Дүйсенбі, 09 маусым, 02:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№41 -2154
03.06.2025
PDF мұрағаты

Тарихтың тартып тамырын…

26.04.2025

408 0

Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына орай Қызылорда қаласының тарихы музейінде «Өшпесін тарих шырағы» атты дөңгелек үстел өтті. Сырдағы ғалымдар мен ұлт зиялыларының басын қосқан жиынға қала әкімінің орынбасары Бақытжан Омаров қатысты.

– Қызылорда – басына құт қонған мекен. Қазақ зиялы­ларының табаны тиген, ізі қалған, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өлке. Дәл осы қалада қазақ этнонимі қайта жанданды. Ұлт мерейі артып, ұлттық құндылықтар ұлық­талды. Ел тарихындағы жасампаз жылнамасы бастау алды. Қызылорда атауын ұсынған Сұлтанбек Қожанов болса, оны ойлап тапқан жерлесіміз Қоңырқожа Қожықов еді. Қазақтың астанасы болған Қызылорда қазақ халқын біріктіру жолындағы маңызды рөл атқарумен шектелмей, тарихымыздың жарқын беттерінің бірі болып қала бермек. Биылғы тарихи сәт – әрбір сырбойылықтың зор құрметі мен мақтанышы. Жыл көлемінде бұл бағытта көптеген іс-шара өтеді. Айтыс, конференциялармен қатар, «Қызылорда – Алаштың жүрегінде» атты кітап жарыққа шығады, – деді Бақытжан Бауыржанұлы.

Жиында сондай-ақ, Мемлекет басшысының алдағы Ұлт­тық құрылтайды Қызылордада өткізейік деген ұсынысы да жайдан-жай айтылмағаны, биылғы ғасыр тойының аясында өтетіні де сөз болды. Алғашқылардың бірі болып сөз алған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тастанбек Сәтбай Қызылорда қаласының астана болған кезінде ең ірі тарихи шешімдер қабылданғанын айтты.

– Қазақ мемлекетінің іргетасының қалануы, ұлт атауымен қайта қауышуымыз да, ұлт театрының ашылуы да, қазақ баспа ісінің де алғашқы қадамы осында болды. Кеңес Одағының кезінде 70 пайыз халқы қазақтан тұрған жалғыз қала Қызылорда болған. Қазақтың қалалық мәдениетінің қалыптасу кезеңі де өзгелерден бұрын Сыр өңірінде болды. Қалалық қазақтардың төртінші және бесінші ұрпағы да осында қалыптасты. Қызылорда әлі күнге тоғыз жолдын торабында орналасып, өзінің маңызын арттырмаса, төмендеткен жоқ.

Кеңес Одағы ұлт зиялылары ұсынған Түркі Респуб­ликасының құрылуынан қорықты. Ол Кеңес Одағының жарты аумағы болатын. Біз күшті болып кетер едік. Олар осыған кедергі келтіріп, «бөліп ал да, билей бер» деген саясатын жүзеге асырды. Біз сол Түркі Республикасы болуға ұмтылған төрт мемлекеттің бір-бірімен байланысын арттыруымыз керек, әліпбиді де бір-біріне жақындатуымыз керек. Бізді Кеңес Одағы бөлді, қолдан ажыратты, – деді профессор.

Дөңгелек үстелде философия докторы Дәулет Омаров, облыстық мемлекеттік архив қызметкері Айнұр Әлиасқарова, Қызылорда облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орта­лығының аға ғылыми қызметкері Азамат Есқалиев баян­дама жасап, қазақ мемлекетінің іргетасы қаланған Сырдың бас шаһары жөніндегі тың деректерін ұсынды.

– Сұлтанбек Қожанов 1924 жылдың желтоқсанында «Ақ жол» газетіне шыққан мақаласында «Орынбор – орыстар тұратын жер. Қазақтар тек шет аймақтарында ғана бар. Астана болар қала қазақтың ту тіккен жерінен болуы керек» деп жазады. Міне, осылайша Қызылорданы тұтас республиканың орталығы болуына алғашқы қадамдар жасалды, – деді Дәулет Омаров.

Қазақтың қазақтығы мен азаттығын, азат үнін қалып­тастыруда, мемлекеттіктің шекарасы шегенделіп, ұлт руха­ниятының биікке өрлеуіне алғашқы қадам болған Қызылорданың елге астана, Алашқа бас қала болғанының ғасыр тойы әлі де жалғаса бермек.

 Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: