Жұма, 27 желтоқсан, 02:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Талғат Мақаш, Қызылорда қалалық мәслихат депутаты: Біздің басты міндетіміз – халықтың тұрмыс сапасын арттыру

05.11.2024

581 0

Қалада күннен-күнге халық саны да өсуде.  Тұрғындар саны өскен сайын тіршілікте өзекті мәселелер де көбейетіні белгілі.  Ел аманатын арқалаған халық қалаулылары  осындайда елмен етене араласып, халықтың мұң-мұқтажын құзырлы орындарға жеткізіп,  ел мен биліктің арасына алтын көпір орнатып, мәселенің оңтайлы шешілуіне ықпал етеді. Олар – қоғамның қозғаушы күші.  Орайы келгенде Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты Талғат Мақашпен сұхбаттастық.

– Мәслихат мінберінен талай өзекті мәселені құзырлы орынға жет­кізіп жүргеніңіз белгілі. Өзіңіз депутат болып сайланған аумақта әлі де күрделі мәселе  бар болар?

– Халық қалаулысы атанып, ел мен билік арасында алтын көпір болу үлкен жауапкершілікті жүктейді. Өздеріңізге белгілі қаламызда ауқымды жобалар қолға алынып, сәтті жүзеге асуда. Жыл басында қала бюджеті 58,2 млрд теңге­мен бекітілген еді. Президенттің, Үкіметтің қолдауының арқасында және облыс әкімінің үйлестіруімен бүгінде бюджет көлемі 107,9 млрд теңгеге жетіп, 49,7 млрд теңгеге (84,6%) артты. Жалпы алғанда барлық даму көрсеткіші оң динамикамен қалыптасты. Жыл аяғына дейін жоғарғы көр­сет­кішке қол жеткізу үшін қарқынды жұмыс жүргізілуде. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 8 айда 167,3 млрд теңгені құрап, 18,4 пайызға, құрылыс  көлемі 57,7 млрд  теңгені құрап, 45,0 пайызға, ауыл шаруашылығы көлемі 4,0 млрд теңгені құрап, 3,2 пайыз болды. Сайлау округім бойынша Белкөл кенті, Бірқазан елді мекені, Қосшыңы­рау, Қарауылтөбе ауылдық округі және Жаппасбай батыр көшесі аумағы бойынша біршама өзекті мәселе көтеріп, шешімін табуға  атсалыстым. Биыл Белкөл кентіне 1 көшеге, Қарауылтөбе ауылдық округіне кіре беріс жаңа қоныс аумағындағы 7 көшеге жол салынды. Электр энергиямен қамту бағытын­дағы 9 жобаға Белкөл кентіндегі Жерұйық, Сарыарқа, Бірлік көшелері, Қосшыңырау ауылдық округіндегі жаңа қоныстанушы аумақ енгізілді. Қарауыл­төбе ауылдық округіндегі А.Құнанбаев көшесінің бас жағына жарық бағаны орнатылды. Сондай-ақ жарық бағанын күтіп ұстауға қалалық бюджеттен 21,1 млн теңге бөлінді. Бірқазан елді мекенін «көгілдір отын­мен» қамту негізгі жоспарға енгізілуде. Әрине, кейбір аймақтарда әлі де ше­­шілмеген мәселе бар. Ауылдық округ­тердің әлеуметтік-экономикалық жағ­дайын жақсарту бағытында атқа­рылуы тиіс міндеттер мен жоспарлар бар. Мәселелерді шешу үшін жергілікті билікпен тығыз жұмыс істеп, кезең-кезеңімен қажетті қаржыландыруды тар­туға тырысып жатырмыз.

– Халықтың базынасын билікке жеткізіп, оң нәтижеге қол жеткізіп, ел қуанған сәттер есіңізде ме?

– Иә, халықтың базынасын билікке жеткізіп, оң нәтижеге қол жеткізген, тұрғындардың қуанышына куә болған сәттер бар. Мысалы, өткен жылы Қарауылтөбе ауылдық округіндегі 150 орындық клуб пайдалануға берілсе, қосшыңыраулықтар «көгілдір отынның» игілігін көруде. Досан ауылындағы медициналық бекеттің құрылысы аяқ­талып, пайдалануға берілді. Бас ауырып, балтыр сыздаса, алысқа бар­май-ақ, жергілікті мамандарға жүгіне алатын спорт  болды. Одан бөлек, ауыл­ға спорт алаңы салынды. Шағын ауыл үшін бұл ерекше қуаныш. Соны­мен қатар Абай ауылындағы саябақ абаттандырылып, көпшілік демала­тын орынға айналды. Балалар ойын алаң­дарына жөндеу жүргізілді. Бұның барлығы ауыл халқы тарапынан көте­рілген мәселелер еді. Біздің басты мін­детіміз – халықтың тұрмыс сапасын арттыру.  Сондықтан әр тұрғынның пікірі біз үшін өте маңызды.

