Көздерінде тарих бар, тұнып тұрған,
Жылдар салған жара да соны ұқтырған.
Таяғына сүйеніп қария тұр,
Тағдыры да жақсы емес, оңып тұрған.
Қанша сыннан өтсе де, мұқалмаған,
Рухы – мықты, жылдарға жұталмаған.
Ұрпағына лайықты ғұмыр тілеп,
Бар өмірін кейінге тіке арнаған.
Дәл осындай қарттарым, қазынам бар,
Олардың ойын оқы, назын аңғар.
Тірі тарих ортада жүр ғой әне,
Айтшы қандай шежірең, жазып алған.
Бар кезде түсінбейміз қадірін де,
Қате жасап жүрміз ғой әлі күнге.
Қарттар күні келгенде ойға түсер,
Басқа кезде ойда жоқ, бәрінің де.
Иә, міне, тарихың, кешегің де,
Дамуың да қарыштап, өсерің де.
Олардың көз алдында өтіп жатыр,
Өмірге келдім дейсің неше күнге?!
Бар кезде алып алғын, батасын да,
Қарияның өстік қой арқасында.
Олар үшін шәкіртпіз, баламыз біз,
Отырмыз өмір-мектеп партасында.
Қол жайып, бата сұрап тұрмын тағы,
Балам тұр, құртын тістеп, ұртындағы.
Санасында қалсын деп ертіп келдім,
Үлкендердің өсиетін бір тыңдады…
Дәулет Қырдан
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!