Сейсенбі, 14 қазан, 11:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№78, 2190
14.10.2025
PDF мұрағаты

Таңмен таласқан…

14.10.2025

101 0

Тазалық. Үйінің, тұратын жерінің таза болғанын кез келген адам қалайды. Тазалық адамға керемет көңіл-күй сыйлайтыны белгілі. Мәселен, қала ішінде кетіп бара жатып, жан-жағыңа қараған кезде мұнтаздай таза болса керемет емес пе?! Ал қоқыс жатқанын көрсеңіз, көңіліңіз әп-сәтте бұзылады. Осы орайда тазалықшылардың еңбегі зор. Таңертең жұмысқа келе жатқаннан көшенің қоқысы жиналып, тазарғанын байқауға болады. Өйткені сіз ұйқыдан тұруға ерініп жатқанда, «Қызылорда тазалығының» қазметкерлері көшені тазалауға кіріседі. «Нағыз еңбек осы кісілердікі» деп айтуға әбден болады. Аптапты жазда, қытымыр қыста тынымсыз еңбектен бас алмайтын тазалықшы­лардың еңбегі өлшеусіз.

Рая Қарамырзаева көше тазалаушы болып жұмыс істегеніне 15 жылдан асты. Таңғы сағат алтыда тұрып, үйдің тірлігін істейді. Себебі сағат 7-де жұмысына кірісуі тиіс. Қала көшесін сыпырып, қоқысын тазалайды.

– «Еңбектің наны тәтті» демекші еңбектенген адам далада қалмайды. Өзімізге белгіленген аумақты, көше­лерді қоқыстан тазартамыз. Тал әктейміз. Кейде қап-қап қоқыс жи­наймыз. Жұмыс болған соң, қызығы да қиындығы да кездеседі. Қазір тазалыққа барлығы мән береді. Қоқыс та азайды. Тұрғындар туған жерге құрметпен қарайды деп ойлаймын. Осыдан 15 жыл бұрынғы  уақытпен салыстыру мүмкін емес. Қала үлкейді, көркейді. Қаланы тазалап жүріп, осындай үлкен аймаққа айналып келе жатқанына қуанамыз,  – дейді ол. 

Қаланың дамуы туралы сөз боғанда ең бірінші тазалығын айтатындар көп. Ал тазалық жұмыстарын сөз еткенде «Қызылорда тазалығы» мекемесінің толассыз еңбегі бар. Оның ішінде көзге көрінбейтін тазалықшылардың әрбі­рінің үлесі зор.

Мәселен, Рая Қарамырзаева «Қызылорда тазалығы» мекемесіне осыдан 15 жыл бұрын жұмысқа тұрған. Бір мекемеде осынша жыл жұмыс істеудің өзі ерлік. Ол осы жұмысқа орналасқан алғашқы жылдарын еске алды. 

– Ең алғаш жұмысты бастаған кездерім есімнен кетпейді. Ол кезде қаланың әрбір көшесі қоқыстан көз ашпайтын. Тұрғындар қоқысты әр жерге лақтырып кететін.  Дегенмен, тәртіп бар жерде барлығы болады. Қаланы таза аймаққа айналдыру мақсатында тұрғындар бірлесе жұмыс істеуде. Әсіресе, жастар қазіргі уақытта тазалыққа ден қойған. Таза, өмір сүруге қолайлы қала болып қалыптасып келеді. Тазалыққа ерекше көңіл бөлу керек екенін халық түсінді. Осылайша шаһарымыз бірте-бірте жасыл қалаға айналуда, – дейді Рая Қарамырзаева.

Тазалықты жаны сүйетін Рая апа адал қызмет етіп жүргенін мақтан етеді. Бүгінде олардың еңбегін бағалайтындар көбейген. 

– Бізде жұмыс істейіндердің еңбегі адал. Олар қандай қиындыққа да шыдап, көше тазалауға бар күшін салады. Қалай десек те, ызғарлы күні немесе аптап ыстықта далада көше тазалап жүру оңай емес. Біздің жұмысымыз мезгілге сәйкес қыза түседі, – дейді Рая апа.

Кейіпкеріміздің айтуынша, бұл жұмысқа жас­тардың келуі сирек. Себебі жұмыс ауыр. Сон­дықтан болар, тазалықшылардың көбі орта және егде жастағы кісілер.

 – Айлық уақытылы беріледі. Қазіргі уақытта бізге барлық мүмкіндік жасалуда. Дегенмен, таңертең ерте бастайсың, қыста күн суықта қар күрейсің. Осы тәртіпке бағыну жастарға қиынға соғады. Сондықтан жастар келе қоймайды. Ал үлкен кісілер жауапкершілікпен істейді, әр көшені, әр аялдаманы уақытылы тазалау міндет, – дейді ол.

Рая апа үшін тазалық – қала мәдениетінің айнасы. Жұмыс істеген жылдар ішінде байқағаны, тұрғындар арасын­да тазалық мәдениеті артқан. Әсіресе, жастар тазалыққа үлкен мән береді екен. Сондай-ақ көшеге оңды-солды қоқыс лақтырып кету азайған.

 – Бүгінде жастар еңбегімізді бағалайды. Тұрғындар тазалыққа үлкен жауапкершілікпен қарай бастағаны көңілге қуаныш ұялатады. Тіптен оқушы балалардың өзі көшеде қоқыс жатса жүгіріп алып жатады. Осындай көқарас бізге үлкен күш береді, – дейді ол.

Айналаны тап-тұйнақтай етіп ұстау үшін жүйелі жұмыс та, жанашыр ниет те қажет. Атап айтсақ, «Қызылорда тазалығы» мекемесінің жұмысшылары осы екеуін қатар алып келеді. Олар үшін әрбір жиналған жапырақ, жуылған көше, тазаланған жол – қалаға деген үнсіз қамқорлықтың белгісі.

Бетті дайындаған

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: