Қазақ халқының даналығы ғасырдан-ғасырға жеткен ұлттық салт-дәстүрі мен жыр-дастандары және ғибратқа толы нақыл сөздері, батасымен құнды. Дәуір қойнауынан сыр шертетін ғибратты дүниені ұрпақ бойына сіңіріп, келешекке аманаттайтын қасиетті шаңырақ мектеп екені белгілі. Мектеп – ұлт мұрасын ұлықтайтын ұлағат ұясы. Қазақтың інжу-маржаны саналатын құндылықтың өміршеңдігін айғақтап, оқушылардың зердесіне тоқып, кәсіби түрде өнерге баулып, керемет өнер туындысымен, білімді шәкіртімен топ жарып, көшбасшы болып келе жатқан білім ордасының бірі – қаладағы №211 Ахмет Байтұрсынов атындағы мектеп.
Асық атып, қамшы өріп…
Табалдырықтан аттағаннан қазақтың ою-өрнектерімен безендірілген білім ұясының талантты шәкірттері батырлар жырын жатқа айтып, тіпті ер балалар жылқының ат әбзелдерімен таныстырып, көз алдымызда қамшы өріп, қыздар жағы басқұр тоқып, қолөнер туындыларын жасап жатқанын көргенде қазақтың ауылына келіп қалғандай әсерде боласың. Шынында, осындай өнегелі де, зерделі ұрпақ барда ұлт өнері өміршең екенін сезіндік. Иә, баланың бойындағы талант көзін ашуда мұғалімнің еңбегі ерен. Ұлттық құндылықты шәкірт бойына терең сіңіруді мақсат еткен мектеп мұғалімдері тек мереке күндері ғана емес, жыл бойы бала санасына әдебиетті, мәдениетті, өнерді насихаттаумен келеді.
– Мектепте ұлттық ойындар мен дәстүрлі білімді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Тоғызқұмалақ, бестемше, қоздату, асық ату, бестас ойыны баланың логикалық ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, ұлттық дәстүрді терең түсінуге мүмкіндік береді. Бұл үйірмелердің жетекшілері Аққанат Шерғазықызы мен Алтынай Жайшылыққызы балаларға ойынды үйретіп қоймай, ұлттық құндылыққа деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға да үлес қосып келеді.
Сонымен қатар мектепте ұлттық дәстүр мен шығармашылықты біріктіретін бірегей жоба жүзеге асуда. Мәселен, жылқыны тануға арналған арнайы бұрыш жасаған мектеп мұғалімі Азиз Әуезханұлы оқушыларға қазақ тұрмысында жылқының мән-маңызын түсіндіріп, қамшы өрудің қыр-сырын үйретіп, шығармашылық қабілетін дамытуды қолға алып келеді, – дейді мектеп директоры Айжан Алимова.
Телефонға телмірген заманда ұлттық құндылықты ұрпақ бойына сіңірген
Мектеп басшысы айтқандай, білім ордасы ұлттық өнерді дамыту мақсатында бірегей жобамен жүйелі жұмыс істеуде. Осы орайда, қолөнер мен дәстүрлі өнерді насихаттау бағытында «Іскер ана» үйірмесінің жұмысымен таныстық. Дәрігүл Қабылбайқызы мен Ұлдана Мәлікқызы жетекшілік ететін үйірмеде оқушы қыздар табиғи жүннен моншақтар, бас киім, сөмке жасап, құрақ құрап, ұлттық ою-өрнекпен безендірілген түрлі әшекей бұйым жасауда.
– «Іскер ана» жобасы аясында қыздар тоқыма тоқу, оюдың қыр-сырын меңгерумен қатар қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын бойына сіңіруде. Мектепте ұлттық киімдер көрсетілімін ұйымдастырып, ою-өрнекпен безендірілген ұлттық киім топтамасымен таныстыруды дәстүрге айналдырдық. Ылғалды жүннен киімдер, төсеніш, сырмақ, киіз бұйымын жасау, тоқыма жіптен ілмекті бізбен тоқу, кестелеу өнеріне оқушылар қызығады. Қол моторикасын шынықтыруға да әсері мол. Баланың санасын, зердесін оятуға да, шыдамдылығын шыңдауға да қолөнердің пайдасы бар. Оқушылардың қолынан шыққан көздің жауын алатын дүниелер көрмелерге қойылады. Сол көріністен бала ынталанып, қабілеті ашылады. Қазіргі телефонға телмірген заманда ұлттық құндылық ұрпақ тәрбиесіне оң әсерін береді, – дейді үйірме жетекшісі Дәрікүл Қабылбайқызы.
Шығармашылықпен жұмыс істейтін шебер ұстаз Ұлдана Мәлікқызы оқушы қыздардың қолынан шыққан шынайы өнер туындысының орны ерекше екенін айтады.
– Қыздардың ибалы, инабатты, көркем мінезді, талғампаз, ұқыпты болуына көркемөнердің әсері мол. Эстетикалық сұлулыққа баулитын дүниелердің түр-түсіне қарай шебер құрастыру және әшекейді үйлестіру ой ұшқырлығын шыңдайды. Таным көкжиегін кеңейтіп, әдемілікке, тазалыққа шақырады, – дейді ұстаз.
Жыр жаттаған балалар өсіп келеді
Көркем сөздің көмбесін ақтарып, елге танытуда «Тіл білімі мектебі» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Жыр жаттап өсіп келеміз» атты үйірменің жұмысы әлеуметтік желі арқылы тұрақты насихатталып отырады екен. Бұл үйірмеде оқушылар бастауыш сыныптан бастап-ақ халық ауыз әдебиеті үлгілерін, батырлар жырын, терме-толғауларды жатқа айтуға машықтанғанына куә болдық. 2 сынып оқушылары батырлар жырын мүдірмей айтып, өнерімен таңғалдырды.
Жетекшісі Кенжегүл Далиеваның айтуынша, жыр жаттау оқушылардың тіл байлығын арттырып қана қоймай, ұлттық дүниетанымын қалыптастыруға, сөз өнеріне деген қызығушылығын оятуға үлес қосуда.
– «Тіл білімі мектебі» жобасы аясында ашылған «Айтылым әрекеті» зертханасында жүзеге асып жатқан «Бір кітап – бір тағылым» айдары оқушыға ерекше туындыны ұсынып, талдатып, айтылым дағдысын дамытуды да көздейді. Үйірменің басты мақсаты – оқушылардың оқуға қызығушылығын арттыру, ой-өрісі мен дүниетанымын кеңейту, сондай-ақ оқыған шығармасы туралы еркін пікір білдіріп, өз ойын жүйелі жеткізе білуге, сөйлеу мәдениетін дамытуға мүмкіндік береді. Әр кітаптан өмірге қажет бір ой, өнеге, сабақ алып, баланың рухани әлемін байытамыз. Жұмысымыз нәтижесіз емес. Жетекшілігімдегі 2 сынып оқушылары батырлар жырын жатқа айтып, ұлттық мұраны дәріптеуде белсенділік танытуда. Мектеп кітапханасымен тығыз байланыс орнатқан бүлдіршіндер халқымыздың бай дәстүрі, өнері, мұрасымен сусындаса өз ұлтына, тіліне, көркем әдебиетіне деген құрметі артады деп ойлаймын. Зейіні ашылған бала білімге құштар, белсенді, мейірімді, зерек болады, – дейді ұстаз.
«Іскер ана» – ұлттық тәрбие бесігі
Мектеп директорының айтуынша, «Іскер ана» жобасының пайдалы тұсы – ұлттық құндылықты дәріптейтін аға буынды шақырып, оқушылармен кездестіру. Мұндай жүздесу тұнып тұрған тағылым мен білікті тәжірибе. Әсіресе мектепке қолөнердің хас шебері Бақыткүл әже келіп шеберлік сағатын өткізгенде оқушылар қазақтың көнеден келе жатқан асыл мұрасының бірі, қыр кілем тоқуды үйренді. Ол кілем тоқудың шығу тарихы, оның тұрмыстағы маңызы, қолданылатын құрал-жабдығы мен ою-өрнектің терең мағынасы жайлы әсерлі әңгіме өрбітті. Әрбір өрнекте халқымыздың дүниетанымы, салт-дәстүрі мен өмір философиясы жатқанын ерекше атап өтті. Тек тыңдап қана қоймай, оқушылар өздері де іске кірісіп, жіпті тарқатып, өрнек салып, кілем тоқудың қыр-сырын тәжірибе жүзінде көрді. Қолөнерге деген қызығушылығы оянып, адал еңбек пен шыдамдылықтың, ұқыптылықтың маңызын сезінді.
– Осындай сәттерде ата мен әже өнегесі, ана тәлімі мен мектеп тәрбиесі тоғысып, шынайы тәрбие алаңы қалыптасады. Бұл – ұрпақ пен дәстүр арасындағы алтын көпір. Мұндай мазмұнды кездесулер жас буынның рухани әлемін байытып, ұлттық мәдениетке құрметін арттырып, еңбекқор, өнерлі, жауапты тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді. «Іскер ана» тек жоба емес, бұл – ұлттық тәрбие мен отбасы құндылығын дәріптейтін орта, ұрпаққа аманат болар игі бастама, – дейді мектеп басшысы.
Расында, оқушылар жыл бойы үйірмелерге қатысу арқылы ұлттық өнер мен дәстүрге деген қызығушылығын арттырып, Наурыз мерекесіндегі ғана емес әрбір іс-шараға белсенді қатысып, дәстүрлі құндылықты, сахналық қойылымдар мен көрмелер арқылы көрсетеді. Мектептегі бұл жобалар тек қағаз жүзіндегі бағдарлама емес, нақты өмірде жүзеге асатын, балалар бойына ұлттық құндылықты сіңіретін игі бастама екенін түсіндірді. Ұрпаққа ұлттық дәстүрді дәріптеу, салт-сананы бойына сіңіру, қолөнер мен ұлттық ойын арқылы мәдени мұраны таныту – мектептің басты мақсатына айналған. Осы игі бастамалар арқылы жас ұрпақ тек білім алып қана қоймай, ұлттық құндылыққа деген сүйіспеншілікке, шығармашылыққа, ынтымақ пен бірлікке үйренеді. Бұл бағыттағы жұмыстар оқушыларға ұлттық тәрбиенің мәнін терең түсінуге, өз тарихын сыйлауға, ата-бабадан қалған асыл мұраны қадірлеуге мүмкіндік береді. Ұлттық өнер мен дәстүр – ұрпаққа аманат, мектептегі әрбір іс-шара – сол аманатты келер ұрпаққа жеткізу жолындағы маңызды қадам. Ұлттың ұлықты перзенті Ахмет Байтұрсынов атындағы №211 мектеп мұғалімдері ұрпақ алдындағы ұлттың аманатын арқалап жүргені қуантады.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Суреттерді түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!