Бейсенбі, 26 желтоқсан, 14:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Тариф қымбаттаса да, газет қымбаттаған жоқ

12.11.2024

322 0

«Қараша-Желтоқсанмен сол бір екі ай» деп ұлы Абай өлеңінде айтылғандай, қыс қамы алдындағы қарбалас уақыт. Қараша айы қыстың хабаршысындай екені белгілі. Жайбарақат мезгіл артта қалып, елдің қысқы отын-суын, қыс азығын түгендеп, тіпті биылғы қыс қалай болар екен деп ауа-райы болжамына дейін үңілетін, базардағы бағаны да бір шолып, қыс дайындығын пысықтай түсетін мезгіл.  Ал біз үшін қараша айы газетке жазылу науқанының қыза түскен шағы.  Жасыратыны жоқ, жылына екі рет оқырман саны қалай болар екен деп қобалжитынымыз бар. Себебі технократтар дәуірінде жаңа медиа дәстүрлі медиамен бәсекеде газет оқитындар қатары жыл сайын азайып бара жатқанын да мойындаймыз. Ақпарат алақандағы смартфонда деп түсінетіндер де бар. Жылдам ақпарат таратуда әлеуметтік желілер алға шықты десек те, бүгінгі талғампаз оқырманға «өтті-кетті» дегеннен гөрі журналистік зерттеу, сараптамалық мақалалар өтімді. Тағы бір айтарлығы, заманға ілесем деп арзан дүниеге қызықпайтын, өз ұстанымынан айнымайтын дәстүрлі медианың орны бөлек, қашанда бәсі биік. Бұл орайда ұлт болашағына қызмет ететін баспасөздің көтерер жүгі жеңіл емес.  Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев журналистің еңбегі, БАҚ-тың қоғамдағы орны туралы: «Мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай. Біздің мақсат-мұратымыз ортақ», – деген еді. Қай заманда да, қандай қиын кезеңде де өз мүддесінен ұлт мүддесін жоғары қоятын БАҚ өз миссиясын адал атқарып келеді. Оқырманға нақты да шынайы ақпарат беру, ел бірлігіне сына түсірмей, халық көкейіндегі мәселені дөп басу, көкейтесті мәселелерді сараптап жазу – негізгі міндет. Дәл қазір әлеуметтік желілердегі қызылды-жасыл дүние қызықтырып, сәт сайын жаңалықтар лентасы көзді ашып-жұмғанша шыр айналып жатқанда оқырманның да  қалауы өзгерді. Уақыт талабы басқа. Жаңа медиа талабына сай болу үшін дәстүрлі медиа өкілдері де қол қусырып қарап отырған жоқ. Оқырманға қалайда нақты ақпарат,  талдау, сараптама, зерттеу ұсыну үшін журналистер де ізденіс үстінде. Жұрт тәуелді болған әлеуметтік желіні де дәстүрлі медианың көмекші құралы ретінде пайдалануға еңбектеніп жатыр. Әйтеуір, ақпараттар тасқыны ғасырында өз орнын сақтап қалуға жанкештілік байқалады. Мұндағы мақсат жалғыз ғана – оқырманға сапалы дүние ұсыну, ел бірлігіне сына түсірмеу. Талғампаз оқырманның талғамына лайық жақсы дүние ұсыну. Мұны көзі қарақты оқырман жақсы түсінеді. Бұл жолы да біз өз оқырмандарымызға үлкен үміт артамыз. Алдағы жылға өзінің сүйікті газетіне жазылып, әрбір жазылған мақалаға пікір айтып, хат жазады деп күтеміз. Сөз басында қараша қарбаласы туралы айтып қалдық. Қыс қамына тек материалдық емес, рухани тұрғыда да дайындық жасау маңызды. Отбасыңызбен бірге оқитын кітаптардың тізімін жасап, газетке жазылуды ұмытпаңыз. Айтпақшы, күзде баға қымбаттап, тарифтер өзгеріп жатқан тұста, біз бағаны өзгертпедік. Газет оқығысы келетін оқырманның жайын ойладық. Сүйікті газетіңізге жазылыңыз, құрметті оқырман!

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: