Ақиық ақын Мұқағали қазақтың ақын қызы Фаризаға арнаған өлеңінде:
«Біздерді де іздейтін жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз», – деген еді.
Көзі қарақты әрбір оқырманға таныс осы өлең жолының өзінде-ақ архив саласы мамандарының табан ет, маңдай терін көрсетіп тұрған тәрізді. Астарына үңілген жан демде түсінетіндей-ақ. Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Ал сол тарихты көзінің қарашығындай қорғап, ертеңге аманаттайтын жандар – архившілер. Саланың бел ортасында саналы ғұмырын адал еңбекке арнаған Гүлнар Рахметова – аймаққа белгілі жан. Ол жақында «Білім өркениеті» Ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері» атты республикалық байқауға қатысып, жеңімпаз атанды.
Еңбек жолын 1974-1978 жылдары туған жері Қазалы ауданының Үрмаш Түктібаев ауылында жұмысшы, мектепте лаборант қызметінен бастаған ол осы аралықта сан қырлы өмір жолынан өтті. Ал архив саласындағы жұмысы 1977 жылы облыстық мемлекеттік архивте ІІ дәрежелі архивист болып басталған. Міне, содан бері 40 жылға жуық уақыт осында тер төкті.
– Әдепкі кездері мен үшін түсініксіз, әлдебір жұмбақ болған архив ісі өзінің ерекшеліктерімен мені қызықтыра түсті. Иә, сол жұмысқа деген қызығушылығыммен зейнетке шыққанша еңбек еттім. Бірнеше сатыдан өттік. Архив қызметінде жүріп, жұмыстың ғылымилығы, болашаққа тарих болып қалатын құжаттардың сапалы сарапталуы терең білімді қажет ететініне көз жеткіздім. Жұмыс барысында 1989 жылы Мәскеу мемлекеттік тарих және архив институтының жанындағы білім жетілдіру курсында оқыдым. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін сала жаңарды. Жаңа қағидалар мен ережелер қалыптасты, – дейді өмір жолындағы тәжірибесін ойға алған Гүлнар Қуанышқызы.
Әрине, еңбек еленсе, қызметкердің биігі де сол емес пе?! Архив саласында қызмет атқарған уақытта кейіпкеріміз әдістемелік ұстанымдар құрастырды. Сараптау тексеру комиссиясында қаралып, облыс көлеміндегі архив қызметкерлері мен ведомстволық архив мамандарына көмекші құрал есебінде ұсынылды. Гүлнар Қуанышқызының қоржынында мұндай үлгідегі бірнеше еңбегі бар.
– Қызметтегі жылдары атқарған жұмысыма байланысты көптеген марапатқа қол жеткіздім. Архив жұмысының өміршеңдігі мен сұранысқа иелігіне байланысты әлде де архив ісінен қол үзбей, Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясында архив маманы болып еңбек етіп келемін. Кейінге қалдырар дүние көп. Ол – біздің мойнымызда, – дейді білікті маман.
Бүгінде ол «Е-Архив» бағдарламасын жүзеге асыруды ұйымдастыру, құжаттарды сапалы сараптау, архив қағидаларына сай жұмыс жүргізіп келеді.
Аян СПАНДИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!