Республика күні – ел тарихындағы аса маңызды мерекелердің бірі. Бұл күн жыл сайын 25 қазанда аталып өтеді. 1990 жылдың дәл осы күнінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация» қабылданған болатын. Бұл құжат Қазақстанның тәуелсіз ел болуына жол ашқан алғашқы тарихи қадам еді.
Декларацияда Қазақстанның өз жері мен байлығының иесі екені, өз заңдарын қабылдай алатыны және халықаралық қатынастарда дербес саясат жүргізе алатыны жазылды. Бұл тәуелсіздікке апарар алғашқы нық қадам, елдің еркін болашағына бастау болған тарихи оқиға.
Бұл мереке арқылы біз ата-бабалар армандаған еркін ел болудың қадірін түсінеміз. Республика күні – тек тарихи дата емес, ұлттық жаңғырудың, мемлекеттіліктің, тәуелсіз ойдың символы. Бұл күн бізге еліміздің егемендігін нығайту жолында атқарылған еңбекті еске салып, болашақ ұрпаққа ел тарихын қадірлеуді үйретеді. Республика күні – Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуындағы бірлік пен бейбітшіліктің маңызын айқындайтын мереке.
Республика күні 2009 жылдан кейін ресми мерекелер тізімінен алынып тасталған болатын. Алайда 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Республика күні қайтадан ұлттық мереке ретінде бекітілді.
Бұл – тәуелсіздіктің бастауы болған тарихи күнге жаңа серпін беріп, ел тарихындағы әділ шешімдердің бірі болды.
Қорытындылай келе, Республика күні – еліміздің еркіндігі мен егемендігін айқындаған күн. Бұл мереке әр азаматтың жүрегінде тәуелсіздік рухын оятады және болашаққа деген сенімді нығайтады.
Ақнұр АЙЖАРЫҚ,
Рахымжан Әліарыстанов атындағы
жеке мектептің 11 А сынып оқушысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!