Жексенбі, 25 мамыр, 00:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38,2151
24.05.2025
PDF мұрағаты

Тарихтан сыр шерткен ғимараттар

24.05.2025

52 0

Ел тарихындағы қилы оқиғаларға куә болған бұл өлке күні бүгінге дейін саяси, экономикалық, мәдени байланыстардағы маңызын жоғалтқан жоқ. Оның куә­сі – аймақтағы көне қалалар мен қоныстардың орында­ры. Олардың әрқайсысы Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық тарихындағы мемлекеттердің дамуы мен саяси өмірінде өзіндік рөл атқарды. Сыр бойындағы осы ондаған қалалардың ішінде өз кезеңінде астаналық дәрежеге ие болып, тарихта қалған 4 қаланы ерекше атап көрсетуге болады. Олар: Арал маңын мекендеген сақтардың астанасы – Шірік-рабат, ортағасырлық Оғыз мемлекетінің астанасы – Жанкент, Қыпшақ хандығының, сонымен қатар Ақ Орда, Әбілқайыр хандығы және Қазақ хандығының астанасы болған – Сығанақ және 1925-29 жылдары Қазақ АКСР-нің астанасы – Ақмешіт (Қызылорда) қалалары.

1925 жылы Қазақ автономиясы құрылғаннан кейін, жаңа республика үшін астана таңдау мәсе­лесі алға шықты. Сол кездегі саяси жағдай мен инфра­құрылымға байланысты Қызылорда қаласы астана ретінде таңдалып, Қазақстанның орталығы болды.

Қызылорда қаласы ел астанасы ретінде, сол уақыттағы республиканың саяси өмірінде маңызды рөл атқарды. Ол жаңа республиканың қалыптасу кезеңінде  маңызды оқиғалардың куәсі болды.

Тарихтан сыр шерткен ғимараттар

Қазіргі кезде Қызылорда қаласының астана болған жылдары қаламыздың орталығында сол кезде салынған қалалық атқару комитетінің ғимараты сақталған. Ғимарат жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерт­кіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Ғима­ратта 1927-1990 жылдары қалалық атқару комитеті орна­ласқан. 1991 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «ҚазАвтоЖол» Қызылорда филиалы мекемесі орна­ласуда. Сондай-ақ қалада 11 тарихи ғимараттар бар.

1. Айтбай мешіті (2021 жылы реставрациядан өткен);

2. Құтқарушы Христос шіркеуі (2014 жылы реставрациядан өткен);

3. Бұрынғы приход училищесі (қазіргі дүкен) ғимараты;

4. Облыстық әскери комиссариаттың шақыру пункті (бұрынғы казарма) (2014 жылы реставрациядан өткен);

5. Теміржолшылар клубы ғимараты (2009 жылы реставрациядан өткен);

6. Теміржол милиция ғимараты (қазіргі Ақмешіт музейі) (2004 жылы реставрациядан өткен);

7. № 5 дүкен ғимараты;

8. Теміржол вокзалы ғимараты (2023 жылы күрделі жөндеуден өткен);

9. Қалалық монша ғимараты;

10. Транспорттық прокуратура ғимараты;

11. Көркем сурет шеберханасы ғимараты;

1. Айтбай мешіті ғимараты (республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші) – Айтбай қажының қаржысына Әулиеата шеберлері Ысқақ пен Камал салған. Мешіт ежелгі мұсылман культтік сәулет өнерінен өзгеше түрде салынды. Кеңес Үкіметі тұсында мешіт ретінде қызметін тоқтатып, 1950 жылдары кинотеатр ретінде пайдаланылса, кейін ол жерге мектеп-интернат, 1970-1971 жылдары тігін цехы, Қызылорда қалпына келтіру мекемесі орналасқан. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғимарат мешіт ретінде халыққа қызмет көрсетуде. 2021 жылы республикалық бюджет тарапынан қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

2. Құтқарушы Христос шіркеуі ғимараты (республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші) – Ақмешіт бекінісі патшалы Ресей әскерінің келуімен Перовск бекінісі болып өзгертілді. Перовск бекінісінде христиан дінін уағыздаушылар көбейіп елеулі рөл атқарады. Бекініске шіркеу қажеттігі туындап, 1855 жылы жылжымалы шіркеу ашылады. Оның негізін салушы поп Л.Гороховский болды. 1890 жылы шіркеудін жаңа ғимараты салына бастайды. Бұл құрылыс 1896 жылы пайдалануға беріледі. Шіркеу кең тараған жобаның баламасы. 1895-1939 жылдары орыс шіркеуі, 1939-1957 саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың отбасылары өмір сүрген, 1957-1980 жылдар аралығында облыстық музей, 1980-1991 жылдары бос тұрған. 1991 жылдан бастап Шіркеу ретінде халыққа қызмет көрсетуде. 2014 жылы республикалық бюджет тарапынан қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

3. Бұрынғы қыздар приход училищесі ғимараты (жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші) – 1878 жылы инженер, генерал Брюноның жобасы бойынша негізі қаланып, қыздар приход училищесі болып ашылды. Кейіннен мұнда Перовск орыс-қазақ училищесі, 1925-1929 жылдары Қызылорда астана болған жылдары ең алғаш республикадағы баспахана осы ғимаратта орналасқан. Атап айтсақ, мұнда Еңбекші Қазақ (Егемен Қазақстан) және Советская степь (Казахстанская правда) газеттері орналасты. Кейінгі жылдары бұл ғимаратта аяқ киім фабрикасы орналасып, тоқсаныншы жылдары жекешелендіру уақытында жекеменшікке өтіп, сауда орны ретінде пайдаланылып келеді.

4. Бұрынғы казарма ғимараты (жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші) – Қызылорда қаласының қалыптасу тарихындағы алғашқы сәулетті құрылыстардың бірі. Ғимаратта 1884-1920 жылдары әскери казарма, 1920-1990 жылдары әскери коммисариаттың шақыру пункті орналасса, 1990-2005 жылдары ғимарат бос тұрған. 2005 жылы ғимаратқа реставрациялық жұмыстар жүргізіліп, 2014 жылға дейін Қызылорда облысының мәдениет, тілдерді дамыту, құрылыс, қала құрылысы және сәулет басқармалары және Қызылорда облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы орналасты. 2014 жылы облыстық бюджет тарапынан қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

5. Теміржолшылар клубы ғимараты (жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші) – теміржол саласында қызмет атқаратын жұмысшыларға арналған клуб ретінде тұрғызылған. 1924-1990 жылдар аралығында В.И.Ленин атын­дағы теміржолшылар клубы ретінде жұмыс істесе, 1991 жылы жекеменшікке өткен. 2000 жылы мемлекет меншігіне қайтарылды. Ғимаратта 2000-2015 жылға дейін халық шығар­машылығын дамыту орталығы, 2015-2024 жылдар аралығында облыстық филармония орналасса, қазіргі таңда Қызылорда қалалық жастар театры орналасқан. 2009 жылы облыстық бюджет тарапынан қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

6. Теміржол милициясы ғимараты (қазіргі Ақмешіт музейі) (жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші) – Орынбор-Ташкент теміржол құрылысын салу кезіндегі кешенді құрылыстардың бірі ретінде салынды. Ғимаратта 1905 жылдан 2000 жылдарға дейін Теміржол саласындағы милиция бөлімшесі орналасқан. 2004 жылы ғимарат қайта жаңғыртудан өтіп, Ақмешіт музейі болып ашылып, халыққа қызмет көрсетіп келеді.

7. № 5 дүкен ғимараты (жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші) – Орынбор-Ташкент теміржол құрылысын жүргізу кезіндегі кешенді құрылыстардың бірі. Сауда орны ретінде салынған. Бүгінгі күнге дейін дүкен ретінде пайдаланылып келеді. Ғимарат 1991 жылы жеке меншікке өткен.

8. Теміржол вокзалы ғимараты (жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші) – Ташкент-Орынбор теміржолын салу кезінде тұрғызылған. Орынбор-Ташкент темір жолы – 1901-1905 жылдары салынып, пайдалануға берілген. Жалпы ұзындығы 2090 км, оның ішінде қазақ жері арқылы өтетін бөлігі 1660 км. Орынбор-Ташкент темір жолын салу ісі  II Николай патшаның 1901 жылдың 21 сәуірдегі бұйрығы негізінде қолға алынған.

9. Қалалық монша ғимараты (жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші) – 1905 жылы салынған. 1991 жылы ғимарат жекеменшікке өтіп, бүгінгі күнге дейін монша қызметін атқарады. Ғимарат бір қабатты күйдірілген қыштан, тікбұрышты кескін жоспарында. Іргетасы ленталық бетоннан. Ішкі қабырғалары әктелген. Шатырының екі жағы да еңісті, қаңылтырмен жабылған.

10. Транспорттық прокуратура ғимаратында (жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші) – 1905-1990 жылдары Транспорттық прокуратура орналасқан. Бір қабатты ғимарат күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Жоспар бойынша П-үлгісінде салынған. Іргетасы тастан қаланған. Ғимарат ҚР ішкі істер министрлігінің көліктегі ішкі істер департаментінің Қызылорда станциясындағы ішкі істер желілік бөлімінің қоймасы ретінде пайдаланылуда.

11. Көркемсурет шеберханасы ғимараты (жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші) – 1905-1990 жылдары көркемсурет шеберханасы қызметін атқарған. Бір қабатты, күйдірілген кірпіштен қаланған. Іргетасы ақ тастан қаланған. 1991 жылы жекеменшікке өткен. Қазіргі уақытта тұрғын үй ретінде қызмет атқарады. Көне ғимараттар – қала тарихының куәгері. Алайда уақыт өте келе ғимараттарды қалпына келтіруді қажет етеді. Әрине, бұл жұмыстарды олардың бастапқы келбетін сақтай отырып жүргізу керек. Күтімі жолға қойылған жағдайда ғана көне ғимараттарды сақтап, ертеңгі ұрпаққа жеткізе аламыз деп ойлаймын.

Е.Алданазаров,

облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы

КММ басшысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: