тыңнан іздейтін де мәселелеріміздің жетерлік екенін байқатады. Сәл ойланайықшы. Сан ғасыр аңсап жеткен тәуелсіздік, шын мәні­сінде, өзінің толыққанды мәніне ие болуы үшін барды жасай алдық па? Тәуелсіздігіміз тұғырлы болуы үшін алда әлі не істеуіміз қажет? Осы мәселелерді әрбір қазақстандық, ең бірінші өзіміз, осы жердің, елдің иелері терең де қатты ойланып қана қоймай, осы ұлы мақсаттар үшін батыл күресуіміз де керек дегіміз келеді. Сондай-ақ еліміздің алдына бүгін нақты қойылып отырған әділетті һәм жаңа Қазақстан құру мәселесі – өте өзекті ғана емес, әрбір қазақстандықтың тікелей міндет-мұраты. Бұл шынайы ұлттық идеялар мен ұлттық мүдделерді жалпы мемлекеттік деңгейге көтеруді қажет етеді.

Мұстафа Шоқайдың саяси қызметі мен шығармашылық мұрасының мәні мен маз­мұнын құрайтын міне, өздеріңіз көріп отырғандай, «Түркістан», «Автономия», «Азат­тық», «Тәуелсіздік», «Ұлттық мәде­ниет», «Ұлттық рух», «Ұлттық тіл», «Ұлттық бірлік» және «Ұлттық мемлекет» сияқты терең мәнді тамаша ұлттық идеяларсыз түсіне алмаймыз. Бұл ұғымдар тұтас, бірінсіз бірі кедей, бірі жетім дейміз. Сондықтан ұлы тұлғаның тәуелсіз ұлттық мемлекет туралы айтқан телегей теңіз ойлары мен идеялары ұлтымыздың саяси сапасын жаңартып, әлеу­меттік әлеуетін көтеріп, адамзат әлеміндегі өз орнымызды айқындай, күшейте түсері сөзсіз. Сол себепті  сан ғасыр аңсап, осыдан 30 жылдан астам  уақытта қол жеткен тәуелсіздік бұқара халқымыз арасында шынайы рухани серпіліс туғызуы үшін Мұстафа Шоқайдың айтқан «Шығыс рухымызды» айқындай түсіп, оны «Батыс білімімен» ұштастыру аса құнды» деген сөздеріне де ой жіберген артық емес.

Өзінің бүкіл саналы ғұмырын, қажыр қай­ратын, асыл мұрасын туған Отаны – Түркістаны­ның тәуелсіздігі мен ұлттық мемлекеті үшін күреске арнаған осындай ерекше ардақты тұлға туралы ол қайтыс болғаннан соң 1942 жылы 8 ақпанда Париждегі еске түсіруге арналған мәжілісте Украина Халық Республикасының Сыртқы істер министрі болған, саяси қай­раткер, профессор, эмигрант Александр Шульгин былай деп еді: «Егер Түркістан тәуелсіздік алып, М. Шоқай тірі болса, ол Джавахарлал Неру, Ататүрік сияқты қайраткер болар еді… Түркістан бір күндері жаңарып, өз батырларын еске алатынын, Мұстафаға Перовскіде, не Ташкентте ескерткіш қоятынын білмеймін. Бірақ халық оған өз жүрегінен ескерткіш орнататынына кәміл сенемін». Бұл сенім толық ақталып келеді.

Сыр елінің астанасы – Қызылорда қала­сында орнаған зәулім ескерткіш сүйікті халқын  бүгінгі тәуелсіздік ұсынған талаптарды батыл шешіп, әлемдегі болып жатқан саяси-әлеуметтік жетістіктерді өзіміздің тарихи, ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып қабылдап, еліміздің толыққанды тәуелсіз, өзімізді тәуелсіз елдің еркін азаматы болуға шақырып тұр десем артық айта қоймаспын. 

Әбдіжәлел БӘКІР,

саяси ғылымдардың докторы,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: