Кезінде әл-Фараби ғұлама «Халық өткен өмір тарихын білмесе, өзінің өмір сүріп жатқан дәуірінің қадірін бағалай алмайды» деген екен. Сол тәмсілге сүйеніп, осы аптада Талсуат ауылдық округіне жол тарттық. Мақсатымыз – мемлекеттік бағдарламамен көркейіп жатқан ауылдың тарихы мен жаңарған келбетін көзбен көріп, көңілге түю, бүгінгі сәні мен салтанатын бағамдап, оқырманға паш етіп, өркенді ауылдың өрелі істерін елге насихаттау.

Бүгінгі ауыл келбеті
2465 адамға құтты қоныс болған Талсуат ауылдық округі бүгінде мемлекеттік бағдарлама игілігімен өркендеп келеді. Әлеуметтік ахуалы жақсарған елді мекенде жұмыссыздар саны азайған. Экономикалық белсенді халық саны 1253 болса, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 150. Жыл басынан 15 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында 23 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған.
Биыл бюджет жоспары 214, 4 млн теңгеге бекітілген. Салықтық түсім 2025 жылға 11 млн 417 мың теңгеге жоспарланса, 10 айда 12 400,6 теңге түсіп, жоспар 108,6%-ға орындалған.

Кәсіп түбі – нәсіп
Қазір ауылдық округтерде кәсіпкерлік жедел дамып келе жатқаны мемлекеттік бағдарламаның игілігі екені белгілі. Округте 189 шағын кәсіпкерлік нысаны 174 дара кәсіпкерлер, 6 шаруа қожалығы тіркелген, заңды тұлға – 9.
Ауылдық округ әкімі Ерлан Бейсенбаевтың айтуынша, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламамен жыл басынан несие портфелі 85,6 млн теңгені құрайтын 11 жоба мақұлданған.
Айталық, «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы «Татыранова» ЖК мүйізді ірі қара мал басын көбейту жобасы 6 пайыздық жеңілдікпен қаржыландырылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы пилоттық жобасы аясында биыл 74,9 млн құрайтын 5 жоба қаржыландырылған. Олардың қатарында қолғап шығару цехы, қымыз өндірісі, жартылай фабрикаттар, ет өндірісі, балық шаруашылығы бар. Қайтарымсыз грант (400 АЕК) арқылы 5 жоба жүзеге асты.
Мәселен, жеке кәсіпкер, күміс алқа иесі Гүлжан Ахметова «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2024 жылы қазан айында 2,5%-бен 7 млн теңге несие алып тігін цехын ашып қажетті құрал-жабдықтар сатып алды. Көпбалалы ана қазақтың ұлттық киімдерін тігіп, кәсібінің жемісін көріп, екі адамды жұмыспен қамтып отыр.
Халқымыздың ерекше қастерлеп және жанына жақын көрген төрт түлігінің ішіндегі пір тұтқаны – жылқы малы. Халқымызда «қазақ, дала, жылқы» деген сөздер бір-біріне жақын тамырлас та, тағдырлас.
Талсуат тұрғыны Жанат Тоқмейілова 2012 жылдан бастап «Нұрай» жеке кәсібін құрып, мал шаруашылығымен айналысып келеді. 2022 жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ «Еңбек» бағдарламасы арқылы несиеге қол жеткізіп, 12 бас жылқы алған. 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 7 млн теңге несие алып, 100 бас жылқы, 50-ден аса ірі қара өсіріп отыр. Шаруашылығы 700 шаршы метр аумақты алып жатыр. Осы кәсіппен айналысқан жылдары ол жылқы түлігінің қасиетін ұғына түскен. Өз кәсібіне шынайы беріліп, тірлік қылса көсегесі көгеріп, ісі оңға басатынына көзі жетті. Шындығында жылқы мінсең көлік, жесең тамақ, ішсең сусын, кисең киім. Жылқының еті де, сүті де дәрі. «Жылқы – жаным, қымыз-қымыраным» деген атам қазақ. Тарихтан белгілі, кей жағдайда аттан құлаған адам аман қалады екен. Тіпті еш жері жарақаттанбаған да кезі болған. Қазақта «Есек тұяғын төсейді, түйе шудасын төсейді, өгіз мүйізін, ат жалын төсейді» деген тәмсіл бар. Бұл тұлпарға тән тазалықтың белгісі.
Киелі жылқы малын өсіріп, қорасын малға толтырып отырған Жанат жылқының қасиетін де бес саусақтай білетін болып шықты. Ер мінезді қайсар жан ауылдағы үш азаматты жұмыспен қамтып отыр.
– Әйел затының табиғатына мал шаруашылығымен айналысу өте қиын. Айына жем-шөптің өзіне миллион теңге ақша керек. Ет өндірумен бірге қымыз да баптап, саумалды елге ұсынып отырмыз. Жақында 2,5 пайыздық жеңілдікпен асыл тұқымды ақбас сиыр алдым. Оның 10-ы сиыр, 1-і бұқа. Қазір мал басы көбейіп жатыр. Күн жылы кезде сүт өнімдерін тиімді бағада жергілікті тұрғындарға саттық. Уақ мал мен сиырдың етін бордақылаумен де айналысып жүрмін. Өзім тұратын Талсуат ауылдық округіндегі тұрмысы төмен отбасыларға көмектесіп, түрлі шараға демеушілік көрсетіп, елдің батасын алып келемін. Бұл кәсіппен айналысқаныма да 10 жылдан асты, – дейді кәсіпкер.
Ешкімге алақан жаймай, маңдай терімен отбасын асырап қоймай, атымтай жомарттықтың үлгісін көрсетіп, ауыл халқына да жәрдемдесіп отырған кәсіпкердің берекелі ісіне ел риза.
Әлеуметтің әлеуеті назарда
Ауылдағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар да назардан тыс қалмай, мемлекет қамқорлығына алынған. Жыл басынан аз қамтылған 33 отбасына 8 701 482 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Ауылдық округ тұрғындарын міндетті әлеуметтік медининалық сақтандыру шеңберінде Талсуат ауылдық округінде медициналық амбулатория алғашқы көмек беріп, дәрі-дәрмекпен қамтуда. Мұнда 2 дәрігер, 6 жалпы тәжірибелік аяжан, 1 ем-шара бөлімінің аяжаны тұрғындарға медициналық қызмет көрсетеді.
Инфрақұрылым жемісі
Тұрғындардың көптен бері көтеріп жүрген ауылдық округтегі әлеуметтік қызмет көрсететін 3 мекемеге жаяу жүргінші жолын салу мен көше жарығын жүргізу мәселесі шешімін тапты. Жобаның сметалық құжаты «Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы» тарапынан әзірленіп, 2025 жылы қалалық бюджеттен толық көлемде қаржыландырылды. Мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесі бойынша мердігер мекемемен құны 75,8 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыс толық аяқталды.
– Ауылдық округтегі 1-ші тұйық көшеге жарық бағаналары орнатылды. Жоба құны 2 млн 341 мың теңгені құрайды. 3-ші тұйық көшеге де тас төселіп, оған 13 млн 279 мың теңге қаржы қаралды.Сонымен қатар Тағзым алаңы абаттандырылып, ағымдағы жөндеу жүргізілді. Құны 4,992 мың 152 теңгені құрайтын құрылысты мердігер мекеме «ALYSER» COMPANY ЖШС орындады.Самаладай жарық көшелермен тұрғындар емін-еркін жүретін болды. Мәселен биыл Астана, Алматы, Ақмешіт, Отырар, О.Сауытбаев, С.Нұрмағамбетов көшелеріне көше жарығы жүргізілді. Оған 51,9 млн теңге бөлінді. Құрылысты «Орда-Құрылыс» мекемесі орындады, – дейді ауыл әкімі.


Жол қозғалысы мен қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында «Қызылорда облыстық полиция департаменті» тарапынан А.Құнанбаев көшесінің бойына жаңа бейнебақылау камералары орнатылғаны да ауыл ішіндегі тәртіпті қадағалауға көмек беруде. Жаңа бейнекамералар бір мезетте бірнеше жолақтағы қозғалысты қадағалап, заң бұзушылықты анықтай алады. Ауылдық округте бір клуб пен 11 мыңға жуық кітап қоры бар кітапхана жұмыс істеп тұр. «Талсуат» ауылдық клубы» МҚК-нің меңгерушісі Айнагүл Жайдариеваның айтуынша, өскелең ұрпақтың уақытты тиімді пайдалануы үшін барлық жағдай жасалған. Клубта 6 үйірме тұрақты жұмыс істейді. «Жас дәурен» мен «Әсем әуен» дәстүрлі ән үйірмесі, «Ақкербез» би және «Алақай» балалар қуыршақ-драма, көркемсөз үйірмесі, «Ісмер» қолөнер үйірмелерінде барлығы 103 бала бар. Сонымен қатар «Ақ әже» ансамблі, «Талсуат еріктілері» тобы да өз жұмысын жүргізіп келеді.
Талсуат ауылында өркендеу бар. Бұл мемлекеттік бағдарламаның игілігі екені сөзсіз.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!