Сенбі, 16 тамыз, 03:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№61,2174
16.08.2025
PDF мұрағаты

Талсуат: Жұмыссыздық азайды            

16.08.2025

44 0

Қала маңына іргелес орналасқан Талсуат ауылдық округінде толымды істер аз емес. Ауылдық округ әкімі Ерлан Бейсенбаевтың айтуынша,  бүгінде ауылда 498 отбасы бар. Биыл ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында көптеген маңызды жоба жүзеге асқан. Нәтижесінде ауыл бюджеті 160 млн 539 мың теңгеге жеткен.

Ауылда кәсіпкерлікті дамытуда біршама тірлік атқарылғаны байқалады. Мәселен, ауылда 191 шағын кәсіпкерлік нысан жұмыс істеуде. Жыл басынан жаңадан 5 кәсіпкерлік нысан тіркеліп, мемлекеттік бағдарламалар аясында ауыл тұрғындарының 11 жобасы қаржыландырылған. Оның ішінде 5 ауыл тұрғыны 7 млн 864 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болған. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы аясында 43,5 млн теңгені құрайтын 4 жоба қаржыландырылған. Атап айтқанда, кәсіпкерлер ет өндірісі, жұмысшы қолғап цехы, қымыз, жартылай фабрикаттар өндірісі жобаларын жүзеге асыруда. 

– «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қағидаға сүйене отырып, бірлесе атқарылған жұмыстың арқасында биыл Талсуат ауылдық округінде бірқатар жоба жүзеге асты. Ауыл экономикасы дамуының басым бағыттары – шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге барынша мән беріліп келеді.  Жаңа жұ­мыс орындары ашы­луда. Әлеуметтік мәсе­лелер рет-ретімен шешімін табуда. Ауыл тұрғындарының көптен бері көтеріп жүрген мәселесінің бірі – округ аумағында орналасқан әлеу­меттік қызмет көрсететін 3 мекемеге жаяу жүргіншілер жолын салу мен көше жарығын жүр­гізу мәселесі шешімін тапты.  Сонымен қатар 1-ші тұйық көшесіне жарық бағана­лары орнатылды. №3 тұйық кө­шеге тас төселді. Тағзым алаңы­на абаттандыру және көр­кейту жұмыстары жүр­гізілді, – деді ауыл әкімі Ерлан Бейсенбаев қала әкім­­дігінің баспасөз ор­талы­ғында өт­кен брифинг­те.

Бү­гін­гі таң­да елімізде жас­тарға қол­дау көр­сетіліп, көп мүмкіндік жасалуда. Осы бағытты ұстанған Талсуат ауылдық округінде де жас мамандар жұмыс атқарып жүр. Ауыл тұрғындары жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу арқылы  2 азамат «Күміс жас» бағдарламасымен, 2 азамат «Жастар тәжірибесімен» қамтылған. Соның нәтижесінде жұмыссыздық азайды.

Елдегі ағайын ауыл шаруашылығымен  айналысып келеді. Төрт түлікті түлетуге ынталы азаматтар да аз емес. Биыл барлығы 42 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары өсірілуде. Оның ішінде 1,8 гектары картоп, 29,4 гектары көкөніс, 11 гектары бақша дақылдары. Мал шаруашылығы саласында өсім байқалады.

Брифингте ауыл әкімі алдағы уақытта жүзеге асатын жоспарларды айтты.

– Жыл сайын әлеуметтік мәселелердің қордалана түсетіні сөзсіз. Дегенмен тұрғындардың өтініші назардан тыс қалмайды. Осының негізінде Ақмешіт, Астана, Алматы, Отырар, Сауытбаев көшелеріне жарық жүргізіледі. Оның жобалық-сметалық құжаты дайын. Сонымен қатар Құмкөл, Атырау, Ақмешіт, Нұрмағамбетов көшелеріне жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарланды. Ал Байкенжеев және Алматы көшелеріне балалар ойын алаңын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде, – деді ауыл әкімі Ерлан Тұтқабайұлы.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: