Мектеп жас ұрпаққа білім мен тәрбие беретін киелі де қасиетті ұя. Ал сол мектептің негізгі тірегі – білімді де білікті мұғалім. Заман талабына сай әр баланы қабілетіне қарай дамыту, білім бәйгесінде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шәкірт тәрбиелеу – мұғалімдердің ерен еңбегінің жемісі. Бүгінде жас ұрпаққа сапалы білім беру ізденісті талап етеді. Осы орайда, жас ұрпаққа сапалы білім беруге ұмтылған Ғани Мұратбаев атындағы №171 орта мектебін атап айтуға болады.
Мектеп табалдырығын аттағаннан-ақ бір жылылық сезіледі. Қоңырау сыңғыры, сыныптардағы оқушылардың көңілді дауысы ғимараттың сәнін келтіріп тұрғандай. Дәлізде көздің жауын алатын, кеудеңді нұрға бөлейтін ақпараттар, оқушылар, түлектер, мұғалімдер туралы баннерлерді көруге болады.
Сапалы білім мен тәрбиені мақсат еткен мектеп директоры Гүлмира Қоңырбаева 2024 жылдан бастап жауапкершілік жүгін арқалап келеді.
– Балалардың заманауи ғимаратта оқығаны дұрыс. Осы мақсатта арнайы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мектепке күрделі жөндеу қажет. Алдымызға келген шәкірттерге білім беруде мұғалімдердің рөлі ерекше. Мұғалім болу – тек білім мен біліктілікті ғана емес, жан-жақтылылықты, парасаттылықты талап ететін мамандық. Оқушының қабілетін дамытып, шырағын жағу – біздің міндетіміз. Бүгінгі таңда заман ағымы жас өрендерге түрлі бағдар беруге үлкен жауапкершілікті талап етіп отыр. Дарынды бала – бәріміздің мақтанышымыз, сонымен бірге ортасының өнегесі. Балалардың кез келген жетістігін сыныпта, мектепте насихаттап, талабын ұштап отыру маңызды. Сондықтан да мектептің ішкі-сыртқы техникалық базасы, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі, заманауи құрылғылармен өрендердің жұмыс істей алу мүмкіндігі баланың тиімді білім алуына ықпал етеді. Шәкірттердің жеткілікті деңгейде оқуына барынша жағдай жасаймыз. Облыс орталығында орын тепкен №171 мектептің ұжымы жарты ғасырдан аса уақыттан бері осы бағытта тапжылмай еңбек етіп келеді. Мектеп мұғалімдер еліміздің кемел келешегіне үлесін қосатын шәкірт тәрбиелеп, алға жетелейтін дарынды да талапты оқушыларды білім нәрімен сусындатуды жалғастыра бермек, – дейді Гүлмира Қоңырбаева.

Балаға жақсы тәрбие мен білім беру мұғалімдердің негізгі борышы десек, ұжым бұл мақсаттан шығуда тосылған жоқ. Көзбен көргеніміздей, мектептің педагогикалық ұжымы заман ағымына сай әдістерді, технологияларды, жаңа көзқарастарды енгізіп, ілгері жылжып келеді. «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» дегендей, шәкірт жүрегіне жол таба білетін мұғалім көп. Мектепте 72 мұғалім жұмыс істейді. Олардың ішінде 23 педагог-зерттеуші, 13 педагог-сарапшы, 26 педагог моратор бар. Жас мамандарды да мектеп мақтан тұтады. Олар әр баланың озық ойлы азамат болуына өз үлесін қосуда. Мұнда Бахыт Насырова, Зарипа Сматуллаева, Анар Рүстемова, Жанар Сейілова сынды шығармашыл мұғалімдер еңбек етеді. Ал Жанар Тәжиева, Ғалия Жарас, Ләззат Абуталипова, Рамина Молдашева, Жұлдыз Төлегенова, Мөлдір Медетова сынды мұғалімдер оқушыларды ғылыми жоба, олимпиадаларға, кәсіби байқауларға дайындап, үздіктер қатарынан көрініп жүр.
Елу жылдан аса тарихы бар мектепте ауыз толтырып айтарлықтай жетістік көп. Тарихы бай білім ордасынан түлеп ұшқан түлектер еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етуде.
Оқушылардың білім деңгейі ұлттық бірыңғай тест кезінде таразыланып келеді. Мектеп түлектері ҰБТ-дан жақсы нәтиже көрсетіп келеді. 2024 жылы 30 түлек мектеп бітірсе, 15 оқушы грантқа түске, 3 оқушы «Алтын белгі» иегері атанған. Ал 5 оқушы орта арнаулы оқу орнына бюджет есебінен, қалған оқушылар жоғары оқу орнына ақылы оқуға түскен. Нәтижесінде түлектердің барлығы дерлік жоғары оқу орнына орналасқан.
– Мектеп биыл жаңа оқу жылына қарсы орташа жөндеуден өтті. Сұранысқа сәйкес, мектепті жарықтандырдық. Қаржының көлеміне байланысты қажет деген жұмыстарға мән берілді. Атап айтсақ, спорт зал, STEAM кабинеті жабдықталды. Барлық сынып кабинеттеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оқушылар түрлі үйірмелерге қатысады. Оның ішінде би, қолөнер, асық ату, тоғызқұмалақ, «Жас сарбаз» әскери патриоттық үйірмелер бар. Мұның барлығы баланың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар 200 оқушы ыстық тамақпен қамтылған, – деді мектеп директоры.
Елімізде кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» жобасы қолға алынғаны белгілі. Аталған міндеттемелерді іс жүзінде жүзеге асырудың маңызды қадамдарының бірі – кітап оқу. Сондықтан да ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атыраудағы Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында бұл мәселеге ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде: «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деген болатын.

Осы орайда, мектеп кітапханасына да кіріп, оқушылардың кітапқа деген қызығушылықтарын білгенді жөн көрдік.
– Кітап оқу арқылы бәсекеге қабілетті әрі мықты боламыз. Сондықтан мектеп табылдырығын аттаған әр баланы кітап оқуға қызықтырамыз. Сабақ тапсырмаларын немесе көркем әдебиетті оқу мақсатында кітапханаға бас сұғатын оқушылар көп. Қазіргі таңда кітапхана қорында 28 мыңнан аса кітап бар. Сондай-ақ 69 ерекше балаларға арналған кітап, 335 электронды оқулықтар бар. Мектептегі 330-дан аса бала кітапханаға жазылған. Одан бөлек, балалар кітапханасы жобасы тұрақты түрде жұмыс істеуде. Балаларды кітап оқуға бейімдеу мақсатында сынып сағаттарын өтеміз. Биыл төрт мыңнан аса сұранысқа сай кітаптар келді. Оқушылар көбінесе көркем әдебиеттерді, шетел кітаптарын көп алып оқиды. – дейді мектеп кітапханашысы Айгүл Жылқыбаева.
Мектеп ұжымы жаңа технология ғасырында уақыт көшінен қалмай келеді. Мектепті заманауи бағытта жабдықтауға да күш салуда. Мұндағы мақсат – оқушылардың заман талабына сай ғимаратта білім алуына толық мүмкіндік жасау. Себебі мұнда өз ісіне берілген майталман мамандар мен кемел келешегім білімде деп ұғынған ынталы шәкірттер бар.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!