– Өзіңіз басқаратын облыстық филармонияда соңғы уақытта бір­қатар жұмыс жүзеге асуда. Астана мен Алматы қаласына гастролдік сапарға барып, елдің ықыласына бө­ленді. Өнер кешіне куә болғандардың пікірі қандай?

– Аймақ басшысының қолдауымен мәдениет саласында көптеген жағымды жаңалық болып жатыр. Облыстық фи­лармонияда да ауыз толтырып айтар­лықтай жұмыс істелуде. Қаламыздың сәулетіне сән берген 1000 орындық Өнер орталығы пайдалануға берілді. 2021 жылы Е.Әуелбеков көшесінде салынған қосымша ғимарат облыстық филармония филиалы негізінде Жыраулар үйі болып ашылды. Аймақ басшысының өнерге деген қолдауы бұл жобалармен шектелген жоқ. Өткен жылы бірқатар мамандар Италия, Белоруссия елінде біліктілігін арттырды. Бұл жоба биыл да жал­ғасын тауып, классикалық орын­даушыларымыз Италия мемлекетінде шеберлік дәрістеріне қатысып, халық­аралық дәрежедегі сертификатқа ие болды. Мәдениет саласын дамытуға үлес қосқан өнер және әдебиет өкілдеріне арналған «Тұран» сыйлығы филармония әртістеріне де табысталды. Өнер әле­мінде өзіндік орнын қалыптастырған Сыр бойының өнер жанашыры, дирижер К.Ботабаев «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды. Материалдық-техникалық базаны жақсартуға жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, өнер орталығының сахнасы заманауи техникалардың озық үлгілерімен жабдықталды, өнер ұжым­дары мен жеке орындаушыларға концерттік костюмдер тіккізіп, музы­калық аспаптар алдық. Астана, Алматы қаласындағы Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері туралы айтатын болсам, өнердің түрлі жанрын қамтыған ерекше концертті көрермендер үлкен құрметпен қабыл алды. Концертті қазақ әдебиетінің клас­сиктері, Қазақстанның Еңбек ерлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, өнер қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары тама­шалап, өнерпаздардың шеберлігі мен шығармашылықтарына жоғары бағасын берді. Ұлттық дәстүрін, қазақылығын жоймаған өңірдің «Сыр елі – жыр елі» деп текке айтылмағандығын айтып, оң пікірлерін білдірді. Сондай-ақ сырт­та жүрген қызылордалықтардың туған жерге деген сағынышын, ыстық ықы­ласын сезіндік.

– Облыстық филармония басшы­сы қызметіне келген уақыттан бастап қандай жұмыстар жүзеге асты?

– Қызылорда облыстық филармо­ния­сының басшысы қызметіне кіріс­кеннен бастап, жаңа идеяларды іске асыру, филармония жұмысын жаңғырту, жаңарту, өнер иелеріне қолайлы жағдай жасауға тырыстық және ол бүгінде жүзеге асты деп сенім­мен айта аламын. Атап айтқанда, 2014 жылы Сыр елі мәдениеті тарихында тұңғыш рет камералық оркестр құрылды. Көрер­мендердің контингентін көбейту, оқу­шылардың мәдени шараларға қол­жетімділігін арттыру мақсатында 2016 жылы «Әдемі» балалар музыкалық театр-студиясы ашылды. 2020 жылы тұтас түркі дүниесіне ортақ Қорқыт ата мұралары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізіліп, облыс әкімінің Қорқыт ата мұраларын насихаттауға арналған 5 жылдық ке­шенді іс-шаралар жоспары аясында «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблі құрылды. Бұл жоба – Сыр елінің, Қорқыт елінің үлкен жетістігі. Камералық оркестрге қосымша 30 штаттық бірлік қосып, симфония оркестрін ашу туралы ұсыныс оң шешімін тауып, 2023 жылы облыс әкімінің қолдауымен симфония оркестрі болып қайта құрылды. Өңірде заманауи, эстрадалық би ансамблін құру туралы ұсыныс қолдау тауып, 2024 жылдың тамыз айында «AI-ARU» заманауи би ансамблі құрылды. Бүгінде ансамбльге 20 биші қабылданып, жұмыс істеуде. Онымен қоса, жыл сайын жеке орындаушылар мен жыршылардың қа­тарын талантты жастар толықтыруда. Гастрольдік сапардың көкжиегі кеңейді. Филармонияның өнер ұжымы мен жеке орындаушылары Лондон, Босния-Герцеговина, Сербия, Венгрия мемлекеттері мен АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон, Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қаласында, Түркия, Өзбекстан, Азербайжан, Ресей, Татарстан, Түркіменстан елдерінде қазақ өнерін, оның ішінде Сыр елі өнерінің шоқтығын биіктетті. Сонымен қатар өзге облыстармен шығармашылық, әріптестік меморандумдарға қол қойы­лып, республика аймағындағы көптеген қалада филармонияның концерттері жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Тағы бір ел аузында әлі күнге ай­ты­лып жүрген тағылымды шара, ол – ұлы ақын А.Құнанбайұлының 175 жыл­­дық мерейтойына орай Сыр елінде ал­­ғаш рет сахналанған А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсы. Өкі­нішке қарай, әлемде коронавирус ин­фекциясының таралуына байланысты елде енгізілген карантин талабына орай тұрғындар операның көрсетілімін «Qyzylorda» телеарнасы мен Youtube әлеуметтік желісіндегі «Сыр шаңырағы» каналы арқылы ғана тамашалай алды. Жеке орындаушылар мен өнер ұжымының түрлі деңгейдегі кон­курс-фестивальдерге қатысуына, шығар­ма­ларға музыкалық өңдеу жасауға, жаңа­дан партитура жаздыруға, белгілі кәсіби өнер майталмандарының шебер­лік дә­рісін өткізуге жағдай жасалды. Айта берсем филармонияның ауыз толтырып айтарлықтай жеткен жетіс­тіктері көп. Әрине, мұндай ауқымды жұмыстың басым көпшілігі аймақ басшысының, облыстық мәдениет бас­қармасы басшысының қолдауымен жүзеге асты. Алдағы уақытқа филармония ұжы­мына үлкен жауапкершілік жүктелді. Ол жауапкершілікті  бұдан да жоғары деңгейде атқарамыз деп сенемін.

– Қазіргі кезде жасөспірімдердің арасында бұзақылық, қылмыс көбеюде. Қоғамда дүрбелең тудырып жат­қан мәселеге орай сіздің жеке пікіріңіз…

– Сұрағыңыз өте өзекті. Бүгінгі таңда жасөспірімдер арасындағы бұзақылық пен қылмыс деңгейі өсіп отырғаны қоғамды алаңдататын жайт. Менің ойым­­ша, бұл мәселенің себебі көп және оны шешу үшін кешенді шаралар қажет. Ең алдымен, отбасындағы тәрбие мәселесіне назар аудару керек. Ата-ана мен баланың арасындағы сенімді қарым-қатынас, махаббат пен қамқорлық жас­өспірімнің дұрыс қалыптасуына әсер етеді. Өкінішке қарай, кейбір балалар осы қарым-қатынастың жоқтығынан өзде­ріне назар аударту үшін бұзақылыққа барады. Бүгінде бесіктегі баладан бастап смартфонға тәуелді етіп қойғанбыз. Жас­өспірімдер компьютерлік ойындарға әуес. Ондағы агрессиялық ойын теріс әрекетке итермелеуі мүмкін. Сондай-ақ мектептегі тәрбие жұ­мысы мен психологиялық қолдаудың маңыздылығын атап өткім келеді. Кейде орын алған бұзақылық  құқық қорғау органына хабарланбай, мектепішілік жи­налыспен ғана шектелуін кездестіріп жатамыз. Керісінше, ұстаздар, құқық қорғау саласы, ата-аналардың бірлескен әрекеті ғана бұзақылық пен қылмыс деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Меніңше, жасөспірімдер тәрбиесіне ерекше назар аударып, қолдау көрсетіп, дұрыс бағыт беруіміз керек. Аталған мәселені тек жазалау арқылы шешу мүмкін емес, сондықтан әр балаға көңіл бөліп, олардың бойына ұлттық  құн­дылықтарды сіңіруіміз қажет.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: